Пайғамбарымыз аурудың алдын алу үшін қандай кеңес берген?

 

Рухы бай, денсаулығы мығым мұсылманның Аллаһ алдында сүйкімдірек болатынын айтып, аурудан сақтануды әрі аманат ретінде берілген денемізге жақсылап қарауды тапсырған. Сол себепті ауырып ем іздегеннен гөрі ауырмайтын жол іздеуді өсиет еткен. Ол үшін адам баласы тазалыққа аса мән беруі тиіс. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.а.с.)
«Тазалық – иманның жартысы » дей отырып, балаларының өсіп-жетілуінде материалдық әрі рухани тазалығына аса мән берген. Мысалы, Айша (р.а.) былай дейді: «Ұсама байқаусызда есіктің маңдайшасына басын соғып, бетін жарақаттап алды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дереу қан аққан жеріне қарап:
«Баланың қанын жуып тазала!» – деді. Мен жиіркенгендей біраз кідірдім. Аллаһ елшісі (с.а.с.) өзі қанды тазартып, бетін сумен жуды. Артынша: «Егер Ұсама қыз болғанда, әшекейлермен сәндеп, киім кигізіп сәндер едім» (Ибн Мажә, Никах, 49) – дейді».
Аурудың көбі астан келетіні белгілі. Осыны ескерген Пайғамбарымыз (с.а.с.) асқазанның қалыпты жұмыс істеуіне аса мән берген. «Асқазанның үштен бірін асқа, үштен бірін суға арнап және үштен бірін тыныс алуға қалдырыңдар» деп айтып отыратын. Көп тамақ жеудің денсаулыққа зияны өз алдына, ысырап болатынын да ескертетін. Ал дінімізде ысыраптың кез келген түрі харам болып саналады. Қомағайлықпен ретсіз жеп-ішу ысырапқа сеп болғандықтан оны ұнатпайтын. Бірде семіздеу бір кісіге «Бұдан гөрі кішкене арықтар ма едің?» (Хайсәми, Зәуайд 5/37 ) дегені бар.
«Китабу тыб» (ем кітабы) атты хадис кітабында Аллаһ елшісінің (с.а.с.) денсаулыққа аса мән бергендігі айтылады. Бала туылысымен құлағына азан мен қамат оқылуын бұйырып, «Осылайша Үммі сыбиян (Жас балаларға үйірсек жынның аты) балаға зиянын тигізбейді» (Азимабади 14/9; Бәйһақи; (әлсіз хадис) ) деген.
Хасан мен Хүсейінді барлық жын-шайтаннан, жануарлардан, көз тиюден қорғау үшін Құраннан кейбір аяттарды оқып, Аллаһтан амандық тілейтін. Хақ елшісі (с.а.с.) Үммі Сәламаның жанында көз тиюден жылаған балаға «руқия» (Науқасқа Құраннан «Фатиха», «Аятул-курси», «Әманар- расул», «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» және Пайғамбарымыздың кейбір хадистерін оқу арқылы Аллаһтан шипа тілеу «Руқия» деп аталады) оқуды бұйырады. Балалардың тамақ ісіну (ангена) себебінен тамақ бездерін алдырып тастауға тыйым салып, оның орнына «ғудул- һинди» (Ағаштың аты. Ағылшын тілінде «Aquilaria malaccensis» деп аталады) ағашының шырынын тамызу керектігін айтқан. Сахабалар осы секілді көптеген ауру балаларды Пайғамбарымызға (с.а.с.) әкеліп, емдеткен.

Денсаулыққа зияны орасан ішімдік ішуге, өлексемен қоректенуге, доңыз етін жеуге қатаң тыйым салған. Ауруларды жұқтыратын микробтардан ерекше қорғанып, дәретхана тазалығы, тамақтан бұрын және кейін қол жууды, жиі-жиі дәрет алуды насихат етіп, су ішкенде ыдысқа үрлеуге тыйым салған. Зинаның күнә болуымен қатар денсаулыққа да өте қауіптілігін ескертіп, мұны да пышақ кесті тыйған. Оның орнына ораза ұстауды, суға шомылып, ат ойындарымен айналысуды үйреткен. Бұл – біздің қазір насихаттап жүрген салауатты өмір салтының бір қыры.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *