АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕР ҚҰРУДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ
1917 жылы белең алған саяси өзгерістер Алаш қозғалысына жаңа мүмкіндіктер мен жауапты міндеттер жүктеді. Қазақ халқының тағдырына өздерін жауапты санаған Алаш қайраткерлері 1905 жылдан бері қарай қозғалып келе жатқан автономия мәселесін күн тәртібіне қойды. Ал автономияның басты негізі – ұлттық әскер екендігі анық.
Алаш əскерін құру мəселесі Ақпан төңкерісінен кейінгі жиын- дарда жиі көтеріліп тұрды. Мəселен, 1917 жылы 21-26 шілдеде өткен бірінші жалпы қазақ съезі. Съез бағдарламасына: «Осы күнгі дайын əскер орнына халық милициясы құрылсын» деген тармақ енгізілді [1, 406 б.].
Тіпті, осы съезде қолға алынған Алаш партиясы бағдарла- масының жобасындағы VІ тармағында: «Ел қорғау үшін əскер осы күнгі түрде ұсталмауы. Әскерлік жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызмет ету: əскер табына бөлгенде туысқан та- бына қарай бөлу. Әскерлік міндетін қазақ атты милиция түрінде атқаруы» [2, 44 б.] деп əскер мəселесіне тоқталып өтеді. Алайда, бірінші жалпы қазақ съезінде қозғалған милиция мəселесі нəтиже бермеді.
Ұлттық əскер құру ісінде ілгерілік танытқан Семей өңіріндегі жағдай жөнінде «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Милиция жа-
сау мәселесі» мақаласында былай сипаттайды: «Бұл Орынбордағы жалпы қазақ сиезінде қаралып шешілетін мəселе. Әзірге тыныштықты сақтап, талаудан аман болу үшін ғана волосной, уезд- ной, обласной милиция түрінде жасала бермек. Қарқаралыда 100, Баян Ауылда 100, Зайсанда 400, Алаш шаһарында 160 бақылаушы дайындалып жатыр. Делегатское собрание мен обласной комисса- риат жөн көріп, мылтық əперіп, үйретуші табуға ризалығын берді. Әр уезд, əр волос милиция жасау үшін күздігүні обласной кеңес бекіткен қаулыны орындауға кірісе беруі жөн. Кісі болса жалдап, болмаса ықтиярымен кірушілерді жазып, əр ел, əр ауыл-
най тиісті ақшаны жинай беруі керек» [3].
«Сарыарқа» газетінің № 24 санында: «Семей облысында еш- кім солдаттан, я басқадан зорлық көрген жоқ. Осы зорлықты, қоршылықты көргендей боламыз ба деп күн бұрын қазақ коми- теттері һəм обласной сиез қам қылды. Зайсан уезі басы 100 ми- лиция сайламақ болды. Басқа дуандар ауылнай басы бір-бір бақылаушының қаражатын көтермек.
Осы кезде Семейде 160 қазақ жігітін (милицияларын) үйретуге бір офицер алынды. Обласной комиссариат мылтық бермек. Әр үйезде осындай милиция сайлап, оларға да үйретуге офицер алынбақ һəм мылтықты комиссариат тауып беруге уағда қылды» — делінген [4]. Яғни, ұлттық əскер құру ісінде 1917 жылы жергілікті өңірлердегі қазақ комитеттерінің ықпалымен біршама талпыны- стар жасалды.
“Қазақ” газетінің 1917 жылғы қарашаның 14 санын- да жарияланған үндеуде “Өзімізді өзіміз қорғау үшін, бізге жалпықазақ милициясын құру керек… Егер өзімізді-өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылық айналғанда, қазақ халқы құрбан болады…” – делінген. Осы мақалада 5 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезін шақыру жөнінде үндеу жарияланып, барша аймақтардағы абыройлы азаматтарға сауын айтылады [5, 146-147 бб.].
Сондай-ақ, «Сарыарқа» газетінің қараша айындағы жарияланған санында: «Біз жұмыстың аса керектігі һəм шұғылдығына қарап, жалпы қазақ сиезін жасамақ болдық. Құрметті ақсақалдар, көзі ашық оқығандар, 5-ші декабрьге қарсы Орынборға келе көріңдер, бас қорғаудың қамы – милиция жасау-
ды кеңесеміз… Біздің сиез болатын кезде жалпы казак атаулының əскерлерінің сиезі болады. Сонда біздің де сөйлесуіміз керек» [6] деп Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда басшылары үндеу таста- ды. Міне, бұл телеграммада ұлттық əскер құрудың аса өзектілігі жəне казак əскерлерімен жақындасудың қамы жатқандығы анық байқалады.
Қазақтың қамын ойлаған азаматтар 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында өтетін екінші жалпы қазақ съезіне үлкен үміт артты.
Екінші жалпы қазақ съезінде Алаш қайраткерлері автономия жариялау, ұлттық əскер құру жəне Алашорда автономиясының Ұлттық Кеңесін жасақтау мəселесін күн тəртібіне қойды.
Съездің ең басты нəтижесі – Алаш автономиясын жариялап, Алаш əскерін құру ісінің жолға қойылуы болды. Съез жұмысында əскер түзу мəселесі əр облысқа төмендегідей міндеттелді: Бөкейлік, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, һəм Жетісу облыстарын- дамилиция саны 13500 болуға тиіс. Бөкейлікте – 1000, Оралда – 2000, Торғайда – 3000, Ақмолада – 4000, Семейде – 1500, Жетісуда
– 2000 [7]. Орынборда өткен екінші жалпы қазақ съезінің атқарған тарихи миссиясының бірі мемлекеттің тірегі саналатын ұлттық əскер құру ісіне Алаш автономиясы негізінде заңды түрде қолға алынуы болды. Алайда, Алаш əскерінің құрылуы саяси оқиғаларға байланысты Қазақстаның əр аймағында əрқилы жүзеге асырылды. Әскер жасақтау мəселесі Алашорда үкіметін Уақытша үкіметпен, Сібірлік саяси ұйымдармен ымыраласуға итермеледі. Мəселен, Алаш автономиясына қарасты аймақтардан жиналуға тиіс 13500 милицияны үйретуге 135 офицер, 270 инструктор керек болған. Әскер үйретуге қатысты мұндай мамандарды атты казак-
тардан алуға мəжбүр болды.
Алаштанушы Ерлан Сайлаубайдың зерттеулеріне қарағанда: Семей облысында Алашорда əскері 1918 жылы қаңтар жəне мамыр айларында жасақтала бастайды. Екінші жалпы қазақ съезінің қаулысына сəйкес, Алашорда үкіметінің Орталық коми- теті Семей қаласының «Заречная слободка» деген бөлігіне 1918 жылдың қаңтар айының бас кезінде келіп орналасады. «Зареч- ная слободка» Семей жұртшылығы арасында «Алаш қаласы» атауымен 1917 жылдың желоқсан айынан бастап белгілі бола
бастаған. Міне, сол «Алаш қаласы» маңындағы қырда І Алаш атты əскер полкының жасақталу тарихы басталады [8, 11 б.]. Семейде Алаш əскерінің құрылу барасында бүкіл жұртты елең еткізген оқиға – 6 наурыз күні таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз жаттығу өткізіп жатқан милиция басшысы Қазы Нұрмұхамедұлының большевиктердің қолынан оққа ұшуы болды [9]. Бұл кезде Семейде Алашордамен қатар большевиктік билік те үстемдікке ие болатын.
1918 жылдың 18 маусымында «Свободная речь» газетінде облыстық қазақ комитеті мүшесінің хабарлауынша, Алашорда басшылары бастаған 300-ге жуық жасақ жəне 35 орыс офицер-ин- структорлары бар топ қалаға келіп кіргені баяндалса [10], сол күні шаңқай түсте Алаш қаласына ұйымдасқан 500 аттылы əскер офи- цер-инструкторларымен бірге келген. Қала тұрғындарымен кезде- суге келген əскерді земство өкілдері жалынды сөздерімен қарсы алды. Бұл топтың арасында Алашорда Кеңесінің төрағасы Әлихан Бөкейхан да болды [11]. Сол кезеңдегі саяси ахуалға байланы- сты жергілікті аймақтарда үстемдік ету большевиктік үкімет пен Уақытша үкімет билігін арқа тұтқан Алашорда үкіметі арасында алма-кезек ауысып отырды.
Жергілікті «Свободная речь» газетінің кезекті санында: «19 ма- усым күні кешкі 6-лар шамасында жасақ қалада болып, Никольский шіреуі жанындағы алаңда салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Жиында штаб полкы бастығының көмекшісі Папин, штаб адъютан- ты капитан Виноградов жəне Уақытша Сібір үкіметінің өкілі Да- выдовтар сөз сөйледі. Кездесу кезінде алаңға келген ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның құрметіне подполковник Тохтамышевтың бұйрығымен атты əскер «Алла» деп ұрандады.
Әскердің ақ түсті туында қазақ тілінде «Жасасын Бүкілресейлік жəне Сібір Құрылтай жиналысы», «Жасасын Отанның адал ұлдары» деген жазу болды. Жалынды сөздер айтылған кезде- су отаншылдық рухта өтті» [12] деп баяндалады. Мұндай əскери шерулердің өткізілуі жергілікті халықтың Алашорда үкіметіне де- ген сенімін күшейту жəне халық арасында ел қорғау ісіне қазақ жастарын тарту мақсатында болды деп тұжырымдауға болады.
Әлихан Бөкейхан 1918 жылы 25/12 маусымда «Бек тығыз. Семей уезінің земский управасының бастығы Ахметжан
Қозыбағарұлына. Семей уезінен болыс басына 30 милиционер алуға қаулы қылынды. Осы жігіттерді тоқтаусыз жиясыз. Жиылған азамат, ат Семейге келеді. Алаш Орда бастығы Ғалихан» [13] деп қойған №2 қатынас қағазындағы нұсқауға орай Ахметжан Қозыбағаров іле-шала 26 маусымда Семей уезінің барлық болы- старынан ат-əбзелдерін сайлап, 30 жігіттен милиция даярлауды қатаң тапсырады.
Алашорда үкіметінің заңнамалық құжаттарындағы Алашор- да əскери кеңесін құру туралы 11-24 маусымдағы үкімет төрағасы Ә.Бөкейхан, мүшелері М.Тынышпаев мен Х.Ғаббасов қол қойған қаулыда: «Алашорда жанынан үш адамнан тұратын əскери кеңес құрылсын, оларға əскери министрліктің қызметі кіреді. Алашорданың уездік жəне облыстық бөлімшелерінің жанынан əскери кеңестер ашылсын. Әскери кеңес большевиктерге қарсы күресте əскер қатарына жігіттерді шақыруға міндеттеледі» [14, с. 109] деп көрсетілген. Яғни, əскери кеңес құру арқылы Алашорда үкіметінің əскери жүйесі біршама жолға қойылған.
Алашорда əскерін жасақтауда Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Әбікей Сəтбаев, Ахметжан Қозыбағаров, Биахмет Сəрсеновтар белсенді атсалысты. Мысалы, Сібір үкіметінің Семейдегі əскери штабында өкіл болып қызмет атқарған Ахмет Байтұрсыновтың орнына Әлихан Бөкейханның бұйрығымен Әбікей Сəтбаев тағайындалды [15].
Алашорда əскеріне қатысты қаулылар мен заңдық күші бар құжаттарда үкімет басшысы ретінде Әлихан Бөкейханның қолы мен Алаш полкының командирі Хамит Тохтамышевтың аты-жөні кездеседі.
Алашорда əскеріне аянбай қызмет етіп, сол жолда құрбан болған қайраткерлердің бірі – Отыншы Әлжанов. Отыншы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанын өткен екінші жалпы қазақ съезінде құрылған Алашорда үкіметінің Ұлт кеңесі құрамына қабылданған 15 қайраткердің бірі болды [5]. Азамат соғысы жылдарында Жетісу өңірінде бұқара халыққа қорған болу үшін Алаш əскерінің Жеті- су бөлімін жасақтады. Шілде айында еліне жолдаған хатында:
«мұндағы жұрттың басына қиямет-қайым туды, қатын-баламды алып кетіңдер, бұл ел қан жылап, қырғынға ұшырып жатқанда, мен жан сақтап, бұларды тастап кете алмаймын. Өлсем-тірілсем
де бірге көремін» [16] деп өңірде орын алған соғыс сипатын аңғартқан. Жетісу өңірінен Үржар арқылы Қытайға өтіп кетпекші болған Отыншы жасағы Көктұмада большевиктермен қақтығысқа түседі. Жау əскер Отыншы бекінген диірменді өртеп жіберіп, Алаш қайраткері ерлікпен қаза табады [17, с. 131]. Отыншының қазасы туралы үзеңгілестерінің басылым беттерінде жариялаған қазанамалары қайраткердің Алаш мүддесі үшін орны толмас шығын екендігін аңғартады. Атап айтар болсақ, Міржақып Дула- тов «Жас азамат» газетінде жариялаған қазанамасында: «Ұлтың үшін қан жыладың, қамын жедің, қызықты ғұмырың абақтыда, айдауда өтті. Сонда да тауың шағылмады. Қамалға шаптың, қанға боялдың, қаза таптың, бірақ, «арманда кеттім, Алаш көргенін көре алмадым» деме. Сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас. Хош, бауырым!» [16] деп егіле жазды.
Жалпы əскер мəселесі автономия жариялаудан бұрын қозғалған болатын. Әскер құру үшін арнайы офицер-инструкторлар мен юн- керлерлер дайындайтын оқу орындарын ашу міндеті тұрды.
Алаш қаласында əскер құру ісіне байланысты қазақ ұлтынан офицер мамандарды даярлау үшін 1918 жылдың күзінде офицер- лер дайындайтын медресе ашылады. Бұл медреседе Ғабдолла Қоскеев, Ахмет Әуезов, Смағұл Әмзин, Омар Ермұхаметов, Ғабдолхақ Ғабдолрахимов, Хакім Бейсекеев сынды қазақ жастары оқып, əскери өнерді меңгере бастаған. Офицерлік мектептің ашы- луына Хамит Тохтамышев ұйытқы болды. Атап өтерлігі, осындай юнкерлік училище Жымпитыда да ашылды [18, 114 б.].
Алашорда тілегіндегі қазақ басылымдары «Қазақ»,
«Сарыарқа», «Жас азамат» газеттері мен «Абай» журналында əскер мəселесі қозғалған мақалалар жиі жарияланып тұрды.
1918 жылы тамызда Құрылтай жиналысы комитетіне Алаш автономиясын мойындату мақсатында барған Әлихан Бөкейхан Алашорданың орталық басқармасына телеграм жолдап: «Бар күшті ұлт əскерін жасауға салыңдар; Россияны тірілтетін тіреу – бар жұртының əскері; Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі; сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш əскері. Алаш полкын, не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нəрсені қаншаға бол- сын қарыздануға қорғанбаңдар. Жеткілікті қару алыңдар. Алаш əтрəдының Орал, Торғай шығармақпыз» [19] деп ұлттық əскер жасақтау ісін жетілдіруге шұғыл тапсырмалар берді.
Алашорда əскерінің оңтүстік-шығыс майданда елеулі жетістік- терге жеткендігі мұрағат құжаттарымен сол кезеңнің тыныс-тір- шілігінен хабар беретін басылымдарынан анық байқалады.
1918 жылдың 6 шілдесінде Әлихан Бөкейханның Башкұрт автономиясының төрағасы Зəки Уəлидиге жазған жеделхатында:
«Жетісу облысы большевиктерден тазартылды. Қазақтар, казак- тар мен офицерлер большевиктік əскерлердің қалдықтарын жою- да. Алтай губернясына біздің əскери жасақтар жіберілді» [20] деп өңірдегі саяси жағдайды айтып өтеді. Атап өтерлігі, Зəки Уəлиди Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханның негізгі одақтастарының бірі болды.
Алашорда үкіметі ел ішінен арнайы нұсқау арқылы жігіттер жинаумен қатар ерікті қазақ жасақтарын да ұйымдастыру ісін қолға алды. Бұл əрекет нəтижесін берді. Мысалы, кейбір осын- дай ерікті қазақ жасақтары оңтүстік майданда ерлікпен шайқасып жатқандығы орыс тілді басылымдар жариялап жатты.
Осындай қазақ еріктілерінің əрекеттері туралы Алашорда үкіметінің іс басқарушысы Серікбол Ақаев Әлихан Бөкейханға жіберген жеделхатында: «Мұса Сергиопольды алуға қатысты жəне бір өзі тоғыз қызылдың басын алды. Большевиктер Үржардан қашып кетті. Олардың соңынан Ғабитхановтың жасағы жіберілді»
[21] деп Алаш əскерінің кезекті жеңісін хабарлайды.
1919 жылы 11 ақпанда адмирал Колчактың Сібір үкіметімен келіссөз барысында Сібір үкіметі өкілінің «милицияны қалай түсінуге болады?» — деген сауалына Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейхан: «Біздің милиция – бұл əскер. Олар іс жүзінде əрекет ету- де: біздің 700 жауынгеріміз Жетісу майданында, 540 Троицкіде, 2000 адам Орал облысында. Жетісу майданындағы жеңістер біздің жігіттердің ерен ерлігінің арқасында» [14] деп жауап қатты.
Милицияның керектігі: заман күштінікі, қару-жарақтынікі, атты-тондынікі. Әскер жасап алмасақ, осындай астаң-кестең аударыспақ заманда елімізді, жерімізді, мал басымызды қорғап ала алмаймыз, көрінгеннің ауызында кетеміз, жұрттығымыздан айы- рыламыз, бұл — бір.
Сыртқа елеулі ел бола алмаймыз, сыбаға ала алмаймыз, осы күнде ұялғанынан бермейді, қорыққанын сыйлайтын заман – екі.
Милициямыз болмаса, елге айбарлы, əмірін тыңдатарлық, тəртіп, тыныштық орнатарлық үкімет бола алмаймыз, халық бас- сызданып малша жайылып кетеді – үш [22].
Алаш əскерін жасақтау ісіне Алашорда қайраткерлерімен қатар елдің ауқатты азаматтары да үлкен үлес қосқан. Тіпті, əскер қажетіне жігіттерді тарту, ат-көлікпен қамтамасыз ету мəселесі де солардың тарапынан өтеліп отырды.
Семей қаласының қазіргі заман құжаттама орталығындағы Алаш қозғалысына қатысты “Список организатров Алашского конного партизанского полка, участников организации против Со- ветской власти 1918 года Правительства Восточной Алаш-Орды” деп аталатын құжатта Алаш атты əскерін ұйымдастырушылардың қатарында Алаш қайраткерлерімен бір қатарда ел ағалары, қазаққа абыройлы азаматтардың есімдері аталады [23].
Тіпті “Сарыарқа” газетінің 1918 жылғы №44 санында Алаш əскерінің Алтай өлкесіндегі ерліктерін былайша баяндаған: “Алтай губерниясында ұрыс жүргізген Алаш отрядында Тұрағұл Абаев, Биахмет Сəрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқтар Бегметов, Ғабдолда Қаскеев т.б. ерлікпен шайқасты” [24].
Мəселен, Семей өңірінде Алашордаға ниеттес болған Қаражан Үкібаев [25], Ике Әділов [26], Ақкенже Аймағамбетов [27, 239
б.], Ыбырай Ақпаевтардың [27, 452 б.] 1928 жылғы тəркілеуге қатысты жеке істерінде олардың Алашорда үкіметімен байла- ныстары, Алаш əскеріне қызмет жасағандығы, қаржылық жəне материалдық тұрғыда қолдау көрсеткендігі негізгі айыптары ретін- де көрсетілген.
Семейдің мұрағаттар қорындағы: «Материалы об организа- ции боевого отряда милиции Все киргизским Народным Советом Алаш-Орды» — деген деректен Семей қаласында жасақталаған Алаш əскеріне Шыңғыс елінен көп азамат қатынасқанын көруге болады:
Аршалыдан – 12, Қызылмоладан – 29, Мұқыр болысынан – 99, Шыңғыс болысынан – 21, Бұғылыдан – 27, Машан, Шағаннан – 26, жиыны 144 адам тіркелген.
Атты эскадронға: Қызылмоладан – 22, Бұғылыдан – 8, Машан- нан – 4, Аршалыдан – 12, Шағаннан – 12, жиыны 48 адам өздерінің атымен, азығымен келгені айтылған [28, 113 б.].
Алашорданың батыс бөлімінде əскер жасақтау ісінде Жимпи- тыдағы 18-23 мамыр аралығында өткен қазақ съезінің өзіңдік маңызы бар. Бұл съезде Орал əскери үкіметімен большевиктерге қарсы бірлесіп күресуге келісім жасалды. Келісім бойынша Ба- тыс Алашорда басшылары Орал əскери үкіметіне қаржылай жəне əскерге керекті ат-көлікпен қамтамасыз етуге міндеттелсе, қарсы тарап Жимпитыда 6 айлық юнкерлік училище ашуға, қазақ жігіт- терінен əскери мамандар даярлауға тиісті болды [29, с. 388-389].
Тіпті, Алашорда басшылары 1918 жылдың шілде-тамыз айла- рында Құрылтай жиналысы комитеті жəне Сібір үкіметі басшы- лармен болған кездесуде Алашорда əскеріне қажетті көмек алуға қол жеткізді. Бұл туралы «Жас азамат» газетінде: «Қазақтың ми- лиция – əскеріне қару-жарақ беру жағынан бұлар тоқтау қылатын емес. Жоғарыда Досмұхамедовтер Орал қазағының əскері үшін Самар үкіметінен 600 мылтық, бірнеше пулемет алып, Орынбор арқылы елдеріне жіберді» [30] деп айтылды.
Алашорданың батыс бөлімінде əскер құру ісінде ауқатты аза- маттары да аянып қалмаған. Мысалы, Алашорда қайраткері, ауқатты азамат Иса Көпжасаров əскер қажетіне 100 жылқы атаса [31, 39 б.], Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров 1918 жылы ақпанда Орал қазақтарының Қаратөбеде өткен үшінші съезінде Алаш əскеріне өз табынынан 200 бас мініс жылқы бөліп берген [32]. Сонымен қатар, Алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тоба-
нияз тобы да тілекші болып, əскери қолдау көрсеткен [33, 91 б.]. Сондай-ақ Алашорданың Торғай бөлімшесі 300 мылтық пен
20 мың патронға ие болды. Орынбор казак əскерлерінің атаманы Дутовтың тікелей көмегімен Қостанай жəне Ырғыз уездерінде екі атты полк жасақтау жүзеге асырылды [5].
1919 жылдың басында-ақ ұлттық мемлекеттік құрылымдар ақ гвардияшылардан теріс айнала бастады. Ең алдымен татарлар, одан соң башқұрттар əскерімен қоса Кеңес үкіметі жағына өтті. Бұл шынымен де онсыз да əлсіреп тұрған антибольшевиктік күштердің ыдырауына басты себептердің бірі болды. 1919 жылдың соңы мен 1920 жылдың басында Алашорда таратылды. Алашорданың əскери құрылымдары толықтай қызыл əскер құрамына өтті.
Түйін. Алаш қайраткерлері үшін автономия мəселесі қаншалықты маңызды болса, сол мемлекеттік құрылымның
қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық əскер құру ісі де басты назарда тұрғаны анық. Содан болар, автономия жариялау бары- сында ең алдымен əскер құру ісіне аса мəн берді. Екінші жалпы қазақ съезінің өзекті мəселелерінің бірі – əскер құру болғандығы құжаттарда айқын көрініс тапқан. Саяси тұрақсыздық белең алған кезеңде Алаш автономиясының 2 жыл үш ай мерзімде өмір сүруіне тірек болған ұлттық əскер екендігі дау турдырмайды.
Алаш əскерінің Алашорда үкіметінің қорғаныс жүйесі, мем- лекеттік мəртебесін айғақтайтын негізгі тетік болғандығы ақиқат. Ендеше Алашорда əскерінің құрылған күні, яғни 25 маусым əр қазақтың тарихи жадында Алаштың айбынды рухы ретінде сақталуы тиіс.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- «Қазақ» газеті – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас ре- дакциясы, 1998. – 560 бет.
- Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. Полное собрание сочинений в 9 томах. / Құрастыран: Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы. – Астана: Сарыарқа, 2013. Т. – 530 б.
- Сарыарқа. 1917. №23. 5 декабрь
- Сарыарқа. 1917. №24. 12 декабрь
- Нұрпейісов К. Алаш һəм Алашорда. Алматы: Ататек. 256 б.
- Сарыарқа, 1917, № 20, 13 ноябрь
- Сарыарқа. – 1918. — № 29. – 25 қаңтар.
- Сайлаубай Е. Алашорда əскері // Абай. 2000, № 1, 11-16 бб.
- Сарыарқа. 1918. № 34. 18 март
- «Свободная речь», 19 июня 1918 года, №162.
- «Свободная речь», 21 июня 1918 года, №164.
- Свободная речь, 1918., №165.
- ШҚО ҚЗТҚО. қ.48, тізім 2, іс 1, 139 п.
- Алаш-Орда: Сборник документов.
/Составитель Н. Мартыненко. – Алматы: Малое издательство
«Айқап», 1992. 192 стр.
- ШҚО ҚЗТҚО. 48 қ, 2-тізім, 1-іс, 139 п.
- Жас азамат. № 4, 25 тамыз
- Альжанова С., Тулемисова Г. Беркут Алаш-Орды. – Алма- ты, 2008, 180 с.
- Шаяхметов У. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін»: Оқу құралы. – Алматы, 2001. – 149 бет.
- Абай, № 10, сейсенбі, 25 тамыз, 1918 жыл
- Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Желтоқсан, 1917 ж. – мамыр 1920 ж. Движение Алаш. Сборник документов и материалов. Декабрь 1917 г. – май 1920 г. – Алматы:
«Алаш», 2005. Т. 2, 445 б.
- Газета «Сибирская речь», 1918 года, №32.
- Абай, 1918, № 8, 1 август
- ШҚО ҚЗТҚО,қор 1п, тізім 1, іс 21, парақ 7 Сарыарқа, 1918, №44.
- ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, 4 тізбе, 71 іс, 14 п.
- ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 1а, 17 іс, 53-54 б.
- Нəсенов Б. «Абыралы қанды жылдары (1905 – 1945)». Екінші бөлім. Құжаттар жинағы. Алматы – Новосибирск. 2006 ж. 644 б.
- Жанболатұлы Молдабек. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі: Үш томдық. – Алматы: Курсив, 1-ші том. 520-бет.
- История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник доку- ментов и материалов. Т. , Уральск, 2012 – 464 стр.
- Жас азамат. № 5, 1 қыркүйек
- Жетпісбай Н. Қобдалық Алаш қайраткерлері // Қазақстан мұрағаттары. № 3 (11)/ 2009. 34-46 бб.
- Орал өңірі. 27 қараша.
- Сүлейменова Д.Д. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы. Тарих ғылымдарының кандидаттығына дайындаған диссертация- сы, Алматы. 2004. – 138 бет.