ПРОФЕССОР С. НЕГИМОВ ЗЕРТТЕУІНДЕГІ CҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

ПРОФЕССОР С. НЕГИМОВ ЗЕРТТЕУІНДЕГІ CҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

 

Шапауов Әліби

(Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті)

Қабыкен Мағжан

(Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті shapau@mail.ru)

 

 

Жаратылыс табиғатынан белгілі әр уақытта заманынан кейде өте туатын тұлғалар болады. Сондай тұлғалардың бірі, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ әдебиетінде ерекше есім, ақиық ақын – Сұлтанмахмұт Торайғыров.

Ғылыми, танымдық, энциклопедиялық кітаптардың барлығында: «Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы сол кездегі Көкшетау өңірінде (қазіргі СҚО), Қызылту ауданы, Шағырай болысында дүниеге келген. 3-4 жасынан бастап ата-бабасының қонысы Баянауылға көшеді»,- деп анықтама берілген.

Сұлтанмахмұттың шығармалары тұңғыш рет кітап болып 1922 жылы Қазан қаласында, араб әріптерімен «Адасқан өмір» деген атаумен үш дастаны басылғаны белгілі [«Айтыс» дастаны да бар]. Құрастырушысы ХХ ғасыр басындағы қазақтың белгілі ақыны, өмірі қыршын үзілген талант Бернияз Күлеев. Екінші рет кітап болып, ал шығармаларының толық жинағы ретінде 1933 жылы, сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында, жазушы-драматург, өнерпаз арысымыз Жүсіпбек Аймауытовтың үлкен парасаттылығының арқасында жүзеге асты. Ақын Сұлтанмахмұттың қолжазбаларын жиыстырып, шын ниетімен қамқор болған, нәтижесінде аласапыран заманнан бүгінгі ұрпаққа аманат етуде Жүсіпбектің еңбегі бірінші

 

орында. Бүгінгі күнге шейін Сұлтанмахмұттың шығармалары кітап ретінде он төрт рет баспа бетін көрді.

Қазақ әдебиеттануында сұлтанмахмұттанудың ғылыми негізін салушы профессор Бейсенбай Кенжебаев. Зерттеуші Б.Кенжебаев 1947 жылы «Сұлтанмахмұттың ақындығы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1949 жылы «Сұлтанмахмұттың ақындығы», 1958 жылы «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» [Осы еңбектің негізінде 1959 жылы докторлық диссертация дайын болды. – Ш.Ә.], 1968 жылы “Сұлтанмахмұт Торайғыровты зерттеу, тану мәселесі”, 1973 жылы «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері», “Әдебиет белестері”, “ХХ ғасыр басындағы әдебиет”, 1975 жылы «Асау жүрек» және т.б. кітаптары мен бірнеше зерттеу мақалаларын ақынның шығармашылығына арнады.

Профессор Б. Кенжебаев біріншіден, С.Торайғырұлы әдеби мұрасын жинаушы, екіншіден, Сұлтанмахмұттың шығармаларын 1944, 1950, 1957, 1962, 1987 жылдары бір, одан кейін екі томдық және таңдамалы шығармалар жинағын құрастырып, жарыққа шығарушы, үшіншіден, ақын шығармаларының тағдырын зерттеуші, төртіншіден, Сұлтанмахмұт шығармаларының мәтіншісі (текстологы), бесіншіден, С.Торайғыров жайында түсірілген деректі фильмнің сценарий авторы, алтыншы, сұлтанмахмұттану тарихын қоса жазған зерттеуші.

Жалпы сұлтанмахмұттануға үлес қосушы ғалымдар қатарына: Ж.Аймауытов, Б.Күлеев, М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Ы.Дүйсенбаев, Б.Шалабаев, Қ.Мұқаметханов, Т.Кәкішев, А.Еспенбетов, Е.Өтебаев, Д.Ысқақ, Қ.Ергөбеков, Б.Мамыраев, Т.Жабағин, Л.Ақбаева және бүгінгі мерейтой иесі ғылым докторы, профессор Серік аға Негимов есімін ерекше атауға болады.

Профессор Серік Негимов «Сұлтанмахмұт Торайғыров және дін» атты күрделі ғылыми еңбегінде: «Асылы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық өнернамасына ұлттық рух, сыншылдық көзқарас, трагедиялық сарын, психологиялық тереңдік, эпикалық серпін, лирикалық сипат, драмалық тартыс, көркемдік пафос, сыршылдық, ойшылдық мәнер тән»,- дейді (Негимов С. «Таным мен пайым». «Арыс» баспасы, -Алматы-2009 ж, 149 бет).

ХХ ғасыр басындағы елдегі аласапыран жағдай Сұлтанмахмұтқа қатты әсер етті. Осы кезде елдің тұрмысын алға қарай жылжытып, қазақ халқына бостандық әпереді деген [«Таныстыру» дастанындағы] зиялылар қауымының әрекетіне көңілі толмады. Қасіретке толы халық өмірі ақынды қала мен даланың айқасына, әкеліп соғып, дүниеге «Айтыс» дастаны келді.

Профессор С.Негимов Сұлтанмахмұт ақынның «Айтыс» дастанына тоқталып, оның тарихи, танымдық және тақырыптық-жанрлық белгілеріне де терең бойлап барғанына көз жеткіземіз.

Сұлтанмахмұттың “Айтыс (қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны)” атты дастаны жариялылықтың жарық сәулесі түскенше жабық шығармалар сөресінен орын алып келгені, дастанға “байшылдық-ұлтшылдық пиғылды әспеттейтін зиянды шығарма” деген ат қойылып, айдар тағылып, тұтқындық күй кешкені мәлім.

«Айтыс» дастанында оқиға тұтастығы жоқ. Дастан екі адамның әңгімелесуі, пікірсайысы түрінде жазылған. Дастанның мақсаты – қос ғасыр тоғысында қоғамдық жаңа биікке көтерілгелі тұрған қазақ секілді халықтың бойындағы кемшілігі, жетістігі қандай екенін таразылау. Дала ақыны, қала ақыны – бірі ескіні қолдаушы, бірі жаңаны жырлаушы сипатында көрінеді. Бірін — бірі сыйлай отырып сынайды, бірінің ұлттық жетістік деп тапқанын екіншісі дәлелді оймен талдай келіп, бүгін оның да жаңалыққа, жақсылыққа саналмасын айтады.

“Айтыс” – әдебиеттің ерекше атап, тоқталуды қажет ететін түрі, ғасырларға жалғасын таба беретін қасиетті өнері. Ал, Сұлтанмахмұттың “Айтыс” дастаны тіпті бөлек, ол екі ақынның айтысы, қаһарман ретінде “қала ақыны мен дала ақыны” деп алып екеуін ортаға шығарып, ауыздарына сөз салып айтыстырады, тартыстырады. Бұл жерде драманың да

 

элементтері молынан кездеседі. Ақын Сұлтанмахмұтты ХХ ғасыр басында қазақ даласында болып жатқан саяси жағдайлар қатты толғантып, өзінше баға бергізген шығармасы.

Қала адамының ауыл адамына менсінбей, паңдана, кекірлене, кемсіте қарайтын алғашқы аман-саулығы былай өрбиді:

Қала ақыны:

Сен кімсің семіз, толық тән жағынан? Өгіздей бар шығарсың әл жағынан.

Көрінген көрнегіңнен, жүрісіңнен, Топастығың білінген ар жағынан.

Қала ақынының бұл тосын сауалына бірден ашуланып – аптықпай, ежелгі даланың табиғатымен, парасаттылығымен жауап қайтарады, дала көркін сымбатты жырға бөлейді, елінің ерлігін паш етеді.

Ғалым С.Негимов «Алашты» ұран қылып айтатын да Сұлтанмахмұт деп ерекше атап өтеді. Дала ақыны:

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға “алаш” деген атты аламын.

Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын? Ерікті ен даланың құсынша ұшып, Ержеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.

Сен құсап сармасадай ілбиткен жоқ, Қаланың көшесінде жоқтық қысып.

— деген жолдар толық мысал бола алады.

Сұлтанмахмұттың «Айтысы» «қазақ» деген кім?, даласының қандай екенін, жағдайлары қалай, қандай кәсіппен шұғылданатынын, дінін, ділін, әдет-ғұрпын, салт-санатының қандай екенін айтқысы келіп, өзі кейіпкер етіп алған «қала ақыны мен дала ақынын» айтыстырады. Ақынның қыр адамы, қыр төсінде туып, өскендіктен және шынында даланың барлық табиғаты артықтығына көзі жете отырып, «дала» ақынына бүйрегі бұрыла сөйлетеді. Сұлтанмахмұт екі ақынды бір-біріне сынатады, кемшіліктерін айттырады. Шығармада сөз болатын ата қоныстың тұтастығы, дін, ана тілі мәртебесінің, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрдің берік сақталуы, дамыған өнер-білім мен бір бүтін ауыз бірлік болуы қажет екенін ескертеді.

«Айтыстағы» әр жайдан әңгіме қозғап, сөз сайысына түскендердің жөн – жобасы қилы- қилы. Даланың намысын қорғаушы ақынның тұрағы мен түсінігі бесенеден белгілі, ал оның қаланың атынан сөйлейтін қарсыласы біздіңше «уақытша үкімет». Негізінде ақын Сұлтанмахмұт қалаға, қала тіршілігіне, мәдениетіне қарсы емес. Қос ғасыр тоғысында қазақ даласындағы тіршілікті астарлап болса да көрсете білген көріпкелділігі.

Профессор С.Негимов: «Айтыс» дастаны – Сұлтанмахмұттың саяси бағдарламасы»,- деп атап өтеді. Атап айтқанда: сол уақытта армандаған қазақтың өз алдына автономия алуы, төл өнеркәсіп, тіл теңдігі, ұлттық қорғаныс, ата заңы, жер туралы заңы т.б. көкейтесті шешімдері ғасыр соңында ғана шешімін тауып жатыр.

Дастанда бірден халықтың жақсы өмір сүру үшін не істеу керек екендігі туралы сөз болып отырады. Лирикалық кейіпкердің «Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын», — деп айқайлап дүниеге келеді және шығарманың өне бойында «меннің» дауысы басым естіліп, оның өмірлік жолы өзек болады, жырланады. Дастанда баяндалатын ойдың нәрлісі ақындардың жауаптасуынан кейін қала ақынының берген жауабы:

Қала ақыны:

Қазақта не бар еді сүйетіндей? Кетуіне қайғырып күйетіндей. Сөйлеші, қане маған, не бар еді,

 

Соншама жүрек сүйіп иетіндей?

  • деп, сол қараңғыда бөгде жандардың жанарына ілігерлік, сезімін тербетерлік несі болған, қазір содан қалған жұрнақтар бар дегенге саятын іші-сырты кедір-бұдыр сауалына:

Дала ақыны:

Сүйдіріп жүрегімді тартқан менің, Сарыарқа, сары дала – туған жерім. Көк күмбездің астында көк масаты, Сәулемен алтындаған сары белім,

  • деп басталатын жолдардан ақынның туған жеріне деген ыстық махаббаты аңғарылады.

«Айтыс» дастанының бір алуан тармақтары «алаш» жұртының ерте замандардан бері дамып кележатқан салт-дәстүрін, тұрмыс өрнегін сипаттайды. Сұлтанмахмұт далалықтарды хал-ахуал тұрғысынан біркелкі емес екендігін де есінен шығармайды. Өлең жолдарына кезек береміз:

Дала ақыны:

Сағынам билерімді кең ақылды, Адамға жегізбейтін ақ – мақұлды. Құдай өзін туғызған іштен би ғып, Білмейтін төре айтқанда жат-жақынды, Кебежеқарын кең құрсақ кемеңгерім.

………………      ………        …………..

Кәпірдің сақта құдай қаламынан! Дала жайын білмейтін наданынан. Қазақ ісі қалаңа қараған соң, Әзірейілдің адал ісі арамынан,

  • деп дала ақыны қазақ ауылындағы билік айту өнерін, дәстүрін орынды мадақтайды.

«Қағазсыз, полициясыз» екі ауыз сөзбен дау дамайды тиятын, төрелік айтқанда туралықтан таймайтын билерді қаланың парақор, қиянатшыл соттарына қарсы қояды.

Ғалым Серік Нығметтолаұлы: «Сұлтанмахмұт поэзиясы мен прозасында мынадай араб- парсы сөздерін жиі пайдаланатынын, атап айтқанда: «ақыл, ғылым, иман, ахуал, ақиқат, тағат, сабыр, тәсбиық, хадис, аят, жұмақ, тозақ, бақ, ар, ұят, ырыс, уәзін, адам, әлем, заман, медресе, мектеп, шариғат, рух, мағнауи» және т.б.

Дастанда дарындылықпен суреттелген мәселенің бірі – жыршы-жыраулардың шығармашылық өнері. Дала ақыны:

Даламның ақындарын айтсам сізге, Үлгіге сөз патшасын содан ізде.

Миға тамақ, жүрекке сусын беріп, Даңқы кеткен ақын көп бұл үш жүзде. Қазақтың өміріне айна болған,

Өмірге илһәм құйылар жайда болған. Қалың топта домбыра қолына алса, Жаратқыштық бір қуат пайда болған Айқай сап домбыраны қағып-қағып, Содан соң көзді жұмып кеткен ағып,

,- деген тармақтар соның кейбір сәттері ғана. Хан мен қараның ертелі-кеш елі үшін атқарған аумақты істерін, достық пен жарастықты, ерлік пен жомарттықты шабыттана толғап, алашына өмір бойы ақысыз-пұлсыз тегін қызмет еткен өрелі таланттардың мәрттігін ұрпақтар есінде мәңгі қалдыру.

 

«Анам тілі»,- деген тіркесті де тұңғыш қолданған адам – Сұлтанмахмұт.

 

Сүйемін туған тілді — анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім. Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,

Сол тілменен дінді, әдетті мен жаттадым,- деп түйінді тұжырым жасайды. Дінге жол ашқан, хақ жолын нұсқаған тіл құдыретін әрі діни ұстанымын паш етеді.

Профессор С.Негимов Сұлтанмахмұттың шығармашылығы жайында: «Ұлттық поэзия тарихында жойқын ақындықтың телегейі, жанартаудай жалыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қолтаңбасы, шеберлік дәстүрі айрықша. Әсіресе, діни-философиялық және түркілік дүниетаным жүйесі. Ол поэзия тілінде адамның ішкі рухани тазалығын, араб- парсының діни дүниетанымындағы негізгі ұғымдарды қолдана отыра асқақтата суреттейді»,- деп қорытындылайды

 

 

Әдебиет:

  1. Сұлтанмахмұт Торайғыров /Екі томдық шығармаларының толық жинағы. Құрастырушылар: А.Еспенбетов, Б.Мамыраев, Қ.Ергөбеков/.–Алматы: ҚР ҰҒА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. «Ғылым», —
  2. Кенжебаев Б. Ақын – жазушы, ақын – ойшы//«Қазақстан мектебі» журналы, № 10,
  3. Кенжебаев Б. Асау жүрек. – Алматы: Жазушы.
  4. Кенжебаев Б. Сұлтанмахмұт Торайғыровты зерттеу, тану мәселесі. –Алматы: ҚазМУ.
  5. Өтебаев Ермек. Сұлтанмахмұт//”Сарыарқа самалы” атты Павлодар облыстық газеті. № ,
  6. Өтебаев Е. Жасасын, алаш, жасасын //«Ана тілі» газеті, 25 сәуір.
  7. Жұмағалиев Задан. Құпиясы ашылған қос дастан//”Жас алаш” республикалық газеті. № , 7 — тамыз, 1993 жыл.
  8. Мұсағитов Мүсілім. “Айтыс …” поэмасы неге аяқталмаған?//”Сарыарқа самалы” атты Павлодар облыстық газеті. №44,
  9. Еспенбетов А. Сұлтанмахмұт Торайғыров. –Алматы: Ғылым.
  10. Негимов С. Сұлтанмахмұт Торайғыров және дін//Кітапта: Таным мен пайым. — «Арыс» баспасы, — Алматы-2009, 148 бет.
  11. Шапауов Ә. Сұлтанмахмұт халық және оның болашағы туралы //”Сұлтанмахмұт тағылымы” атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияның материялдары. Т. 1., Павлодар: ПМУ баспасы. 2003.
  12. Шапауов Ә. С.Торайғыровтың “Айтыс” дастанының құрылымы және көркемдік ерекшелігі

//”Мәшһүр – Жүсіп оқулары” атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияның материялдары. Павлодар: ПМУ баспасы. 2003.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *