Әһл-бәйіт деген кім?

Арабшада «әһл» сөзі «ие» «бәйіт» сөзі «үй» дегенді білдіреді. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «қара шаңырақтың иесі» дегенге саяды, бірақ дінімізде бұл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұрпағына ғана қатысты айтылған. Олар – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әйелдері, балалары, Али (р.а.) мен Фатимадан (р.а.) тараған ұрпақ. Аллаһ елшісі (с.а.с.) ұрпағының қызы Фатима мен күйеу баласы Алиден тарайтынын айтқан. Өз ұлдарының барлығы сәби кезінде шетінеп кеткен.
Барша мұсылман баласының әһл-бәйітке деген құрметі ерекше, өйткені осы тармақтан келгендер Ислам әлеміне көп қызмет етіп, жол көрсетуші ұстаздық атқарған, сондықтан «Ахзаб» сүресінің 32-аятында«Әй, Пайғамбардың отбасы, шын мәнінде, Аллаһ сендерден арамдықты аулақ қылып, өздеріңді кіршіксіз таза етуді қалайды» деп әһл-бәйітке деген құрметті баса көрсеткен.
Тарихқа көз тастайтын болсақ, әһл-бәйітке махаббатпен қарауда шектен шығып, Исламға қайшы әрекеттерге барған адасушылардың да болғанын көреміз. Шииттер мен Рафизилер осының бірден-бір мысалы.
Әһл-бәйітті Аллаһтың разылығы үшін, Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген құрметіміз үшін сүйеміз. Бұл Пайғамбарымызбен арадағы байланысты күшейтуге сеп болмақ. Егер бір мұсылман хазірет Алиді (р.а.), Хасан мен Хүсейінді (р.а.) жақсы көрсе, ол махаббаттың астарында Аллаһтың елшісіне деген құрмет жатыр. Хазірет Алиді, Хасан мен Хүсейінді қай мұсылман сүймесін?! Оларға деген махаббатымыз хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омарға деген құрметімізге ешқашан да сызат түсірмек емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *