ӘЛЕУМЕТТІК ФАНТАСТИКА ЖАНРЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕЛЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Сагындыкова А.Б., Ақмағамбетова Б.Е.
(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)
Аңғал, жадағайлау арманнан жаралған әлеуметтік фантастика – фантастика жанрының тұңғышы. Өз қоғамында туған, өз қоғамына қызмет етуге жаралған оның бүгіндері атқарар қызметі қыруар. «Қазіргі фантастикалық әдебиет адамзаттың үмітін де, күдігін де – жарқын болашақ жөніндегі арманы мен төнуі мүмкін қасірет пен апаттан сақтандыруды – дабылдауы тиіс… көркем шығармашылықтың кез келген түріндей, қиялгер-жазушы творчествосы да бейнелеу өнерінің заңдарымен дамиды… фантастика – шетсіз-шексіз кеңістік. Адам ойының шексіздігі секілді. Туындыларды тандау-іріктеу мен бағалау, олардың тікелей әдеби жетістіктерінен де басқа, біздер үшін жеке адамның дамуына септігін тигізуі, ой өрісін кеңейтуі, асқақ армандармен қанаттандыруы, моральдық және интеллектілік қасиеттерін шыңдауы… қысқасы, адамның шынайы кісілігін пәш етуі басты назарда болады», — деп, күллі жанрдың әлеуметтілігінің мақсат- міндеттерін санамалап шыққандай [1, 116 б]. Әлеуметтік фантастиканың тағы бір міндеті – адамның адами қасиетін қырландыра, күшейте түсуге тиіс және айналадағы жұртқа жақсылық жасауды ұмыттырмауы керек. Әлеуметтік фантастика қиял, арман болғанымен, қоғамдағы нақтылы әлеуметтік жағдайды қозғайды. Осындай бір тақырыпта жазылған Асқар Алтайдың «Түсік» атты әңгімесі. «Түсік» әңгімесі қазіргі қазақ әңгімесіне қосылған антропологиялық негізде, өзгеше пішінде жазылған көркем туынды болып табылады. Автордың алып отырған түсігі – кеше ғана жер басып жүрген, ғұмырында тарлық көрмеген, барлықта жалғанды жалпағынан басып жүрген тұрақсыз сезім иесі. Түсікке айналған адам түлкі бұлаңмен өткеніне көз салады. Шығарма өзегі – трагедия болып табылады. Адамзаттың өз қолымен өзіне-өзі жасап жатқан трагедиясы. Қоғам трагедиясы. Мәселен, жазушының «Түсік» әңгімесін оқи отырып қиял-ғажайып әлеміне өткендей боласыз. Әсіресе, кейіпкердің ішкі және сыртқы жан дүниесін, сырын ашып көрсетуде керемет шеберлік көрініс береді.
Әңгімесі үш шағын бөлімге жинақталған. Алғашқы бөлімі авторлық баяндаудан тұрады. Автордың әңгімесінде тәуелсіз еліміздің жастарын адамгершілікке, парасаттылыққа үндеп, түрлі зиянды заттармен айналыспауын, олардың адам өміріне ешқандай пайдасы жоқ екенін, оның бақытсыздыққа бастар жол екеніндігін ашық айтып көрсетеді. Оған дәлел:
«Түлен түртті пендені…
Түсінде түсік көрді. Түсік – түсік емес, түсікке айналған мұның өзі. Бармақтай ғана жан иесі екен. Ештеңемен ісі жоқ. Жөнімен жүзіп жүр.
Жүзіп жүрген мекені – жатыр. Биттің қабығындай жұқа жатыр іші – жұмбақ әлем. Жұқа жарғақ жарылып кетердей толқып-толқып қояды. Жұмсақ құрсақ баяғы балалық шағында шаңырақта үрлеулі тұрған қарындай шайқала толқығанда, көгілдір әлемде балықтай жүзген бұл бесіктей тербеледі. Бірақ тұншықпайды. Емін-еркін тыныстайды» [2, 124 б]. Ары қарай әңгіме басты кейіпкердің сана-сезіміндегі алғаш ойлаған ойлары рет-ретімен беріледі.
Оқырманға тым түсініксіздеу болмау үшін бұл жағдайға персонаждың қалай тап болғандығын әңгіменің екінші бөлігінен көреміз. «Пендеге тән түлкі бұлаң тірлік кешкені рас. Түсікке айналмай тұрып жалғанды жалпағынан басты ғой, шіркін! Шіркіннің шылауына кім ілінбеді, шаңына кім ілесе алды
…Жігітшілік жолында жұмақ кешті. …Жұрт жел жағынан жүрмейтін, оң жағынан күңкілдейтін күйге жетті. Оның соңы – Биболдың Балкенжедей жас қызға
«бүлдіргі» салғаны. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегендей, Балкенжеден бойына бітіп қалған шарана туралы естігенде Бибол «бүлдіргі» деп бұрқанған. Бір «бүлдіргі» аз саған
дегендей, Санабике Биболдың әйелі құрсағы да құр қалмапты. Үш бала аздай тағы бір
«топалаң» түсіпті. Енді бұл екі оттың ортасында қалды» [2, 125 б], – деген автор баяндауынан кейін, өң мен түстің астасып жатқанын келесі сөйлемдерден білеміз. «Өң мен түс астасып кетті. Ақыры бірін болмаса бірін түсіртіп тастауға бел байлайды. Түсікті көзі көрмесе де, керең болғыр құлағы естіп, көңілі нілдей бұзылған» [2, 126 б]. Автордың әңгімесінің осы тұсында дүниедегі болып жатқан оқиғалардың, яғни әке мен бала арасындағы қарым-қатынас көрсетілген. Жатырдағы тар дүние тыстағы дүниемен қоштасардай болып жатқанда, түсікке айналған пендеге жазушы тағы бір ой салады. Әлі адамға айналмаған бейнесі жоқ та, болмысы бар ұрықтың өмірде тастанды болғысы келмейтінін ашық жеткізеді. Осы күнгі маңызды саналатын тастанды балалар проблемасына да ерекше көңіл бөледі. Әңгіменің қорытындысын кейіпкердің өз дауысынан өзі шошып, түлен түртіп оянғанынан түсінуден аяқталады. Оқырманы өзі түсінсін, өзі түйіндеп, шешім жасасын деген жазушының өз оқырманына жүктеген ойымен әңгіме аяқталады.
Қазіргі қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның үлгісін көрсететін А. Алтайдың «Кентавр», Қ.Түменбайдың «Періште», А. Кемалбайдың «Қоңыр қаз» деген туындылары. А.Алтайдың «Кентавр» әңгімесіне тоқталатын болсақ, «кентавр» сөзі, бұл – көне грек мифтеріндегі адам мен жылқы біріге біткен бейнедегі жинақтық образ. Ал Асқар Алтай шығармасындағы жылқытұрпат қазақтың қаны мен жаны жайындағы кентавры – біздің түркілік болмысымыздың негізі. Қазақ пен жылқы бір тұтас. Біздер үшін кентавр – Еуропаның көзіндегі номад, көшпенділер символы. Қазақтың архетипі. Автордың лирикалық кейіпкері ол таңғажайып болмыстағы кентаврға айналады.
Қаламгер «Кентавр» атты әңгімесіндегі көркем антропологиялық ерекшеліктерге тоқталатын болсақ, атап айтарымыз: құлын сәбидің дүниеге келуін шығармасына арқау еткен. Фантастикалық антропологияға жататын шағын әңгіменің ауқымына автор экологиялық, ата-аналық жауапкершілік, өмірге құштарлық, т.б. бірнеше проблеманы сыйдыра білген. Әңгіменің аты − «Кентавр», яғни жартылай адам, жартылай құлын пішінді адам турасында әлемдік әдеби үдерісте шығармалар аз емес. Экологиялық проблеманың кесірінен көптеген адамдардың зардап шегуі, балалардың өмірге мүгедек болып келуі, құлын-сәбидің дүниеге келуіне осы әсер етеді. «Әйтпесе, атаңа нәлет атом сынағынан небір сұмдық мақұлықтар туып жатыр ғой. Адамнан да, малдан да… аңнан да, құстан да… Иә,бір Алла сақтасын! Көк тәңірінің көзі түзу түссін! Ал пенденің тілегі оң болсын!» — деген аналардың басты тілегіне айналған болатын. Әңгімеде құлын-сәбидің дүниеге келуі былай суреттеледі: «Ол жарының шатын жарып келе жатқан құлынның қос тұяғын көріп еді… Содан шошына тұрып кеткен. Енді қайтып Моншақтың төмен жағына қарамауға тырысып, кең іш көйлегімен етегін жаба салды… Аққазыны әлдебір салқын сезім кернеп , құлын тұрпатты сәбиді жұлқа тартқызды. Моншақ тұла бойы да селк етті. Сол сәт жылқы жарғақты құлын-сәби жарқ ете қалды… » [3, 111 б]. Ата-ана сәбилерінен басқалардан өзгеше болып дүниеге келетінін сезсе де, құлын-сәбиді қолдарына алғанда қуаныш сезімімен бірге қорқыныш сезімі де бойларын билеген еді. Көптен күткен балалары қандай болып туғанына қарамастан олар одан бас тартпады, керісінше бар мейірім, махаббатын құлын-сәбилерінен аямады. Құлын-сәбидің жарым жылдың ішінде қалай ер жеткені туралы әңгімеде: «Жылқы тұрпатты, адам тұлғалы нәресте де ширады. Ол жануардай жылдам аяқтанды. Ертегідегідей ерте тілі шығып, ерте ес кірді. Әкесі бөтенсімей бауырына басып, анасы жерінбей жанына алған, көкесі жатсынбай иығына шығарған. Жұрт көзінен жырақта – кәрі таудың қуысында, үш бірдей пенденің уысында өсіп келе жатқан. Еркін еді, ерікті еді» [3, 112 б].
Аққазы мен Моншақ құлын-сәбилерін жұрт көзінен аулақ, тау бөктерінде өсіріп жатқан болатын. Себебі қоғам өзіне ұқсамайтын пендені қабылдай алмайтынын олар әуел баста-ақ білген болатын. «Тұнық табиғатта Басарыстың санасы сараланды. Өзінің тірі пендеге ұқсамайтын жалғыз екенін түсінді. Жат екенін сезінді. Әкесі мен көкесі ескерткен, шешесі көз жасын төгіп айтқан: «Тірі пендеге жолама! Көздеріне түспе!» деген сөзді берік ұстанды. Құла түзде еркін өскен құлындай құнан шығар жасқа келді» [3, 118 б].
Автор Басарыстың алдағы тағдырына ерекше назар аударады. Басарыстың адамдардың табиғат-анаға деген қатігездігіне куә болу мен табиғаттың ол да адам секілді бір перзенті болған аюды аман алып қаламын деп ұмтылғанында, өзінің ағасының қолынан қазаға ұшырау күтіп тұр еді.
«Осы бір асыл сәтте жанұшыра қимылдаған Керімғазы қолындағы бесатардың шүріппесін қалай ғана басып-басып қалғанын өзі де білмеді. Құнан-жігіт қандасы қарғи шапшып, сом тұяқтары Дулаттың төбесінде найзағайдай ойнап, адам жанды, хайуан тәнді ұлы денесі қиялай құлады. Қар-мұзды қаршылдата оятын, тас-тастақты күтірлете қиятын алмас тұяқтары қиыс кетті.
…Бесатардың егіз дар оғы бастан тиген Басарыстың миы шашылып кетті. Ол қайтып тұяқ серіппеді.» [3, 124 б].
Бұл шығарманың шешімі болып табылады. Осы әңгіме жөнінде «Бұл шығармада мифтегі құбылу үдерісі орта тұсынан тоқтап, бірінен-біріне айналатын екі нысананың да белгілерін сақтайтындай. Жалпы, кентаврдың шындығынан да күмән көп қой. Қазіргі экологиялық апат жағдайында бұдан қорқынышты жағдайлар әлдеқайда мол. Әңгіме – бүгінгі миф, себебі бар; автор сендіруге тырысады, оқырман сенуге бейімделеді. Әңгімеде аналық мейірім дәріптеледі. Адамға саналатын жартылай жылқының жануарға тән қылығын бейнелеу тұсында постмодернизмде әрідек қолданылатын мениппея тәсілі елес береді», — деген ғалым Б.Майтановтың пікірінің жаны бар. Яғни, бұдан қазіргі модернистік, постмодернистік әдебиетке көбіне сюжеттер мен образдарды көне бастаулардан алу, ежелгі түп бастауға қайта оралу тән екендігі шығады.Оны әр автор өзінше интерпретациялайды, бағзы сюжетті жаңаша идеялық қырынан көрсетеді.
Адам баласының ойлап таппайтыны жоқ. Оны А.Алтайдың «Киллер сауысқан» (Көзжендет) деген әңгімесінен көреміз. Қараш есімді шал сауысқанмен аң аулайды. Кәдімгі ала қанат сауысқанмен. Жас кезінде Памир тауларына дейін жылқы барымталап барған сапарында, әлде «сібірлік», әлде «хансулық» Қосман есімді сайда сайғақсыз, құмды ізсіз біреуден үйренген «өнері» екен. Кейіннен кемпірі өліп, жалғыз ұлы Қайрат қалаға қоныс аударып, Қарқараның биіктерін жайлап жұртта жалғыз қалады, зеріккендіктен сауысқанымен аң аулауға көшіпті. Көз шұқуға әбден машыққан сауысқан жануардың жазықсыз жанарын ағызып жібереді. Жанарсыз қалған жануар қайда барсын? Омақасып, құлап өз-өзінен өлмей ме?!
«…Жебелеп ұшқан жендет сауысқан құсап жетпістің де желкесіне шығып еді. Сонда да, сауысқанмен саятшылық құруын тоқтатқан емес. Көзжендет те аң мен жануардың жанарын оюын қойған жоқ. Күні кеше көк бөрінің көзін оймады ма?! Басын жоймады ма көзжендет… Қайран көзжендетке өкпе жоқ. Иесі үшін арқар мен түлкі түгілі бөрі мен барысқа да түсіп еді ғой!..» [2,76б].
Кейінірек Қараш Алматының тап іргесіндегі Думан ауылына баласы мен екі немересі үшін көшіп келді. Сол кезде аяғы ауыр келіні босанып, көзсіз сәби туды. Көзсіз, қассыз туған нәрестенің бет-жүзі жып-жылмағай!
«Кеше түнде келінінің аман-есен жаны қалып босаныпты. Бірақ сәбиі көзсіз туыпты. Көзсіз, қассыз туған нәрестенің бет-жүзі жып-жылмағай көрінеді. Дәрігерлер мұның ұлына «жүз жылда бір ұшырасатын жұмбақ құбылыс» депті» [2, 78 б].
Бұл Қараш шалдың обал-сауапты белден басып, күнаға белшеден батқан ісіне Алланың жазасы! Бірақ, оны мойындайтын Қараш жоқ! Ала қанат сумақай сауысқанға кінә тағады. Сол сусыл қанат сауысқан себепкер дейді өзін-өзі ақтап…
Ақиқатында Қараш – ауру адам! Сауысқанға кінә артқандай, рухани кембағалдығын, рухани көрсоқырлығын мойындамаудың өзі аурудың ісі емей, немене?! Ал соқыр адамдар жайлаған қоғам да соқыр һәм сырқат!
Бұл әңгіме жөнінде талантты әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке «Жас Алаш» газетінде «Соқыр қоғам, соқыр ұрпақ, соқыр…» деп аталатын мақаласында жан-жақты саралап, терең талдаған болатын. «Суреткер Асқар Алтай бір ғана әңгімесімен қазіргі қоғамымыздың сиық-сықпытын дөп әрі терең ашып көрсете алыпты, – дейді Ә. Меңдеке. –
«Көзжендет» әңгімесінде айтылған «соқыр ұрпақ» (соқыр ұл, соқыр немере, соқыр шөбере), яғни ұлттық топырақтан ажыраған, ұлттық болмыстан алыстаған, ұлттың мүддесін білмейтін, ұлттың мұңын түсінбейтін ұрпақ бүгінгі күні билікті де жаулап алды. Ал, енді не қалды?.. Не қылдық?…»
Қарасаңыз, күн де, ай да, жұлдыздар да өз орнында. Алла тағала жаратқан он сегіз мың ғаламның артық-тыртығы болсашы! Алла ұлан-ғайыр жерді жаратты. Оның бетіне таулар тұрғызып, өзендер ағызды. Түнді күнмен жалғастырды. Ой жіберген қауым үшін осының бәрінде белгілер, дәлелдер бар. Ал, жұмыр жердегі саналы саналатын адамдардың істегендері көп жағдайда кереғарлық.
Қ.Түменбайдың «Періште» әңгімесінің тақырыбы экологиялық апат болғанымен, мынау жалған қоғамдағы адам жалғыздығы. Әңгіменің қалыпты тіршілік сипатынан бөлек образдар арқылы ой айтудың астарында екі түрлі мән жатыр. Біріншісі, қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның көркемдік құбылыс ретінде көрініс табуы болса, екіншісі, жаңа пішін арқылы әлеуметтік өмір шындығын ашу. Әңгімеде Бекшора әкімнің әйелінің толғағы басталып, ауруханаға кеткеніне қарамастан, әкім жаңа сайланған депутаттың қасынан кете алмайды. Депутат тұрғындарға олардың ең бір өзекті мәселесі болып табылатын уранның зардабы бойынша дайындалған баяндамасын тыңдағанымен, оның жүзеге асырылатынына сенбеді.
«Ұзамай «Уһ» деген әйел үнінен соң жарыққа қарай жанталасып келе жатқан перзентті қолы мен сөзі алтын гинеколог аузын тұмшалаған ақ дәкенің астынан «Өй, дөңгелек бас!», «Өй, дөңгелек бас!» деп, бар жақсы сөзін айтып тұрып суырып алды да, сілейіп тұрып қалды. Дөңгелек бас адамға ұқсамайды. Дәрігер құйрығынан салып жібергенде аузындағы аз-кем ана суы төмен лықсыған шарана ыр-р ете қалғанда, отыз жыл баланың жолдасын көрген тәжірибелі маманның қолынан қызыл еденге тарс етіп түсіп кетті» [4, 124 б]. Дүниеге қасқыр басты, кіндіктен төмен екі аяқты сәби келді. Өмірде ешқашан бұндайды көрмеген дәрігерлер мен медбикелер бұған шошына, қорқа қарады. Тек қана анасы Қайырниса: «Ана болса емшегін сорған перзентінің басынан рахаттана сипап отыр. Қасқыр бас, қамыс құлақ, ырылдаған әлеміш үн бұларды үрейлендірсе, сәбидің басын байлауға келгендерге әйел қарсылық білдірді.
-Бермеймін, бермеймін. Алып кеткелі келдіңдер ме?!. Адамнан алыстатқалы жатсындар ма?..» [4, 125 б] – деп зар қақты. Дегенмен дәрігерлер әкесінің шешімін тыңдауға бел байлады. Таңертең ертелетіп перзентханаға келген Бекшора әйелі жатқан палатаға келеді. Баласын көргеннен кейін Бекшораның ойына оны жұрт көзіне көрсетпей көзін жою болды, дәрігерлердің де бұл жайлы тіс жармауларын қатаң ескерткен жолатын.
« — Онда біз акт жасаймыз. Укол салып, жанын шығарамыз. Уақытына келісіп, әкесі мен анасы қол қоюы керек.
- Әкеліңдер қағаздарыңды. Осындай бала туылды деген сөз ауыздарыңнан шықпасын» [4, 127 б] – деген өзінің шешімін айтады. Ел билеген адамның қатігездігі таң қалдырады. Сәбиін тартып алған ана: «- Әкесі тездетіңдер деп жатыр ма?! Ол әлі талайды өлтіреді. Осы жерде у ішіп отырғандардың бәрін өлтірген сол. Екі басты сәбилер мен алты аяқты лақтың обалы соларға. Өздерің бөрінің азу тісінен киелі алқа жасайсындар. Қасқыр ішік, қасқыр тұмақ киесіңдер…» [5, 127 б] – деп, сандырақтай берді. Шығарманың соңы сәбидің өлімімен аяқталады.
«Бас дәрігер өз қолымен өте күшті у дәріні тамырына салғанда ыр-р ете қап ұйықтап кеткен шарананың өлімі туралы тағы бір акт қағазын толтырып, бір данасын тезірек әкімге жеткіізуге асықты.
- Мауглиді асыраған қасқыр құрлы болмағанымыз ба?!-деді көз жасын сығып алағн мультфильмді көп көретін медбике қыз Қайырнисаның тамырына ұйықтатын дәріні салып жатып» [4, 128 б]. Расымен де адамның осыншалықты қатыгез болғаны ма?
Айгүл Кемелбаеваның үздік шығармаларының бірі – «Қоңырқаз» әңгімесі. Шығарманың мазмұны туғаннан қамкөңіл кішкентай қыздың сурет салуды, мүсіндер жасауды ұнататыны, бірақ қыз тек қана құс мүсіндерін ғана жасайды. Осыған байланысты жұрт оны Қоңырқаз деп атап кетеді. Ең соңында қыздың арқасына қанат өсіп шығып, аспанға ұшіп кетеді. Әңгіме идеясы адам бұрын адам болған, адам әзәзілдің айтқанына еріп жерге түскен періште деген аңызға негізделген. Әңгіме қазіргі адам әлі де адамның толық тұлғасы емес, адам шындығына келгенде періште нәсілінен екенін еске салуға арналған шығарма болып табылады. Әңгімедегі қанатты қыз адамдардың көне мекені – Періштелер мекеніне ұшып кетеді. «Кенет құлағына сұңқылдаған құс үні естілгендей болды. Мұндай керемет үнді анасының құрсағында жатып қана тыңдағанын түсінді. Жан-дүниесін таңғажайып таныс бейтаныс күй баурады. Ол өзінің де қиялы дәрменсіз бұлдыр мекенді аңсап, күрсініп салды. Адамдар арасында ұзақ жүріп қалғанына өкінді, сол мекенге жетуге құштар. Ұшуға талпынып,қанатын сермеп еді, ауырсынып, көтеріле алмай қор болды. Осыны сезінуі мұң екен, Қоңырқаз адамға тән түйсік сезімнен мүлде арылып еді» [5, 11 б]. Осы әңгіменің жаңалығы оның концепциясы, яғни аңыздық сарынды қазіргі фантастикалық жанрға негіздеп жазуы.
Фантастикалық антропологияны пайдала отырып, әлеуметтік өмір шындығын суреттейді. Осы әңгімелердің басын біріктіріп тұрған ерекшелік – авторлық танымның фантастикалық антропологияға құрылуы болса, екіншісі – жоғарыда талданған шығармалардың негізгі өзегі обал, сауап, киеге әкеліп тірелетіні, үшіншіден, суреткер кейіпкерлерінің жан жалғыздығы мен жатсыну мәселесі. Тәуелсіздік тұсындағы көркем прозаның елеулі өзгерісі антропологиялық поэтика ықпалының айқындылығымен ерекшеленеді. Мифо-поэтикалық үрдіспен тығыз қабысып жататын фантастикалық антропологияның көркем антропологиямен ұласқан ізденіс іздері шығарма табиғатын ерекшелейді
Әдебиет:
- Мархабаев А.-Х.Ф. Қазақ фантастикасының поэтикасы: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 375 б.
- Алтай А. Абсурд әлем новеллалары. – Алматы: Атамұра, 2008. – 369 бет.
- Алтай А. Киллер сауысқан. Повестер мен әңгімелер. – Алматы: Арда+7, 2013.- 366 б.
- Түменбай Қ. Ағаш ескерткіш: Хикаяттар мен әңгімелер. – Алматы: Жазушы, 2008. – 240 б.
- Кемелбаева А. Тобылғысай. Повесть және әңгімелер, Астана: Елорда, 2001. 120 бет.
ӘОЖ 821.512.142.