ТІЛДІК ЖАҒДАЯТ – ҚАЗАҚ ТІЛІН САПАЛЫ МЕҢГЕРТУДІҢ КЕПІЛІ

ТІЛДІК ЖАҒДАЯТ ҚАЗАҚ ТІЛІН САПАЛЫ МЕҢГЕРТУДІҢ КЕПІЛІ

 

Ғабдулина М. Ғ., Абдиалимова Н.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

 

 

 

«Қазақстан-2030» атты еліміздің стратегиялық бағдарламасындағы ең негізділерінің бірі – жоғары интеллектуалды жастарды жан-жақтылыққа тәрбиелеу, олардың потенциалдық деңгейінің көтерілуіне үлес қосу. Соңғы уақытта педагогикалық үрдістің даму бағыты жаңаша сипат алды, дәстүрлі жүйедегі білімге басымдылық беруден арылып, оқыту үрдісінде игерілетін білімнің нақты нәтижесіне ерекше мән беріле бастады. Оқу орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілін оқытуды қазіргі заманның қоғамдық- әлеуметтік сұранымына сәйкестендіру және оқу нәтижелілігін арттыратын жолдарды табу қажеттігі осындай міндеттен туындайды [1, 206 б.].

Оқу орыс тілінде жүретін мектеп оқушыларына қазақ тілін үйретуде сөйлесім дағдыларын қалыптастыруға оң ықпал ететін әртүрлі тілдік жағдаят қолданылса, онда оқушылардың тілді сапалы меңгеруіне қол жеткізіледі және олардың пәнге ынталылығын арттыру мүмкіндігі толық жүзеге асырылады [2, 15 б.].

Мектеп мұғалімі қызметінің мақсаты — оқушылардың қазақ тілін белсенді, саналы, танымды түрде игеруін қамтамасыз ету. Мұғалім оқушыларға бірте-бірте күрделі талаптар қояды, соның арқасында баланың танымдық ойының ілгерілеу қозғалысын қамтамасыз етеді. Мұғалім оқытудың табысты өтуіне жағдай жасайды: қойылған талаптарға сәйкес мазмұн таңдайды, оқытуды ұйымдастырудың әр алуан түрлерін пайдаланады; соның көмегі арқасында мазмұн оқушының игілігіне айналатындай әр түрлі әдістерді пайдаланады.

Қазақ тілін жағдаят арқылы ынталандыра оқытуды оқушының қоғамдық ортаға бейімділігін қалыптастырумен ұштастырғанда ғана оның әлеуметтенуіне педагогикалық ықпал жасалынады. Ол мақсаттың жүзеге асырылуы оқушыны тілдік жағдаятта қатынасқа түсуге ынталандыратын жұмыстар қоғамдық ортада, шынайы өмірде кездесетін тілдік қатынас жолдарын меңгерте отырып, тілдесімге төселдіру бағытында жүргізу нәтижесі жоғары.

Оқушы қызметін белсендіру негізіндегі әдістердің бірі – қатысым әдісі. Ф.Ш.Оразбаева катысымдық әдісте: қатысымдық әдіспен оқыту үдерісінде кем дегенде екі адамның қатысатыны, адамдардың өзара сөйлесуі мен түсінісуі оқушы мен оқытушының әрқайсысына тән міндеттердің бөлек алынуы, мақсаттарының ортақ болуы, оқыту жүйесіндегі бірнеше тиімді тәсілдерді, амалдарды біріктіруді, тілді үйретуді күнделікті өмірде жүзеге асыруы және ана тілінде қатысым жасау үйретілетіндігі жузеге асады деп

 

көрсетеді [3, 216]. Демек, қатысымдық әдіс — мұғалім мен оқушы арасындағы тілдік қатысымды жүзеге асыратын, оқушылардың дұрыс сөйлеу мен тіл мәдениеттерін жетілдіретін, тілін дамытатын, сөздік қорын молайтып, сөйтіп осы мәселелердің бәрін бір арнаға тоғыстыратын, нәтижесінде оқушыны жеке тұлға етіп қалыптастыруға негіз болатын оқыту әдістерінің бірі. Сондықтан, мектеп оқушыларына тілдік қатысымды меңгертуге пайдаланылатын негізгі әрі тиімді әдіс төмендегідей: қатысым әдіс арқылы интерактивті деңгейлік дамыта оқыту.

Қатысым әдісі арқылы интерактивті өтілген сабақтарда оқушылардың белсенділігін жан-жақты арттыру көзделеді. Ол үшін мүғалім оқушылардың қатысымдық қимыл белсенділігін арттыру жолдарын, оқушылар түсінбеген жерін орнынан тұрып, екінші оқушыдан еркін сұрауын, жақсы окитын оқушы өзінің микротобындағы нашар оқитын оқушыға үйретуін, оқушылар тапсырма бойынша бір-бірімен (өздерінің микротоптарында) сөйлесіп, ақылдасып отыруын; оқушылар тапсырманы орындап болғаннан кейін өзара бірін-бірі тексеруін; оқушылардың әлеуметтік белсенділігін арттыруда оқушылардың өзара қатысым барысында оқушы — оқушы не мұғалім — оқушы түрінде бір-біріне сұрақтар беруін; балалардың сабақта өзара пікірлесіп, яғни тілдік қатысым жасап  отыруын, бұл жерде ескерілетін бір жәйт — қиын сұрақтарға қарсы топтың оқушылары жауап беру еркіндігі болуын; оқушылардың танымдық, қатысымдық белсенділігін арттыру жолдарын: оқушылар қарсы жақтың пікіріне өзі жауап пікір айта алуын; келіспесе, өзінің көзқарасын дәлелдеуін; өзінің микротобындағы жолдастарының сөздеріне қосымша қатысқаны не оған қосымша өзі пікірін білдіруін; оқушылардың қатысымдық белсенділігін арттыруды: сабақ барысында оқушылар бір-бірімен еркін тілдік қарым-катынасқа  шығуын; жауаптарын бірге ақылдаса отырып беруін; сөйлемдерді нақты әрі қысқа құруы мен жеткізуін; айтар ойларының әсерлі болуын; тілдік қатысым барысында жаргон, диалект, паразит сөздерді қоспауын ескеруі және қадағалауы керек.

Тәрбиелік және қатысымдық мәні бар мәтіндер мен жаттығулар, тапсырмалар қатысым әдісі арқылы оқушыларды ізгілікке, инабаттылыққа, имандылыққа, мейірімділікке, бауырмалдыққа, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, еңбекқорлыққа, әсемдікті сезінуге, оны бағалай білуге, денесін шынықтыруға т.б. тәрбиелей алады, балаларға тілдік қатысым тұрғысынан білім беруді жүзеге асырады. Қатысым әдісімен оқыту барысында балалар бір-біріне өз ойларын толық әрі жатық та көркем етіп айтуды үйренеді. Айтар ойын қысылмай еркін жеткізуге төселеді. Сөздік қоры молаяды, тілі дамиды, дүниетанымы кеңейеді. Яғни, қатысым әдісі баланың жеке тұлға болып қалыптасуына толық жағдай жасайды. Алған білімдерін өмірде, тілдік қатысым барысында қолдана білуге машықтандырады.

Қатысым әдісі арқылы оқыту дегеніміз – өзінде теориялық және білімдік оқу мазмұны іске асатын, оқушыларда өмірлік қатысым дағдылары мен білімді қалыптастыратын, шығармашылық амал-тәсілдері қамтитын, мәнерлі де жатық сөйлеуге баулитын оқу. Саналы-практикалық және аудиолингвальді әдістер оқыту нәтижелерін анықтау мақсатымен 1960 жылдары көптеген ғалымдар эксперимент жүргізді. Эксперименттің ғылыми болжамы: аудиолингвальді әдіс бойынша оқытуда ең алдымен тыңдау мен сөйлеуді меңгеру арқылы оқушылардың оқу және жазу дағдысын қалыптастыру. Сонда тіл қызметінің төрт түрін бір уақытта енгізуге негіз жасайтын саналы-практикалық әдіс жақсы нәтиже береді. Болжам бойынша эксперимент авторлары аудиолингвальді әдіске құрылған психологиядағы бихевиористік және құрылымдық бағыттардың басымдылығын дәлелдегісі келді. Екі әдісте де тілдік қатысым элементтері: оқу мен жазу, тыңдау мен сөйлеу іске қосылған. Бірақ тілдік қатысымды меңгертетін

 

қатысым әдісімен олрдың байланысы, арақатынасы айтылмады. Қатысым әдісі  – мектептің әрбір сабағында, күнделікті тілдік қарым-қатынаста, мектепте және мектептен тыс іске асырылатын тілдік жұмыстар оқушының өз тұлғасын өзі жетілдіруіне, сол арқылы өз бетінше қалыптасуына жеткізетін амал. Сабақтарда қатысым әдісімен жүргізу оқушының қатысымдық қабілеті оның ойлауы мен оқылым, тілдесім және айтылым әрекеттері арқылы бала жасына қарай тілдік қатысымда сөздік қорды орынды пайдалануға, тілдік қатысымды меңгеруге жағдай жасайды. Қатысым әдісі оқу үрдісінде 1) оқу мазмұнының бірлігі; 2) сабақта, оқулықта оқу материалдарын ұйымдастыру тәсілі; 3) сабақ жүйесін ұйымдастырудың критерийі болуы тиіс. Осы пікірлерді жинақтай келгенде қатынас әдісі орыс тілді сыныптарда қазақ тілін оқытудағы маңызы мен орны әр түрлі қырынан ашыла түседі, сабақта оқушылардың өзара пікірлесіміне мүмкіндік тудыра отырып, олардың өмірлік дағдыларды уәжділік сипатта меңгеруіне алғышарт қалыптастыратын ең тиімді жол.

Оқушы бірден сөйлесім дағдыларын меңгеріп кете алмайды. Сондықтан сабақта жүргізілетін әрбір компонент түпкі нәтижеге — оқушының тілдесім дағдысын жетілдіруге қарай бейімделеді. Мысалы: жағдаят. Оқушы кітапханада отыр. Ол Астана туралы білгісі келді. Тапсырма. Бір оқушы — кітапханашы, екіншісі — оқушы. Оқушы Астана туралы мәліметті кітаптардан қалай табуға болатынын сұрайды. Кітапханашы оны әңгімелеп береді. Жаттығу. Қойылған сұрақтарға жауап бер.

Қазақ тілін жағдаят арқылы ынталандыра оқытуда тапсырмаларды кешенді түрде ұсыну оқушылардың тілдік қатынасқа түсу дағдыларын қалыптастырып, дамытуға себін тигізеді.

Оқу үрдісіндегі тілдік қарым-қатынастың табиғи болмысына жақындатып, сөздердің айтылуын, екпін мен сөз ырғағының қойылуын, оқушылардың тілдік қатынасқа еніп, талаптарға сай жаттығып, табиғи жағдайда да сол бейімдері мен дағдыларын қолдануын жүзеге асыруға басымдылық берілуі қажет. Сонда ғана тіл үйрену өз мақсатына сай ұйымдастырылады деп санауға болады. Қатысымға бағытталған жаттығулардың басты мақсаты – сөздердің мағынасын анықтау арқылы тілдік қатысымды жүзеге асыру; оқушылардың сөздік қорын байыту және қарама – қарсы, мағынасы жуық, мағынасы әр басқа сөздердің мағынасын талдау. Тапсырмалардың барлығы сөзбен, антонимдермен, синонимдермен, омонимдермен жұмыс жасау болып табылады. Осы жаттығулар негізінде, төмендегідей тапсырмалар жүйесі құрастырылды: білімдік; проблемалық; танымдық. Тапсырмалар сөздіктермен ( түсіндірме сөздігі, омонимдер сөздігі, синонимдер сөздігі, антонимдер сөздігі бойынша) жұмыс істеуге бағытталды.

Білімдік тапсырма. Бұл тапсырма оқушының теориялық білімін бекітеді, жаңа материал туралы негізгі білік, дағдыларын қалыптастырады. Білімдік тапсырма оқушының жаңа материалды қабылдап, оны өмірде қолдана алуына бейімдейді. Әрбір тақырыпты өткеннен кейін оқушы білімін нақтылай түсу мақсатында білімдік тапсырма беріледі. Білімдік тапсырмаға мыналарды жатқызуға болады: мәтіннің ішінен түсініксіз сөздерді тауып, оны теріп жазу; сөздердің мағынасын түсіндіме сөздіктен іздеу; сөздермен сөйлем құрау. Бұлардың бәрі оқушы – мұғалім қатынасы арқылы орындалады. Мысалы, мәтіндегі түсініксіз сөздерді тап, оларды теріп жаз, мағынасын түсіндір. Қарамен берілген сөздерді пайдаланып сөйлем құра. — Асқар асқар тауға шықты. Тау іші салқын. Тау суы тастай екен. Бұл тапсырмаларды орындау үшін оқушы сөздердің өзіндік ерекшеліктерін білуі тиіс. Мұнда оқушы түсініксіз сөздердің мағынасын ажырату үшін түсіндірме сөздікпен жұмыс істейді, сөздерге сөйлем құрайды. Сөйлем құрау арқылы оқушы лексика туралы негізгі

 

түсінігін, білімін нығайтады. Демек, оқушы бұл тапсырмаларды орындай отырып, сөздік қорын дамытады, тілдік қатынасты меңгереді. Бұның бәрі қатысым әдісімен интерактивті дамыта оқыту арқылы жүзеге асады.

Проблемалық тапсырма. Оқушыға проблемалық мәселе туғызып, оны оңтайлы шешім қабылдай отырып шешуіне бейімдейтін тапсырманың түрі проблемалық тапсырма деп аталады. Мұнда қатысым әдісі арқылы интерактивті деңгейлік дамыта оқыту жүзеге асады. Мысалы, 1 – тапсырма: Берілген сөздердің қарса мәндес сөздерін тап. Сол сөздерді қатыстырып сөйлем құрастыр. 1. Өң, бет, дидар, рең, шырай. 2. Момын, жуас, ынжық. 3. Ұғымтал, алғыр, зерек. 4. Әдемі, әсем, сұлу. 5. Ту, жалау, байрақ. Оқушылардың алдына синонимдік қатардағы сөздер беріліп, оның мағынасын қалай анықтау проблемалық тапсырма ретінде қойылды. Тапсырманы орындау барысында оқушы өзінің ақыл – ойы арқылы кез – келген сәтте тығырықтан шығуына болатынына оқушының көзін жеткізеді.

Танымдық тапсырма. Оқушының ойлау қабілетін, дүниетанымын, ой – өрісін, сөздік қорын, қатысымдық әрекетін дамытуға арналған тапсырманың түрі танымдық тапсырма деп аталады. Танымдық тапсырмаларға сызба бойынша жұмыс, сурет бойынша жұмыс, сөйлем құрастыруды жатқызуға болады. Мысалы, мәтінді оқып шық. Құстар туралы не білетініңді айт. Мәтін: Құстар туған жерге оралды. Туған жерге құстар топ – тобымен келіп жатыр. Күзде қалай топтасса, көктемде де солай. Өздеріне таныс әуе жолынан да адаспаған. Күзде кеш кеткендері көктемде ерте келеді. Күзде ерте кеткендері, көктемде кеш келеді. Талай қиындықтан, қауіп – қатерден өтеді. Биік асулардан да асады. Оларға ештеңе бөгет бола алмайды. Қанатты қонақтарымыз туған жеріне қайтып оралды (

«Балдырған» журналы).

Ғылыми деректерге, тәжірибелі оқытушылардың пікірлеріне сүйене отырып, тілдік жаттығуларға қойылатын талаптар анықталды: жаттығуларда қатысымдық бағыттың басшылыққа алынуы; жаттығуларда сөйлесім түрлерінің толық қамтылуы; оларды орындатудағы қиындықтың ескерілуі; жаттығулардың мазмұны дұрыс, қызықты, түсінікті болуы. Осыған орай мектеп оқушыларына қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқытуға арналған арналған жаттығуларды төмендегідей топтарға бөлуге болады: ізденімдік жаттығулары. Оқушыға тапсырма беріп, өз бетінше жеке жұмыс жасауға бейімдейтін жаттығудың түрі ізденімдік жаттығулары деп аталады. Мысалы, «Жеті ата» дегенді қалай түсінесің? «Өзіңнің жеті атаңды білесің бе?» деген тақырыпта пікірталас ұйымдастырыңдар. Жаттығудың мақсаты – оқушылардың сөздік қорын дамыту, қатысым әдісімен интерактивті және деңгейлік дамыта оқыту арқылы тілдік қатынасты меңгерту, ата – баба салтын білуге іздендіру. Жаттығудың тиімділігі – өз бетінше ізденуге жетелейді, пікірталас арқылы оқушылардың ауызша сөз байлығы дамиды, ойлау қабілеті жетіледі, ойын еркін айта алуға дағдыланады. Жаттығудың маңызы – сөздік қорды меңгертуге мүмкіндік береді, тілдесім әрекетінің түрлерін игеруге ықпалын тигізеді, ой –өрісін дамытады, ізденуге, өз тарапынан білуге талпынады.

Қатысымдық жаттығулары. Оқушының жеке ойын, пікірін, көзқарасын қалыптастырып, өзінің ұсынысын ашық айтуға бағыттайтын жаттығудың түрі қатысымдық жаттығулары деп аталады. Мысалы, « Тоқылдақ – пайдалы құс» деген тақырыпқа тірек сөздерді пайдаланып 5 – 6 сөйлем құраңдар да бір – біріңмен құстар туралы әңгімелесіңдер. Тірек сөздер: орман емшісі, айту, құрт – құмырсқа, бау – бақша, пайда келтіреді, зиянды жәндіктер, табиғат. Жаттығудың мақсаты — сөздің мағынасына зейін қоя білуге үйрету арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, тілдік қатынасты жүзеге асыру. Жаттығудың тиімділігі – сөйлем құрау арқылы оқушының білімі бекиді, сөздік қорын молайтуға мүмкіндік туғызады, қатысым әрекеті жетіледі.

 

Жаттығудың маңызы – оқушы өзіндік пікірін, көзқарасын, айтар ойын еркін, ашық, анық жеткізуге, сөйлеуге дағдыланады.

Бекіту жаттығулары. Оқушының өткен сабақтардан алған білімін тиянақтайтын,  жаңа материал туралы негізгі білік, дағдыларын қатысым әдісі арқылы қалыптастыратын жаттығудың түрі бекіту жаттығулары деп аталады. Бекіту жаттығуы жаңа сабақ өтілгеннен кейін материалды бекіту үшін беріледі. Мысалы: Берілген сөздердің мағынасын анықта: 1.Қыстың көзі, адамның көзі, күннің көзі, артында қалған көзі, матаның көзі, ағаштың көзі, 2. Қара қарға, қара көйлек, қара шаш, қара қағаз, қара ниет, қара сөз, қара өлең, қара жұмыс. 3. Қалың кітап, қалың қол, қалың қағаз, қалың мал, қалың ел, қалың дос, қалың байланыс.

Жаттығу мақсаты – өткен тақырып туралы оқушының білімін деңгейлік тапсырмалар арқылы нақтылай түсу; айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым және тілдесім әрекеттерін сынып – сыныбына қарай бірте – бірте күрделендіру арқылы оқушының білімін, сөздік қорын бекіту. Жаттығудың тиімділігі – оқушылар сөздікпен жұмыс жасауға дағдыланады; сөз мағынасын талдау арқылы лексикалық қоры кеңейеді; ойы бекиді. Берілген жаттығулар сөздің мағынасын анықтау арқылы оқушылардың сөздік қорын дамытуға, тілдік қатынасты меңгеруге көмек көрсетеді.

Қазақ тілін үйрету барысында тек танымы мен бейімі қалыптастырылып қана қоймай, тәлімдік жұмыспен де ұштастыру қажет. Ол мақсат тіл үйретуде мақал-мәтелдер арқылы да жүзеге асырылды. Оқушы ұғымына ауырлық келтірмейтіндей мақал-мәтелдер, қысқа тұрақты сөз тіркестері қамтылса, олар, біріншіден, оқушының сөйлеу тілін дамытады. Екіншіден, табиғи жағдайға байланысты материалдар арқылы қызығушылықтарын, пәнге ынталылығын арттырады. Мысалы, «Көктем» тақырыбы аясында «Батыр туса — ел ырысы, Жаңбыр жауса — жер ырысы», «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді»; «Дәрігерде» тақырыбы аясында «Тәні саудың — дені сау», «Ішің ауырса, аузыңды тый, Көзің ауырса, қолыңды тый»; «Адамның дене мүшелері» тақырыбы аясында «Сөз анасы — құлақ», «Көз — адамның айнасы», т.б. ұсынып отыру тақырыпты кеңірек меңгеруге әсерін тигізеді.

Қазақ тілін қатысым әдісімен интерактивті деңгейлік дамыта оқытуда оларды өзара бірлікте пайдалана отырып орындалатын тапсырмалар мен жаттығулардың түрлері, біріншіден, оқушылардың білімдерін тереңдетіп, сабақты шығармашылық ізденіспен меңгеруге жетелейді; екіншіден, оқушының сөздік қорын, ой – өрісін дамытып, дүниетанымын кеңейтеді; үшіншіден, жеке өзіндік көзқарасын қалыптастырады; төртіншіден, пәнге деген қызығушылығын арттырады және оқушыларға сөздіктермен қалай жұмыс істеуді меңгертеді, сол арқылы сөздік қорды дамытады.

Оқушыларының танымдық және эмоционалдық ерекшеліктерін ескере отырып, сабақта ұйымдастырылатын қатысым әдісінің көрнекіліктер арқылы ұсынылған, сөзбен бейнеленген, сұраққа жауапты талап ететін түрлері тиімді болып табылады. Қатысым әдісі арқылы оқыту жеке тұлғаның шығармашылық қабілетін, рухани мүмкіндіктерін ашып, ойлауды жүзеге асыруға, оны қалыптастыруға мүмкіндік береді, сөйлесім әрекеттерінің компоненттерін толық қолдану арқылы жүзеге асырылады.

 

 

 

Әдебиет:

  1. Қазақстан Республикасындағы білім туралы заңнама. — Алматы: Юрист, 2012. -192 б.
  2. Әбілқасымова А.Е. Қазіргі заманғы сабақ. — Алматы, 2014. – 218б.

 

  1. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. –Алматы, 2011.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *