Пайғамбарымыз сапарда жүргенде дұға еткен бе?

 

Сапарға шығар кезде өзімен бірге алып жүрер әйелін таңдау үшін жеребе тастау оның бұлжымас әдеті болған. Жолға бейсенбі күні шыққанды жөн көруші еді. Таңертең ерте қозғалатын. Әлдеқайда әскер жөнелткенде де бейсенбі күні жіберетін. Көлікке мінерде аяғын үзеңгіге қойып, «Бисмилләһ» деп, отырғаннан кейін үш рет тәкбір айтатын. Сосын мына аятты оқитын: « Мұны біздің әмірімізге берген Аллаһқа мадақ. Біз өз күшімізбен оны бағындыра алмас едік. Ақыр аяғында бәріміз Раббымыздың алдына барамыз » («Зуһруф», 13) . Одан кейін мына дұғаны айтатын: «Уа, Аллаһ тағалам, жолымызда Сенен жақсылықты, жамандықтан қорғануды және Сенің жақсы көрген істеріңді сұраймыз. Бұл сапарды бізге жеңілдет. Жетер жерімізге жеткіз. Сапарда жол серігі болар Өзіңсің. Бала-шағаны тапсыратын уәкіл де Сенсің. Жол ауыртпалығынан, жолдағы сәтсіздік пен орта жолдан кері қайтудан және қайтып келгенде мал- жанымыздың бәлеге ұшырауынан Өзің сақтай гөр!»
Сапардан қайтқанда үйіне кірмес бұрын мешітке соғып, екі рәкат намаз оқитын. Содан кейін де дереу үйге кірмей, әйелдерінің үйді дайындап қоюы үшін біраз бөгеле тұратын. « Алыс сапардан келгенде тас болса да отбасыларыңа сыйлық ала барыңдар », – деп, ұзақ сапардан қайтарда сыйлық ала келуді дұрыс санаған. Әлдеқайда әскерін жөнелтіп ,жатқанда қолбасшыға кішкентай күнәлардан абай болуды, жанындағыларға жақсы қарауды мықтап тапсыратын. Өзі бастап барған жорықтарының ешқайсында шабуылды кеш түскеннен кейін бастаған емес. Таңды күтетін. Түстен кейін де шабуыл жасай беретін. Қаланы азат еткеннен кейін әділдік пен тәртіпті орнату үшін сол жерде үш күн аялдайтын. Ол жердегі адамдар қай дінді ұстанған болса сол дінінде жүруге рұқсат берген. Әскерінен жеңіс хабары келгенде, шүкір етіп сәждеге жығылатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *