ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ ӨНЕГЕСІ
Қуаныш Қожабайұлы
(Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы)
Аяулы азамат, көрнекті ғалым Серік Негимов шығармашылығы ұлттық құндылықтарға негізделген, мол мұраны көмбесіне жасырған, бояуы қою дүние екенін көзі ашық, көкірегі ояу оқырман біледі. Серік ағаның бүгінге дейінгі жазған, зерттеген кең көлемді шығармашылығын оқып, танысқанда жапон жазушысы Рюно скэ Акутага ваның
«Мен жазушымын, бірақ ең әуелі жапон елінің азаматымын» деген сөзі еске түсті. Неге? Себебі, Серік Негимов шығармашылығында қазақ оқырманын тарихқа, салт-дәстүрге, түркілік әдебиет пен мәдениетке апаратын жол жатыр. Сара жолдың әр қиылыс-бұрылысы толған өнеге дерсіз. Ғалымның зерттеу мақалалардан жинақталған «Әдебиет әлемі» кітабының өзі біздің жоғалтқанымызды тауып, ұмытқанымызды еске түсіретін сүбелі кітап. Зерттеуші-ғалым Серік ағамыздың шығармашылығындағы бір ерекшелік Абай әлемінің көрініс табуы. Әрине, бүгінгі таңда хәкім Абайды екінің бірі сөзіне қосады. Бірақ әркімнің өз деңгейіндегі Абайы бар. Ұлы ақын зерттеудегі жүз кітаптың деңгейі жүз түрлі. Серік Негимов зерттеуіндегі, ойындағы, образындағы Абайдың болмысы ерекше екенін мойындауымыз керек. Ғалым «Мұрат – Абайды түсіну» дейді. Абай мен Серік Негимов арасындағы рухани байланыс мақаланың өн бойынан айқын көрінеді.
Иә, соңғы ғасырда Абайды тануға, білуге, зерттеуге ұмтылған, талпынған, ден қойып уақытын арнағандар қазақ әдебиетінде аз болған жоқ. Біреудің зерттеуі ілгері, біреудікі кейін шығып жатыр. Бірақ Абай хәкім турасындағы зерттеулер легі толастар емес. Оған
«Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп жырлаған ұлы ақынның шығармашылығының тереңдігі де себеп болса керек. Серік Негимов зерттеуінің ерекшелігі дәлел мен дәйекке құрылған ғалымның еркіндікте жазылған кезекті мақалаларының бірі емес. Ұлы хәкімді іштей тану үшін бар болмысымен оны сезінуге тырысқан, өнер деген таудың көк жиегін көрсететін эстетикалық биік мақала. Себебі, ғалым «Абай арқылы өзіңізді танысаңыз – мұратқа жеткеніңіз» дейді. «Сөзіміз — ақ, пейіліміз қалыс» деген ғалым рухани бостандық туралы маржан ойларды төгілте түседі. Эстетикалық мақалының оқырман көңіліне ой салатыны анық.
Ғалым келесі «Тұңғиық терең толғамдар немесе «Абай жолы» эпопеясы хақында» деген мақаласында жазушы Мұхтар Әуезовтың көп жылдық еңбегіне баға бере отырып романдағы ғалымның өзіне таныс дүниелермен оқырманды таныстырады. Әдебиет тарихында белгілі бір кезең үшін құбылыс болып оқырманын он сан ойға салып келетін шығармалар болады. Өзі құбылыс болумен бірге әдеби кезең үшін көркем сөзге талапкер жастарды даярлай келетіні тағы бар. Қазақ әдебиетінің классиктерінң бірі – Мұхтар Әуезовтың тұңғыш романы осындай шығарма санатына жатады. Камерун жазушысы:
«Мен бұрын қазақтар туралы естімегенмін,енді оларды өте жақсы білемін. Себебі, Мұхтар Әуезовтың кітабын оқыдым, қазақтың ұлы ақыны Абаймен таныстым. Шығарманы оқи отырып, Абаймен бірге өмір сүріп,қазақ даласының ауасымен тыныстағандай күй кештім»
деп өз таңданысын білдірген болатын. Әлем оқырмандарының өте үлкен қызығушылығын тудырған роман қазірде 116 тілге аударылып шықты. Иә, «Абай жолы» романы терең жазылған. Мұхтар Әуезов Абай дәуірін қазақ тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ренессансқа айналдырды. Әлемнің ең талғампаз суреткерлерінің аузымен айтылған орасан биік бағаға ие болған эпопеяның қарапайым оқырманның жүрегіне жетуі де әрқилы болып келеді. Соңғы уақытта қазақ әдебиетінің алтын қазынасына айналған романды мансұқтаушыларда табылатын болды. Осындай әдеби айтысқа да, артық мадақ пен мақтауға да нүкте қоятын Серік Негимов сынды заңғар ғалымдардың терең ойлы зейінімен саралаған мақалалары. Мысалы, ғалымның осы мақаладағы Құнанбай образына айрықша тоқталуы да оқырман үшін маңызды. «Бүгінге дейін «Абай жолындағы» келтірілген мәліметтерді, деректерді тарихи құжаттай көріп келген оқырмандар бар. Құнанбай образы ел ұғымында жағымсыз болуының да көптеген әсері романнан кейін туған. Серік Негимов зеттеуінде осы мәселе де сөз болады. «Құнанбай жөніндегі тарихи деректерді, мәліметтерді тізбелей келтіріп отырған себебіміз, «Абай жолы» эпопеясында Құнанбайдың нақты өмір жолындағы істер, оқиғалар нақ-нағымен, рет-ретімен келтірілуі мақсат етілмеген. Бұл тарихи-ғұмырнамалық роман емес. Керісінше көркем туынды». Мақала авторы аз сөзбен көркем туынды мен тарихи дерек арасында адасып жүрген оқырман көңіліндегі сұраққа жауап береді. Роман қазақ халқының тілін, дінін, тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ел мәдениетін қамтыды. Бірақ жазушының советтік саясатқа қарсы жазылған сөйлемдері, ойлары романның өн бойынан көп кездеседі. Міне, осындай кейіпкер тілімен айтылған жазушының өз ойының маңыздылығын Серік Негимов ағамызда өз мақаласында ашып көрсетеді. Соның бірі Мұхтар Әуезовтың Михайлов образы арқылы патшалық Ресейдің қазақтарға көрсеткен зорлық-зомбылығын тайға таңба басқандай көрсетіп береді. Ғалымның басты міндеті де осы, әрине. Бірақ Серік ағаның тілінде жол көрсетушілік, ғылыми бағыт, нысананы нақты көрсету, мақсатты толық айқындау сынды толып жатқан критерийлерге жауап беретін әмбебаптық бар.
Серік Негимов шығармашылығы туралы сөз болғанда новеллашы Акутагаваның сөзін бекер келтірген жоқпын. Зерттеуші, ғалым ағамыздың мұрасы қазақ әдебиетіндегі әлі ешкім көп бармаған тақырыптардың бірі – Ежелгі дәуір әдебиетімен де толыққан. Ғалымның қазақ әдебиеті туралы зерттеу нысандарын жік-жікке бөлу мүмкін емес. Себебі, тақырып аясы кең. ««Қорқыт ата кітабы» — ұлт мәдениетінің бас кітабы», «Мұхаммед Хайдар Дулатидің шешендік өнерге қатысты ой-пікірлері» деген мақалалары сөзіміздің айғағы бола алады. Зерттеуші Серік Негимов шығармашылығы бүгінге дейін талай талапкердің әдебиетке келуіне айтарлықтай ықпал-әсер етті. Жастарды сұлулыққа құштарландыра, сөз құпиясын меңгеруде тәрбиеші болды. Проза мен поэзия қазақ халқының сан ғасырлардан бері рухани қажетін өтеп келе жатқанын білеміз, ал оларды зерттеуде профессионалдық, эстетикалық биік баға беру қызметін ғалым еңбектері көрсетсе керек. Сондықтан тұтас бір халықты оқырмандық белгілі бір кезеңнен алып өтуге үлесін қосқан, туған әдебиетіміздің қазір ағасына айналған ат төбеліндей аға буынның бірегейі, сан-сапасы молайған кейінгі толқын ғалымдарын тәрбиелеген іргелі зерттеуші Серік Негимов десек қаталеспейміз.
Әдебиет:
- Толыбайұғлы М. Қарқаралыдан хат. Дала уалаяты газеті. 1980, №19, 11 май; Ботбаев М. Кім тұрар сөз сөйлемей көңіл қызса. Дала уалаяты газеті. 1892, №47.
- Садуақасов С. Қазақ әдебиеті // «Халық кеңесі» газеті, № 42, 2 наурыз, 1993, 4 б.
- Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. – А.: Жазушы,1970.