ҒЫЛЫМДАҒЫ ҒҰМЫР  

ҒЫЛЫМДАҒЫ ҒҰМЫР

 

Бекмағанбетова О.Қ.

(Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі)

 

 

Ғылым тек тоқтаусыз дамып отырғанда ғана ғылым бола алады. Өйткені ол − Адам интеллектісінің, ақыл-ой, парасатының шарықтау биігі, толассыз дамуының шексіз көкжиегі. Ғылымның дамуы ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз ұласып жататын өнеге-үлгі, дәстүр жалғастығына байланысты, ал бұл жалғастық ғылым дүниесіне жаңалық әкеліп жатқан әрбір жаңа еңбекке ғалымдар қауымының әрдайым сергек қарап, сарапқа салып, оң не теріс қабақпен қабылдауына, бағасын беріп, ғылым саласынан орын беріп, санатқа қосу, қоспауына байланысты. «Ғалымды бағалау − ғылымды бағалаудан туады» деудің себебі де осы бір қалыптасқан тамаша дәстүрге байланысты. Міне, осындай қазақ әдебиеті ғылымын өркендетуге үлес қосып жүрген сөз зергерлерінің бірі ғана емес, бірегейі, белгілі әдебиетші ғалым, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі − Серік Негимов. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Серік Негимов 400-дей ғылыми, әдеби-сын мақалалар мен рецензиялар жариялады. Ұлттық поэтика, ақын-жыраулар поэзиясы, қазіргі қазақ лирикасы, өлең құрылысы, риторика саласында еңбектенді. Ғалымның есімі қазақ әдебиетінде халықтың рухани өркендеуімен, әсіресе сөз өнерімен тығыз байланысты. Оның әдебиет саласындағы әрбір сүбелі ғылыми- танымдық еңбегі мен зерделі зерттеулері әр қазақтың ұлттық рухын оятады. Ол ғылымға еңбектерін ұсыну жолында да, ғылым жолында шәкірттер тәрбиелеуде де, білім саласындағы ұйымдастыру жұмыстарында да адамгершілік пен ізгілікті негізгі принцип

 

етіп ұстаған ғалым деп айтуға болады. Серік Нығметоллаұлының ғылымдағы сара жолы мен еңбектерін таныстырып, оған қатысты мадақ айтып, әуре болудың өзі де артық. Мұның өзі ғалымның ғылым сахнасындағы шынайы келбетін аңғартады.

Серік Негимов туралы кімнің ойын, пікірін алсаңыз да ауызға ілінер бірінші қасиет – оның шынайы ғалымдығы, шын ғалымдарға тән ақкөңілдігі, терең білімі, биік мәдениеті, адалдығы мен тазалығы, өзгеше адамгершілік қасиеті.

Ұлттық сана-сезімнің өрлеу дәуірінде зиялы қауымның саясаттан тыс қалуы мүмкін емес. Өйткені, мәдениеттегі қозғалыс динамикасын әдетте зиялы қауым жасайды. Ұлттық мұратты мақсат тұтқан қазақ зиялылары қай кезеңде де өз білімдерін қоғамды басқаруға, елдің санасын оятып, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға қызмет етері хақ. Осы орайда, еліміздегі ғылым мен білімнің ордасы Еуразия ұлттық университетінде жас жеткіншектердің жетекшісі һәм тәрбиешісі, ғалым Серік Нығметоллаұлы – ұлт руханиятының көрнекті кайраткері деуге болады. Себебі еліміздің рухани қазынасын байытуға, халқымыздың тілінің, ділінің, дінінің бүлінбеуіне, ұлттық қадыр- қасиеттеріміздің сақталуына, елдік бірлік-берекеміздің нығая түсуіне қызмет етіп жүрген көрнекті ғалым.

Бүгінгі таңда сөз қадірін, оның мәнін түсінбеушілік, сөздің күш-қуатының кемуі, үлкеннің кішіге құрметінің, кішінің үлкеннің алдындағы ізеттілігінің төмендеуі тұтас бір қоғамға кері әсер етері анық. Сондықтан да Серік аға сөз өнерін зерттеп, шешендік қасиеттің адам бойына калыптасуы жөнінде талай пікірлер білдірген. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы «Шешендік өнер» кітабында кеңінен толғайды. Серік Негимовтің ойынша, бүгінгі зиялы қауымға әңгімешілдік өнер жетіспейді. Ғалымның айтуынша, Ұлы Даланың бұрынғы жыраулары, ақындары, күйшілері, термешілері, сал- серілері әңгімешілдік өнердің дарабоздары болған. Солардың арқасында xалықтың руxанияты көтерілді. «Біз оқыдық па, тыңдадық па, соны қолдана білуіміз керек. Мәселен, Абайды Шәкәрімді білесің, Мағжанды білесің, Сұлтанмаxмұтты білесің, бірақ оны өз ісіңде қолдануың керек қой. Міне, сонда қоғам руxани жағынан жетіледі», — деп атап көрсетеді. Қысқасы, шешендік – ел келешегі жастардың рухын аспандатар, асқақтатар өнер. Бүгінгі қазақ елінде, туған жерімізде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, ана тіліміздің коғамдық қызметі жоғарылаған кезеңде шешендік сөздің әлеуметтік мәнін ұғындыру ici және мемлекеттік тілде шешен сөйлеу мәдениеті мәселесі аса өзекті. Ал жастарды шешен сөйлеу мәдениетіне баулу ici – өз алдына мән-мағынасы зор мәселе. Ал қазақтың халықтық рухы орасан. Тек рух сақталса ғана, жастар рухын оята білгенде ғана халық мерейі, абыройы қаз қалпында болмақ. Рух тұнған тұста ғана қалыптасу үстіндегі тұлғаны тұтандырар, ілгерілетер идея да күшті. Демек, бүгінде жастардың рухын еселеп жандандыра, жаңғырта түсер кешенді ойлы істер ауадай кажет. Ал ел болашағы – қазақ жастарының рухының биіктігі, жоғарылығы – ұлт тәуелсіздігі сақталуының бірден-бір айғағы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, шешендік шежіре-рухани байлық көзі. Халқымызға тән шешендік өнер тәліміне кейінгі ұрпақты тәнті етер болсақ, орасан рухани шапағат, парасат сыйлаймыз. Ал рухы зор, рухани бай ұрпақ – еліміздің сенімді келешегі. Ол өз еңбегінде осының бәрін ескере отырып, ұлттық шешендік өнердің табиғатын терең талдайды. Ұлттық әдебиет, мәдениет, фольклор тарихындағы елеулі ескерткіштер сөз болып, шешен-билер мұрасындағы шешендік өнерге қатысты ой-пікірлер таразыланады. Ғалым шешеннің алуан түрлі, сан қилы хабарлар жеткізетін жүйке талшықтарының сезімшіл, қозғаушы, тітіркендіруші қасиеттері, көру, сезу, есту қабілеттері, образдар ассоциациясын тудыру, сыртқы дүние әсерлерін қабылдау — шешен болмысының өзге-шеліктерін анықтайтын көрсеткіштер екендігін нақтылап айтады.

 

С.Нығметоллаұлы: «Асқақ шешеннің асыл қасиеттері тумысынан болады. Жас баланың еліктегіш болатыны аян. Оның ақыл-ой қабілеті мен сөз сөйлеуінің нақты белгісі айналадагы дыбыстарды қайталауға құрылады. Ол баршасын естиді, һәм қайталайды. Ол естіген дыбыстарын сол қалпыңда (мәнерімен, айтылу болмысын, психо-физиологиялық ерекшеліктерін, шешен сөйлеудің логикалық-композициялық құрылысын, тақырыбы мен түрлерін, стильдік табиғатын, оның біртұтас процесс, импровизациялық өнер екендігін баяндайды.Шешен сөйлеудің табиғатын тексергенде ең негізгі, ең басты мәселе — сол шешен адамның жаратылысы, табиғи психофизиологиялық қасиеттері, ерекшеліктері, жүйке талшықтарының жүйесі. Әсіресе миға ерекшелігімен қайта айтады. Қазақ халқының адам баласының небір асыл, мәйек қасиеттері «Ананың сүтінен» деуінің сыры осы. Ол табиғи әрі рухани нәр-қорек. Бесік жырлары жас баланың рухани болмысына лайықталып шығарылған.

Баланың бүлдіршін шағынан ән, күй, жыр, ертегі-аңыз естіп өсуі — ең мәнді, қисынды, табиғи құбылыс болып саналады. Шешендік өнерге баулудың бұлжымас шарты осы» — деп тоқталып өтеді.

Алаш мұрасын «Мәңгілік Ел» идеясы аясында дамыта зерттеп, ұлт зиялыларын –

«Ұлы дала елі» қайраткерлері ретінде әлемге таныту керектігін айтады.

Әдебиетті насихаттау мәселесін ысыра беруге болмайды. Бұл – нағыз «мылтықсыз майдан!». Бұл майданда жеңіліс табу, түптеп келгенде тілдің, ділдің, рухтың, ұлттың жеңіліс табуы екенін ұмытпауымыз керек! Ұлт руханиятының ең ірі саласы – көркем- әдебиеттің тағдыры мен талайын, бағыты мен бағдарын, өрісі мен өркенін анықтайтын міндеттер мен шаралардың дәл қазіргі таңдағы кезек күттірмес тұстары осы. Ендеше, осы бағытта талай жыл ерінбей еңбек етіп, ғалым мен ғылымның астасып жатқан осынау 70 жасқа толған мерейтойыңызда біздерге, жастарға, әлі де айтарыңыз көп болсын дегім келеді.

 

 

 

Әдебиет:

  1. Уалиев Н. Сөз мәдениеті. – Алматы,
  2. Негимов С. Шешендік өнер. – Алматы,
  3. Негимов С. Мәдени-философиялық энциклопедиялық сөздік. – Алматы,
  4. Негимов С. Әдебиет әлемі. – Алматы, 2008.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *