Пайғамбарымызбен (с.а.с.) кездесерде садақа беру керектігі жайлы аят бар ма?

 

Пайғамбарымызға (с.а.с.) Исламды толық жеткізу ісі міндеттелген. Мұны ол бір сәтке де есінен шығарған емес. Сахабалар кез келген уақытта кез келген сұрағын сұрап, тұшымды жауап ала алатын, бірақ кейбіреулер мағынасыз сауал да қоятын. Осыған орай Аллаһ тағала елшісіне деген мейірімімен оны жұрттың орынсыз мазаламауы үшін мына аятты түсірген:
«Әй, иман еткендер, егер пайғамбармен оңаша сөйлеспек болсаңдар, алдымен (жоқ-жітікке) садақа беріңдер. Бұл өздерің үшін қайырлы әрі күнәларыңнан арылу үшін мүмкіндік…» («Мужәдәлә» сүресі, 1-13)
Ибн Аббас бұл аяттың түсу себебін былай баяндайды:
«Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабалармен сұхбаттасып отырғанда, кейбір мұсылмандар жанына келіп сыбырлап маңызды болсын-болмасын кейбір мәселелерді сөз ететін. Олар бұны өзін көрсету мақсатында істейтін. Уақыт өте келе бұлай істеу көбейе бастады. Алайда Пайғамбарға (с.а.с.) бұл ұнамады. Аллаһ тағала мұны тоқтату үшін осы аятты түсірді», – дейді. Ал Зәйд ибн Әсләм былай түсіндіреді: «Аллаһ елшісі өзімен сөйлескісі кез келген кісіні қабылдайтын, ешкімді кері қайтармайтын, бірақ кейбіреулер болмашы нәрселерді де жеке жолығып, сұрайтын болды. Сол уақытта Мәдинаға түрлі араб елдерінен қауіп төніп тұрған. Бір сахаба келіп, Пайғамбарымызбен сыбырлап сөйлесіп кетеді. Жанындағы сахабалар бұл кісінің не айтқанына алаңдайды. Сол медет шайтан кей кісілерге: «Мына адам, пәленше деген қауымның Мәдинаға шабуыл жасайтынын хабарлады» деген күмәнді ой салады. Бұл ой өсекке ұласып Мәдина халқына тарайды. Бір жағынан екіжүзділер мұндай мүмкіндікті қалт жібермей: «Мұхаммед естігенінің бәріне сенеді», – деп өсекті қаулатады. Міне, сондықтан, Аллаһ тағала осы аятты түсіру арқылы, Пайғамбарымызбен (с.а.с.) жеке немесе сыбырласып сөйлеспей тұрып садақа беру керектігін бұйырады. Ал Қатада бұл аяттың түсу себебін былайша түсіндіреді: «Кейбіреулер өздерін жоғары көрсету үшін, жанындағыларға өзінің Аллаһ елшісімен жақын араласатынын білдіру үшін жеке жолығуды сұрайтын», – дейді (Хак дини Қуран дили, Елмали Хамди, 7/468) .
Бұл садақа кедейлерге беріледі, өйткені Пайғамбар (с.а.с.) мен оның отбасының садақа, зекет алуы шариғатта тыйым салынған.
Кейбір Ислам ғұламалары бұл жердегі «садақа беріңдер» деген бұйрықтың мәндүп амал екендігін айтқан. Расулаллаһпен (с.а.с.) оңаша жолықпай тұрып садақа берудің біршама уақыттан кейін күші жойылғанын айтқандар да бар. Ал кейбір ғалымдар бұл үрдістің әркімнің өз еркіне қалдырылғанын айтады.
Аяттың соңында: «Егер бұған шамаларың жетпесе, Аллаһ сендерді кешірер. Раббың өте кешірімді, ерекше мейірімді» деп, кейбір кедейлердің садақа беруге шамасы жетпегендіктен, олардың Пайғамбарымызбен (с.а.с.) жеке жолығуына болатындығын білдірген. Бұл туралы сан алуан пікір бар. Мүмкін Аллаһ тағала осы арқылы Пайғамбарымызбен (с.а.с.) оңаша

сөйлесудің өзін бір бақыт екенін білдіруді мақсат еткен болар және бұл аят арқылы кісінің садақа беруін көбейтіп, сауапбын арттыруды, қоғамда бауырластықты орнықтыруды, пайғамбар дәрежесін белгілеуді мақсат еткенімен қоса, Елшісіне (с.а.с.) ерекше мейірімділік танытқан. Бір жағы, жұрттың бет алды қойған сауалдарын тыйған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *