ПРОФЕССОР С.НЕГИМОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ҰЛЫ ДАЛА ЖЫРАУЛАРЫ
Жандарбек Мәлібекұлы
(Қазақстан Елтаңбасының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры)
Ұлы Дала мәдениеті тарихында Халық, Заман, Тағдыр, Ұлт атынан сөйлеген, намыс отын маздатқан, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына, Дала демократиясына жанқиярлықпен қызмет жасаған қыран дауысты, тұлпар шабысты, шабытты, жорықшы жыраулардың еңбегі, өнері өзгеше. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқының қасиетті рухы, тілі, дәстүрі, дүниетанымы, тағылымы, философиялық, интеллектуалдық, ұлттық құндылықтары, ой-парасаты жыраулар мен жыршы ақындар поэзиясында жарасымды бейнеленген. Профессор Серік Негимов ХХ ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап ұлттық поэзия тарихындағы жыраулар өнернамасымен, сонымен қатар сал-серілер, ақындар, импровизаторлар, жыршы-әңгімешілер, би-шешендер мұрасын зерделеп, зерттеп әрі мұраларын жинақтап, жүйелеп келе жатқаны зиялы қауымға мәлім.
Осы орайда Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаев (1923-2017) С.Негимовтің 1992 жылы «Ақын –жыраулар поэзиясының бейнелілігі» жайындағы докторлық диссертациясына жазған: «Негимов Серік – соңғы 10- 15 жыл межесінде арғы-бергі қазақ поэзиясының, оның ішінде халық өлең өнерінің және ондаған ақын-жыраулар шығармашылығының бейнелілігін белсенді құлшыныспен, дайым да дәйектілікпен, тереңдеген біліктілікпен зерттеп жүрген байыпты әдебиетші. Көпшілік оны қазақ ақын-жыраулар поэзиясы табиғатын таныған азғана білгірлердің бірі деп санайды. Бұл салада С.Негимов – беделді азамат» деген ұлағатты пікірінде нақты, шынайы ақиқат бар. Ғалым ғылым жолында, шығармашылық өмірінде осынау руханият әлемінде үзбей ой толғап келе жатқанына ұшан-теңіз еңбегі куә.
Ол ақын-жыраулар поэзиясын, әсіресе, Асан қайғы би, Шалкиіз жырау, Қазтуған жырау, Марқасқа жырау, Доспамбет жырау, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау, Бұқар жырау өнернамасын қарастыру барысында көркемдік-философиялық ойлау жүйесін ұлттық мәдениет, тіл, дәстүр, тарих, табиғат, рух-болмыс, көркем қиял, сезім тәрізді кешенді құбылыстармен біртұтастықта баяндайды. Шынында да ұлттық бейнелі образдар, символдар қалайша жасалатынына, шығу төркініне байыптылықпен үңіліп, түйінді тұжырымдар жасайды. Бұл тұста оның Ұлы Дала тарихына да жетіктігін көруге болады. Тегінде, жыраулар поэзиясы ұлттық тарихпен, халық өмірімен етене. Профессор Серік Негимовтің ақын-жыраулар шығармашылығындағы сөз-символдардың, сөз-образдардың, халықтық және индивидуалдық метафоралардың қалайша туындайтынын былайша жіктейді:
- Ұлттық мәдениет пен дәстүрге қатысты атаулар.
- Аң-құс, еңбек, кәсіп құралдары, жауынгерлік қарулар, гүлдер, өсімдіктер, аспан денелерінің атаулары.
- Әшекейлі заттар, асыл металдар, тұрмыстық бұйымдар, ұлттық киімдер атаулары.
- Негізі жарыққа байланысты атаулар.
- Мифологиядан, діннен, эпостан алынған сөз-символдар.
Жалпы, жыраулар поэзиясында сипаттауларды әрі қарай да жалғауға болады.
Ұлы Дала жыраулары поэзиясында қазақ халқының этикалық, философиялық көзқарасы, ұлттық дүниетаным дәрежесі, дала демократиясы, тұрмыс-тіршілігі, шаруа- кәсібі, астрономиялық түсініктері, географиялық ерекшеліктері, жыраулар тілінің стилистикасы, архитектоникасы, гармониясы, өркениет сабақтары барынша жарқын көрініс тапқан. Бұл мәселелерді профессор Серік Негимовтің жыраулар мен жыршы ақындар поэзиясы жайындағы толық, толымды, жан-жақты еңбегін оқығанда көзің жетіп, көңілің марқаяды. Расында, Ұлы Дала жырауларының мұрасы – Мәңгілік Елдің шежіресі, шарайнасы, мың қырлы қазақ тілінің шалқар айдыны, ұлттық санасының таңғажайып көрсеткіші.
Әдебиет:
- Қоңыратбаев Ә. М. Ж. Көпеев лирикасы // Қазақ әдебиеті, 19 июнь, 1959, 3 б.; Базарбаев М. Қазақ әдебиет тарихын зерттеудің кейбір мәселелері // Қазақ тілі мен әдебиеті, 10, 1958, 31-39 б.; Сүйіншәлиев Х. Ғылыми мәні зор еңбек // Қазақ әдебиеті, 2 декабрь, 1980, 3 б.; Әуезов М. Әдеби мұра және оны зерттеу. – А., 1961. – 358 б.; Кенжебаев Б. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. – А.: Мектеп, 1976. – Б. 63-65; Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. –А.: Жазушы, 1970. – Б. 7-10.
- Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. – А.: Жазушы,1970.
- Жиреншин Ә. Қазақстан кітаптары тарихынан. – А. : Қазақстан,