Пайғамбарымыз елшілер мен қонақтарды қалай күтіп алатын?

 

Жоғарыдағы тақырыптардың бірінде айтылғандай, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзге елдермен байланысы Мәдинаға келгеннен кейін басталған.Мекке алынғаннан кейін алыс-жақын шет елдермен қарым-қатынас қарқын ала бастады. Жер-жердегі түрлі наным-сенім өкілдеріне құрметпен қарап, оларға да Хақтан келген хабарларды жеткізіп, өзінің пайғамбар екенін дәріптеген. Алыстан ат арытып жеткен елшілер мен қонақтарды мешіт ауласындағы шатырлар мен сахабалардың үйінде қонақ қылатын. Сахабалар меймандарға ерекше құрмет танытып, Исламның жақсы қасиеттерін көрсеткен.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) қонақтармен жақынырақ танысып, әңгіме- дүкен құратын. Тәуір киімдерін киіп, сахабаларына да соны тапсыратын. Егер келе жатқан кісі күн бұрыннан белгілі болса, сахабалармен жиналып олардың жақсы жақтарын сөз қылып хүснизан (Адамдар туралы жақсы ойлау) ететін. Таяғымен келгенге тай мінгізіп, аяғымен келгенге шапан жапқан өте қонақжай еді. Бірде келген қонақтардың астына киіп жүрген жалғыз шапанын төсеп күткенін бүгінгі күні тарих беттерінен танып отырмыз. Елшілерді жанына шақырып, елдерінің жақсы жақтарын тілге тиек ететін. Кейбірін үйіне арнайы шақырып, шығарып саларда құр қол жібермеуші еді. Алып келген сыйлықтан бас тартпай қабыл алатын. Бұған оның ерекше мән бергені секілді, өмірінің соңғы жылдарында сахабаларға да
«Елшілерге сендер де сыйлық беріңдер» (Бұхари, Жиһад 176-177.) деп өсиет еткен. Мұның сүннетте айтарлықтай орны бар.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қонақтары төртке бөлінді. Алғашқысы – жаңадан келген, Исламның жылуын көрмеген адамдар. Исламды оларға жақсылап таныстырып, дұрыстап күтпесе, өле-өлгенше дінімізді сол таныған күйі қабылдар еді. Ал олар тегін кісілер емес, әрқайсысы бір елдің атынан келген атқамінерлер еді, сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға ерекше құрмет көрсеткен.
Екінші топ – мұсылмандармен бұрыннан үлкен сыйластық орнатқан, бірақ өздері Исламды енді қабылдап жатқан тайпалар мен елдер еді. Бұлар Исламға сенетін, достығы орныққан бауыр басқан адамдар. Ендігі жерде

Пайғамбарымыз (с.а.с.) арадағы достықтың сүйегіне таңба түсірмеуді ойлайтын.
Үшіншісі, бір келетін қонақтар, алыстан ат ары- тып келетін ресми тұлғалар еді. Ислам мемлекеті танылғалы көрші елдер дипломатиялық қарым-қатынас орнату үшін өз елшілерін жіберетін. Бұлар дүниеге деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, ұстанған бағыты мен саясаты бар, белгілі бір мүддені көздеп келген адамдар болушы еді. Жай кетпей сынай кететіні тағы бар. Бұларға Ислам туралы жақсы пікірмен кетсін, келешекте бұлар да Аллаһтың хақ дінінен бақыт тапсын деп сый көрсетіп бағатын. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ахлағы мен болмыс-бітімі әһл-кітапқа кеңінен таныс.
Келетіндердің төртінші бір тобы соңғы пайғамбардың шын-өтірігін тексеруді мақсат етіп келетін яһуди мен христиан халқы еді. Олар кітаптарында айтылған пайғамбарды өз көзімен көру үшін келетін. Көбісі мақтаулы пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.с.) көре сала иман ететін. Елдеріне кеткеннен кейін де барған жерлерінде Исламды уағыздайтын.
Ғаламның рақым нұры (с.а.с.) мұнафық пен мұсылманға, кәпір мен кітап иелеріне де түгел мейірімін төге білді. Пайғамбарлық ісінің мүлтіксіз орындалуына да осы мейірімі сеп болған. Жоғарыдағы сахабаларына да соны тапсырған. Сахабалар да аз уақыттың ішінде адамзаттың асыл тәжінен (с.а.с.) алған тәлімінің арқасында Исламның іргетасын берік етіп іргелі ел қылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *