ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІНІҢ ЖАРИЯЛАНУ ЖАҒДАЙЫ  

ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІНІҢ ЖАРИЯЛАНУ ЖАҒДАЙЫ

 

Жұрнаш А.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

 

 

Қазақ ертегілерін жинаумен және жариялаумен айналысқан орыс ғалымдарының бірі – А. Васильев. Ол 1890 жылдан  бастап қызмет бабымен,  Торғай облысын  аралап, сол өңірдің қазақтарынан ертегілерді жинап, қағазға түсірумен айналысқан. Жинаған ертегілерін жүйелеп,

 

сұрыптап, 1898 жылы «Образцы киргизской народной словесности. Вып.1» атты жинағын жариялайды. Жинаққа тек қазақ ертегілері кірген, олар: Тазша бала; Қарашаш қыз; Ермағамбет, Қарымбай батыр, Алтын айдар, Шал мен кемпір, Ербосын батыр, Бай баласы мен сұлу қыз, Алтын пышақ, Оқыған бала, Әлібек, Қырық құлақ, Қара қылыш, Алдар Көсе, Амалшыл Бекжан, Сарт пен қазақ, Залым ұры, Түлкі, Түлкі мен тырна, Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек, Томай баласы (өтірік ертегі), Үш ағайынды жігіт (өтірік ертегі).

1906 жылы А. Васильев тарапынан Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» қайта даярланып, басылады. Хрестоматияның жаңа үлгісіне Васильев ақынның өз қолжазбаларынан алынған деп, «Алтын айдар», «Тазша бала», «Қара батыр» ертегілерін қосады. Негізінде соңғы екі ертегі 1898 жылы шыққан Васильевтің өз жинағынан алынған болатын. А. Васильев жинап, жариялаған 23 қазақ ертегісінің 13 үлгісі қазақ ертегілері жинақтарында басылып, көпшілікке жол тартты. Олардың қатарында төмендегі ертегілерді атауға болады: «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «Амалшыл Бекжан», «Тазша бала», «Әлібек батыр», «Түлкі мен тырна»,

«Қайсысы үлкен», «Қаратай», «Түлкі», «Қарашаш қыз», «Құйыршық», «Алдар Көсе мен тоңғақ», «Алдар Көсе мен бай баласы», «Шал мен кемпір».

А. Васильевтің ертегілерді жинаудағы өзіндік ерекшелігі ретінде жинаушының  жазып  алған үлгілерін  орыс тіліне аударып, жариялауы  деуімізге  болады.  Мәселен, ғалымның

«Карлыгаш», «Ахмет и хан», «Золотой нож», «Бухарец и казах» атты аударма ертегілері кейін В.М. Сидельников даярлаған «Казахские сказки» көптомдық жинағына енді. Васильевтің 1898 жылы жариялаған жинағының түрнұсқасы белгісіз себептермен, ҚР ҰҒА ОҒК-ден жоғалып кеткен.

Н.Н. Пантусов еңбегінде мәтіннің лингвистикалық ерекшеліктерімен қатар этнографиялық маңызын да саралаған. Мысалы, биік таулардың басында түрлі аруақтар мекендейтіні туралы халықтың көне наным-сенімін келтіру арқылы ғалым қазақ халқының таным-түсінігінен нақты деректер келтіреді. Сондай-ақ Каф таулары, жалмауыз кемпір, жезтырнақ, перілер, т.с.с. ертегілік бейнелер жайында түйген пайымдауларымен бөліседі.

Кітап шартты түрде үш бөлімге жіктелген: бірінші бөлімде – араб әрпімен берілген қазақ тіліндегі мәтін. Оның көлемі он бетті құрайды. Келесі бөлім – кириллица негізінде жазылған қазақ тіліндегі мәтін, ол кітаптың сегіз бетін алып жатыр. Үшінші бөлімде ертегі мәтінінің орыс тіліндегі аудармасы берілген. Аударманың көлемі он екі бетті құрайды. Жинақтың әр бөліміне жеке тоқталар болсақ. Бірінші бөлімнің басында орыс тілінде «Киргизский текст» деп басталады да, әрі қарай араб тілінде жалғасады. Араб тілінде «Қарамерген деген қазақтың ғажайып ертегісі» делінген және жақшада «1898 –інші жылда 10 қыркүйекте» деген ескертпелер жазылған. Бұл жинақтың үшінші рет басылуы болғандықтан, оның алғашқы басылымдарынан ерекшеліктері кездеседі. Атап айтар болсақ, соңғы басылымда беттердің реті алдыңғы басылымдарындағыдай оңнан солға қарай емес, керісінше солдан оңға қарай бағытталған. Әр бетте жиырма екі жолдан жазылған және мәтін соңы «Таммат тәмам» деп аяқталған.

«Материалы к изучению казак-киргизского наречия» атты кітаптың төртінші шығарылымында бір қудың өмірді ұры болып бастап, соңында хан болғаны туралы ертегі берілген. Жинаққа құрастырушысы – Н.Н. Пантусов тарапынан ертегі мәтіні, оның транскрипциясы мен аудармасы енгізілген. Кітап 1901 жылы Қазан қаласында орналасқан Императорлық Университет баспаханасында басылып шыққан. Кітаптың ішкі бетінде С.Петербург цензурасы тарапынан жариялануға рұқсат 1901 жылы 20 июльда берілгені туралы ақпарат жазылған. «Жинақтың араб әрпіндегі мұқабасында : «Жетісу қазағының арасында жиып алған Николай Пантусов», — деген дерек бар [1,70 б.].

Ертегі мәтініне аударма  жасаушы  туралы  деректі  біз ғалым Сұлтанғали Садырбаевтың

«Қазақ фольклорын зерттеген орыс оқымыстылары» атты мақаласынан кездестіреміз: «1901 жылы  Н.Н. Пантусовтың  «Материалы к  изучению  казах-киргизского наречия» деген  шағын

 

кітапшасы Қазан қаласында басылды. Онда бір қудың өмірін ұры болып бастап, соңында хан қалай хан болғаны айтылады. Ертегінің негізгі идеясы: біздерді кімдер басқарып отыр. Солар болыс болады, хан болады деген ойды астарлап білдірген. Оқиғасы өте қызық. Араб әрпімен басылған, орыс тіліне аударған К. Шегиров (Чигиров)»[17, 26 б.].

Кітапқа кіріспе ретінде профессор Н. Катановтың сөзі жарияланған және онда ертегінің қысқаша мазмұны беріледі. Сонымен қатар ертегінің нұсқалары басқа да түркі халықтары фольклорында кездесетені айтылады. Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – ертегінің араб әрпімен жазылған қазақша мәтініне арналған. Екінші бөлімді қазақша нұсқаның орыс тіліндегі транскрипциясы құрайды. Кітаптың соңғы үшінші бөлімінде мәтін орыс тіліне жолма-жол аударылған. Мұнда кейбір қазақ сөздеріне түсініктемелер беріліп отырған, мысалы, желмая сөзі «одногорбый быстроногий верблюд» деп аударылған. Жинақ хрестоматия үлгісінде жазылған.

Н.Н. Пантусовтың жинағы хрестоматиялық үлгіде жазылған. Дегенмен хрестоматияға енгізілген фольклорлық үлгілер мәтіндерінің үш түрде (араб және орыс әрпінде, орыс тілінде аудармасы) берілуінің өзі осыған дейін жарық көрген жарияланымдармен салыстырғанда ілгерілеушіліктің белгісі болды. Біріншіден, Н.Н. Пантусов ертегі мәтінін араб әрпімен беру арқылы түпнұсқаны берудің ғылыми талабын орындайды және шығыстық білім алған жергілікті халықтың көпшілігіне рухани мұраға деген қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Екіншіден, ертегі мәтінін кириллица әрпімен беру арқылы ғалым орыс түркітанушылары мен шығыстанушыларының, сондай-ақ орыс тілінде білім алған қазақтардың фольклорлық үлгімен танысуына мүмкіндік береді және орыс тіліне деген қызығушылықтың артуын ескереді. Үшіншіден, мәтінді орыс тіліне аудару орыс ғалымдарының арналғандығын бағамдаймыз.

Ертегі тақырыптары алғашқы үш ертегі мәтінінің қасында жазылмаған. Мұны ертегі мәтіндерінің көлем жағынан шамалы болуымен (біріншісі – екі бет, екіншісі – бес бет, үшіншісі – төрт бет, ал төртіншісі – үш бет) байланыстыруға болар. Жинақты құрастырушы ғалым ертегі тақырыбын мазмұнында көрсетіп, жинақтың ішінде арнайы жазуды қажетті деп таппаған.

ХХ ғасырдың басында қазақ ертегілерінің жариялануы мен насихатталуында маңызды рөл атқарған жарияланымдардың бірі – А.Е. Алектровтың «Киргизская хрестоматия» еңбегі. Бұл еңбек бұқаралық, ағартушылық бағытта оқу құралы ретінде жазылған. Еңбектің ерекше атап өтер ерекшеліктері: үйде және сыныпта орындауға арналған тапсырмаларының болуы, орыс тіліне аударуға қажетті мақалалар жинағының суретпен берілуі және орысша-қазақша сөздіктің қамтылуы. Хрестоматия алғаш рет 1898 жылы Орынбор қаласында жарияланады. Оқу құралы ретіндегі негізгі мақсаты орыс тілін меңгертуге арналған. Алғы сөзінде оқу құралына енген мәтіндердің қыстың ұзақ кештерінде оқылуы ықтимал екені ескертілген. Сондықтан мәтін мазмұны алдымен орыс тілінде ауызша айтылуы керек және содан кейін жазбаша тапсырмалардың орындалуы қарастырылған. Хрестоматияға бала санасына қабылдауға жеңіл, көлемі шағын жүз мәтін енген. Балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, олар дидактикалық принципке сәйкес бірте-бірте күрделеніп отырған. Қосымша қарастыруға ұсынылатын оқу құралдарының тізімі де берілген. Оқу құралының мазмұнында мәтін тақырыптары екі тілде: орыс және қазақ тілдерінде жазылған. Мәтендер, олардың тақырыптары кириллица әрпіменберілген. Мұнда енген мәтіндер бірден жүзге дейінгі сандармен белгіленген және ретімен тізбектелген. Мәтіндердің араб әрпіне негізделген түпнұсқаларынығ орыс тіліндегі аудармаларының болмауы оқу құралының негізгі мақсаты ағартушылық сипатта болғанын айғақтайды. Яғни ғылыми мақсат көзделмеген және хрестоматияны құрастырушы халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқу материалдары ретінде пайдаланған. Дегенмен, кириллица әрпімен қағазға түскен мәтіндер де тілтанушы ғалымдарға зерттеулеріне қажетті материалдар бола алады деп ойлаймыз.

 

Мәтіндер балалар үшін танымдық және ақпараттық мақсатта қолданылған. Оқу құралын құрастырушы А.Е. Алектров іріктеп алған жүз шақты мәтіннің жиырма төрті халық ауыз әдебиеті үлгілерінің қатарына жатады. Фольклорлық жанрлардың арасынан ертегілер жиі кездеседі, атап айтар болсақ, «Айтыс», «Ешкі мен қасқыр», «Қасқыр мен түлкі», «Байлық»,

«Шал мен өлім», «Әділ қазы», «Жиренше шешен мен Алдар көсе», «Шайтан» турасында т.б. жинақталған [18, 107 б.].

Ә.А. Диваев өзінің фольклортану ғылымы бойынша жүзден аса түрлі тақырыптар мен бағыттардағы мағлұматтар мен мақалалар жариялаған. Солардың арасындағы үлкен маңызға ие, көлемді еңбектерінің бірі — «Сырдария аймағының есеп-санақ материалдарының жинақтарына» (І-ХІ томдар, 1891-1915 жылдардағы) енгізілген этнографиялық материалдары болып табылады. Жинаққа ғалым Ә.А. Диваев ондаған қазақ ертегілері мен аңыз-әңгімелерін енгізген, ондағы мақсаты қазақ халқының этнографиялық ерекшеліктерін көрсету. Сол себепті жариялауға мәтіндерді іріктеу барысында оқырман қауымға қазақ халқының халықтық шығармаларына тән сипаттарды барынша қамтыған туындыларды ұсынуға тырысқан. Диваев өзінің фольклор үлгілері мен этнографиялық материалдарды жариялау тәжірибесінде кеңінен қолданған әдіс – түсініктемелер мен толықтырулар жазып отыру әдісі әлі де маңызын жойған жоқ.

Қазақ фольклорын әрі насихаттауда, әрі жариялауда 1924 жылы ерекше маңызды оқиға болды. Ол Ә.А.Диваевтың қазақ-қырғыз әдебиті үшін қырық жылдық еңбегінің тойына орай Түркістандық Қазақ-қырғыз Білім комиссариаты ғылыми-көпшілік сипатта Ә.Диваев жинаған әдебиет түрлерінен тізілген «Тарту» атты кітабының басылуы. Ол хрестоматия түріндегі Ташкенттегі Түркістанның баспасөз мекемесінен жарыққа шықты. Хрестоматия туралы М.Әуезов төмендегідей деректер келтіреді: «Хрестоматияның сыртқы мұқабасында: белгілі фольклортанушы Ә.А. Диваевтың суреті; еңбек аталымы; не мақсатпен басылғаны; яғни қазақ- қырғыз әдебиеті үшін қырық жылдық Ә.А.Диваевтың еңбегі тойына арналғаны; құрастырушысы белгілі ақын Мағжан Жұмабаев екендігі сөз болды» [19, 30 б.].

«Тарту» жинағында халық ауыз әдебиеті үлгілерінің барлық түрі қамтылған. Жинақта қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрып, жол-жоралғыларына қатысты тұрмыстық жырлар мен ертегілер енгізілген және құрастырушы – М. Жұмабаев тарапынан жүйеленіп, жіктеліп берілген. Жинаққа барлығы 27 қазақ ертегісі енгізілген. Хрестоматияда қамтылған  мәтіндердің жанрылық ерекшеліктері ажыратылып, бірінің ертегі, енді бірінің – тұрмыс-салт жыры екені анық көрсетілген. Бұны біз қазақ фольклортану ғылымындағы, оның ішінде фольклорды жариялау ісіндегі жетістік деп бағалаймыз. Дегенмен, жинақтың кемшіліктерін де айта кеткен жөн болар, 1) жинақтың тақырыптық мазмұнының болмауы; 2) үлгілердің жиналуына қатысты деректердің кездеспеуі. Бұл кемшіліктер сол тұстағы фольклорды жариялау жұмыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылмауын және оған қажетті ғылыми негізменің әлі қалыптасып болмағанын айғақтайды.

Ә.А. Диваев жинап, «Тарту» жинағына енген қырық екі фольклор үлгісінің он жетісі кейін Кеңес үкіметі кезінде араб графикасынан кириллица әрпімен көшіріліп, қайта жарияланғаны белгілі.Мысалы, «Қазақтың халық творчествосы» атты кітапқа Ф.Оразаева мен Т.Сыдықовтардың   басшылығымен   «Жалайдар   хан   мен   Сағат»   (1924   жылғы   жинақта

«Жалайдар хан һәм Сағат» деп берілген – Н.Ж.), «Шық бермес Шығайбай», «Алдар көсе мен Алаша хан», «Суайт тазша», «Тоғыз таз», «Түлкі, тасбақа һәм кене», «Түлкі мен маймыл»,

«Ақылды етікші», «Үш ауыз сөз» ертегілер енгізіледі. Жоғарыда аталған ғалымдар Ә. Диваев жинаған фольклорлық материалдрдың ғылыми басылымын даярлаумен айналысқан. Бұл басылымдардың біраз бөлігі 1992 жылы Ә.А. Диваевтың атымен шыққан «Тарту» жинағында қамтылады. Ә.А. Диваевтың 1989-1992 жылдар аралығында жарық көрген жинақтарында 1924 жылы М. Жұмабаевтың құрастыруымен Ташкенттен шыққан «Тарту» жинағы туралы мағлұмат кездеспейді. Мұны Кеңес үкіметі тұсында «халық жауы» деген жаламен репрессияға

 

ұшырап, еңбектері зиянды деп танылуымен және М.Жұмабаевтың кеш (1989 жылы) ақталуымен байланыстыруға болады.

Кеңес үкіметі тұсында еңбектеріне тыйым салынып, соның салдарынан зерттелмей қалған М.Ж. Көпейұлы, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы, Ә. Бөкейханұлы сынды қазақ фольклортанушы ғалымдардың қатарында Мағжан Жұмабаевтың да есімін атай отырып, оның фольклортану ғылымындағы еңбектері ескерілмей жатқанын айтқымыз келеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ған бұл бағытта біраз зерттеулер жүргізіліп жатыр және бұл ретте профессор Н.Қ. Жүсіповтың «М.Ж. Көпейұлы – фольклорист» атты еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Қорыта келсек, М.Жұмабаев белгілі фольклортанушы-ғалым Ә. Диваевтың қазақ халқының фольклорлық мұраларын жинау мен жариялау ісіне қосқан үлесі зор екенін дәлелдей білген.

М.О. Әуезов  атындағы Әдебиет  және өнер институты өткен ғасырдың сексенінші жылдарында «Қазақ фольклорының үлгілері» атты көптомдық басылымды дайындап жарыққа шығаруды қолға алды. 1986-1990 жылдар аралығында «Көптомдықтың» 16 томы, атап айтқанда: ертегінің алты томы, айтыстың үш томы, эпостың бес томы, дастандардың екі томы жарық көрді. Қорыта айтқанда,  кеңес заманында  фольклорлық туындыларды  жариялауда игі істер атқарылғанын байқаймыз. Оқырманға кеңінен танымал болған қазақ эпостарын, ертегі, айтыс, мақал-мәтелдерді, халық әндерін т.б. фольклорлықүлгілерді көптеп жарыққа шығару барынша өріс алды. Олар жанрлық принцип бойынша жарияланып отырды, демек фольклорлық мұраларды   жанрлық принцип бойынша жариялау біржола мойындалып айқындалды. Қазақ фольклортанушылары     бұрынғы      КСРО-да      алғашқылардың     бірі      болып      фольклор шығармаларының ғылыми басылымын әзірлеп жарыққа шығаруды жолға қойды. Жарық көрген фольклорлық басылымдардың негізгі типтері: көпшілік, ғылыми-көпшілік және ғылыми болып жіктеледі және олар әр алуан пішін мен түрлерде (балаларға арналған, хрестоматиялар, т.б.)

жүзеге асырылды.

 

 

Әдебиет:

  1. Жүсіпов Н.Қ. Қазақ фольклортану ғылымы: ХХ ғасырдың бірінші жартысы / Н.Қ.Жүсіпов. – Павлодар, 2007. – 380 б.
  2. Садырбаев С. Қазақ фольклорын зерттеген орыс оқымыстылары. // Ақиқат. – 2006. №9. – Б. 23-29
  3. Әуезов М.О. 17 том. Алматы: Жазушы, 1969. – 478 б.
  4. Әуезов М.О. Әдебиет туралы / М.О.Әуезов. – Алматы: Санат, 1997. – 293 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *