ПОЭЗИЯДАҒЫ КӨРКЕМДІК МОДУСІ
Байтанасова Қ.М.
(Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ)
Көркемдік ұғымы өнердің сипатын ашуға қызмет етеді. Бұл сонымен бірге көркем туындының болмысын талдап, бағалауда да қолданылады. Өнердің ерекшелігі оның эстетикалық табиғатынан туындайды. Көркемдік — адамның қоршаған орта мен жаратылыс құбылыстарына деген эстетикалық қарым-қатынасының мәдени формасы. Бұл суреткердің дербес эмоционалдық рефлексиясын, көңіл-күй ахуалын аңдатады. Қандай да өнер туындысы белгілі бір көркемдік модусіне қатысты болады. Туындының көркемдік ерекшелігі тек белгілі бір қаламгерге ғана емес, ол өз қоғамының, ұлттық болмысының да ерекшелігін танытады. Қазақ тарихындағы отаршылдықтың кесапатын көрсеткен Дулат ақын кезең поэзиясына тақырып пен түр өзгешелігін әкелу үстінде, берекелі елінен құт қашқанын, кең өрісінің тарылғанын, ағайын арасына жік түсіп, екіге жарылғанын, жердің шұрайлысы орыстың қолында қалғанын айтып («Жеріңнің алып шұрайын, дуан салып
жайланды»), мұң шағады. Халқын езгіге қарсы көтеріп, еңселерін тіктеуге ықпал еткен Махамбет туған Нарынының талауға түсіп адыра қалғанын, өзінің елден безіп, қаңғып кеткен қараша екенін («Ел қорыған мен едім, Мен де айырылдым елімнен») айтып, жалғыздықпен серік болғанын өкініш етеді [1, 39 б].
Сахараның құнарлы топырақты жерлерінің талауға түсуі, бейқам тіршілік жүйесінің бұзылуы күйініш, өкініш өлеңдерінде өрнектелген. Қазақ жерінің шетіне жағалай әскери қамалдар салу, оның айналасындағы кең жерді иемдену, шұбырынды қара шекпендерді көшіріп, оларға ең шұрайлы жерлерді бөліп беру, бұдан қалғанын патшаның меншігіндегі үлес деп елдің аузынан жыру, қазақ қоныстарын зорлықпен бұзып, елді тықсырып тастау, соры қайнаған жергілікті тұрғындардың өз жерін өзіне «жалға» беру, «егіндік жерлерімізді малдарың таптады» деген себеппен қазақтарға айып төлету секілді зорлықтардың ұзын тізбегі жалғасып кете береді. Шайқаста үстем болғандар жерге билік орнатып, жайлы қонысты басып алды. Ал, халыққа Шернияз ақын толғағандай:
Ханның көркін сұрасаң, Қара орман ел керек; Жұрт жабылып ішетін Айдын шалқар көл керек; Көл жағалай қонуға,
Көкорай шөпті жер керек,-еді [1, 42 б]. Бұл нала мен зар олардың ішкі көңіл түпкіріндегі жаттықтан, өкініштен туындап отыр еді. Сол себептен де зар заман ағымы тереңдеп, өз туған ел, жерінде отырса да, оқшауланған ой айтуға мәжбүр болды. Бұл кездегі ақын-жыраулар айналасынан нақты көріп отырған жағдайларын жырға қосты. Осы тұстағы ел жайын көріп дағдарған Шортанбай:
Еділді алып-елді алды, Енді алмаған нең алды?
Қараны санап-малды алды, Қазаққа қамқор жанды алды. Кетейін десең жерің тар, Кетпейін десең кәпір бар,-
деп екі дай болған халді баяндайды [1, 49 б]. Әлеуметшіл ақын наласы тағы да халықтың басына түскен ауыртпалықты көрсетеді. Өздеріне берекелі қоныс болған жердің ендігі қайырсыздығы ақынның жанына батып, жат пиғылды сөз («адыра қалғыр»,
«қайырсыз жер») айтуға мәжбүр болады. Қазақ елі елдігінен айырылып, дағдарып тұрған кезде ғұмыр кешкен Мұраттың заманы бостандық үшін «егескен ердің бәрі жер тіреген» заман. Патша хүкүметінің қазаққа құрған саясатының гүлдеп тұрған заманы, қазақтың бұрынғы тұрмысы өзгере бастаған, қазақтың бұрынғы кең қоныстан, сүйкімді әдеттен, еркін салттан айырыла бастаған заманы» болды. Осы көңіл-күйдің ауанында қайырсыз болған жұртына ақын ащы да айтуға мәжбүр. Бұдан түйетін ой түркі жұртына алдымен ел мен жердің амандығы, бүтіндігі керек болды. Бұл елдің болашағымен де сабақтас еді. Заманының құбылуынан шошынған ақын-жыраулар кейде «бұл қонысқа қондырған ата- бабам оңбасын» деген қатаң айтуға дейін барады. XIX ғасырдың екінші жартысында патша үкіметі қазақ даласын билеп-төстеудің бір амалы ретінде, шекарадағы басқару ісін атқара алатын, іс жүргізе алатын адамдарды дайындау үшін қазақ балаларына арнап мектептер ашады. Осы мектепте білім алған Ыбырай, оны аяқтаған соң Орынборда тілмаш болады. «Қазақ халқы менен көп үміткер» деп өзі айтқанындай қазақ халқына осы тұстағы аса зәру мәселе оқу мен өнер-білімді меңгеру екенін түсінеді. Халқының азат, мәдениетті ел болуын көксеген («Торғайдың жарына шығып, төңірекке көз жіберіп, қозғалыссыз
меңіреу жатқан ен далаға қарасаң, өзіңнен-өзің “бұл не деген өмір, бұл не деген күй? Бұл осы бетімен кете бере ме екен?-деп ойға шомасың… Малдың үйір-үйірімен жоқ болып жатқаны өз алдына, қазір жоқшылыққа, ауруға шалдыққан жұрт жәрдем сұрап жүруіңе жол бермейді. Біздің бақытсыздыққа ұшыраған Торғай қашан жөнделер екен?») [2, 248 б]. Ел ішіндегі сұрқай көріністер толғантқан қаламгер де елге қолұшын беруге әрекеттенеді. Ел-жұртының білімнен, өзгерістен қалыс қалмауын тілейді. Ыбырай, бұл аңсарын көркем шығармаларында да көрсетеді. «Қыпшақ Сейітқұл» аңызын әңгімеге айналдыра отырып, отырықшылық пен сауда мәселесімен қоса, ағартушылық мәселесін де аңғартады.
«Болыстық мектеп, көшкен елмен бірге көшіп” жұмыс жасау қажет деп айтқанда, Ыбырай сол әдіспен оқытудың қолайлылығын айтқан жоқ. Басқа мүмкіншіліктің жоқтығынан, лажсыздықтан айтқан еді Ал, отырықшыланған елде оқуды дұрыс жолға қою анағұрлым тиімді. Демек, «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі Алтынсариннің ағартушылық идеясымен де сабақтас» [3, 61 б].
Жұртының көкірек көзін ашуға ұмтылған Абайға да заманы «көптің бірі» болып жүрсем дегенді айтқызды. Бұл ретте зерттеуші Ш.Елеукенов: «Біз бұған дейін Абайды отаршылдыққа қарсылық ойлаған күрескер ретінде зерттемедік. Мағжанның сипаттауында («Алқа» үйірмесіне байланысты бағдарламада) далаға лап қойған отаршылдықтан зар шегіп, өмірінің аяғын қайғыда, құлазуда өткізген, ақыры қан жұтып өлген жан. Шынында да Абай өлеңдерінде бөтен ел табанындағы халықтың жадау тұрмысы («қай жерінде кедейдің тұрсын күйі»), қазақ ішінің берекесіздікке ұшырауы («болды да партия, ел іші жарылды»), ел басқарушы шіренгендердің өздерінің сайқымазақ жайы, бодандық санасы («Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға, шілтірейіп отырсың, шенді шекпен жапқанға») тағы басқа көзден жас ағызып, омырауыңды бояйтын жайлар аздық еткен бе?»,- деп ой түйеді [4, 18 б]. Шынында Абай өзі ұмтылған, насихаттаған орыс оқуының шыққан жеріндегі отарлау мен езгіні танып, білді. Оның келешек жастың таяз санасына орныға бастаған («оқалы киім киюге, прощение жазуға») кейпіне налып, бітімі бөлек ой айтты. Бұл ой оқшау тірлікке бастады.
Бұл кезеңдегі ақындар өз ортасына «жат» болған күйді сезінетін философиялық тақырыпқа да назар аударып, енді өмірдегі ауыртпалық пен зар-мұңды айтуда өмірдің, жаратылыстың ірілі-ұсақты құбылыстарына ден қояды. Бұл поэзияның көркемдігін кеңейтті. Ақындар шартты ұғымдар айналасында да толғанып, өлім мен өмір туралы ойды жарыстыра берді. Бұл лирикалық кейіпкерді тіршіліктің мәнін терең ұғуға итермелейді.
Көркемдік ұғымы автордың дербес шығармашылық ұстанымы толық ашылған тұстан табылады. Ол автордың ғана емес, тұтас дәуірдің сөз өнерінің деңгейін, көркемдік қуатын да айқындайды. Халқының болашағына үмітпен де, күдікпен де көз тіккен Мағжан Абай айтқан «қалың елі, қазағының» күйін айтып, ауыр ойға беріледі («Ойламай отқа түскен неткен жанбыз, сөз ұқпас мылқау, меңіреу, жүрген жалғыз») Ақын жердің жүзінің солғын тартып, түсінің қашқанын айтып, зар шексе де («сәулесіз, айсыз-күнсіз қараңғыда, өтермін аһ ұрумен шықпай үнім») құдайдың бір рақымы болатынына сенеді:
Күркіреп қара бұлт аспан-көкте,
Жасаған кең рақметтің кілтін ашар [5, 60 б].
Адамның айналасынан тірек те, тұрақ та таппай дағдарғанында, сана, танымында жасырынып жатқан өзге сезім-күйлердің бас көтеретіні анық. Мағжан да жер бетінің тауқыметінен көңілі қайтқанда, «өзіне көктің тілектес болатынына» сеніп, жасағаннан жәрдем сұрайды. Мағжанның мұндай көңіл-күйге баруының да өзіндік себебі бар. Жер бетіндегі кері кеткен заман келбеті ақынның тура айтып, нақпа-нақ айтуға тиісті ойларын
жұмбақ астармен беруге бейімдеді. Шетел және отандық әдебиеттануда образ-кейіпкер проблемасына ғылыми және көркемдік тұрғыда назар аударылып келеді. Кейіпкерді постқұрылымдық негізде дәйектеу М.Бахтиннің еңбегінде кездессе [6, 197 б], одан кейін персонаждың коммуникативтік, сюжетқұрушылық, баяншылық қызметі А.Ж.Греймас, Ж.Курте, Ю.Лотман, П.Хоган зерттеулерінде қарастырылды. Мұнда кейіпкердің нақты болмысының өзгеретіндігін, автор мен кейіпкер арасындағы байланыс өзара алмасып, негізгі басымдық мәтінге берілетінін айтады. Бұл негізінен проза жанына тән болса да, жоғарыдағы өлеңнен автор мен лирикалық кейіпкердің болмысының үндесіп кеткенін, оның өз орнын басқаға ұсынатынын баяндау формасында бергенін байқаймыз. Ақындар неге монолог түрін таңдады? Бұл кезде әдебиет өкілдері қоғаммен ашық диалогқа түсетіндей халде емес еді. Сондықтан да ақын өзі болып та, лирикалық кейіпкер болып та сырын ашады. Ахмет «Қазақ қалпы» деген өлеңінде:
Бір өртке қаудан шыққан душар болып, Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!
Алаштың адамының бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған?! [7, 6 б].
Сөйтіп, халқының халін толқында қалтылдаған қайыққа ұқсатады. Ескексіз қайықты жел қалай шайқаймын десе еркінде. Бағыт алған жолы бұлдыр. Елдің қамын ойлайтындар жоқ. Туған елінен шалғайда өмір кешкен адамның түсіне кір жуып, кіндік кескен жұртының кіретіні, әрі ол үнемі қайталанып, соңында тұтас ел, жерді емес, оның бөлшегін, тау, тасын, өзен, көлін, жусанын сағынып, олар бір белгі, символға айналып кететіні шындық. «Табиғи құбылыстардың қалыптасқан философиялық-өмірлік байламдары, тұспалдық мағыналары болған. Мысалы, аң мен құстың тұяғы мен қияғы, қураған терек ауызға алынса онда тыңдаушылар жаман хабарға дайындалған. Ал, жан-жануарлардың дүбірі, құс қанатының суылы, еменнің жасыл жапырағы жырланса, онда қуаныштың белгісін білдіреді. Тұяқ, қияқ, қуарған ағаш — өлі табиғаттың, ал дүбір, суыл, жапырақтардың шуылы — тіршіліктің тұспалдары. Алып бәйтерек — түркі
Көркемдік модусі туындының болмысын айқындайды. Кезең әдебиетінде идиллия мен элегия модусі қатар жүреді. Ел-жұртының халін бағдарлай отырып, ақындар осы екі сезім-күйге қатар беріледі. Ақын шығармаларындағы идиллия өткен өмірді аңсау, соның берекелі, бейбіт тіршілігін сағыну түрінде берілсе, элегия модусі ортаның ахуалына деген наразылық, көңіл-күйдің сентиментальдігі арқылы беріледі. Ақын атаулы бұрыннан таныс, табиғи суретті енді түстеп, түгендей бастайды. Көркемдік бейне жалқылық, бөлшектік сипат иеленеді. Мұның астарында туған ел, жерінің қадір-қасиетін шегендей түсу, көзі мен көкірегінде сақтап қалу байқалады. Сондықтан да басы қарлы, топырағы мен құмы алтын, кенге бай, аң-құсқа мол Алтайды барша қасиетімен жырға қосқан Ақық ақын («сай-саласы, ой-қыры көзге елестеп, бойды билеп еріксіз басар қайғы») десе, абақтыдан босап, Ілеге келгендегі амандасуын Таңжарық аймақтың бүкіл көрінісін көз алдыңа әкелумен («жон- жота, шоқы, төбе, дөңестерім, бел-беткей, белегір мен белестерім, тау-тасың, тал, қарағай қайың, терек, кетпейтін көз алдымнан елестерің») тұтас көрсетеді.
Таңжарық ақын өзінің шетте жүргенде дос-жарандарынан келген хат-хабарға ерекше қуанып, ауыр ойдан сергиді («Бас қосып сендерменен бір жүргенде, шайылып жүректегі кірім кеткен»). Жастық шағын білдірмей ұрлаған өмірге өкпелейді, домбыраның құлағын бұрап, сағынышын басады. Тіпті жырақтағы ақын ел-жерін, оның тау-белдерін елестетіп («өз елім, өз отаным, өз жынысым, бел-беткей көрдім аман белесімді»), сол елестің өзін жанына демеу етеді. Мұндағы лирикалық ой кейіпкердің қатысуындағы белгілі бір
оқиғаны ала отырып, оның өту уақытын, оның әсерін шартты ете түседі. Бір жағынан мезгілдік тұрғыда алыстап кеткен оқиға ақынның еске түсіруі, тағы бір ой талқысынан өткізуі арқылы жақындайды, әсерлі болады. Сөйтіп, уақыт жағынан алыстаған дүниені көңілдері, ойлары арқылы жақындатады. Ғалым С.Негимов: «Таңжарықтың тағдыры – айқасып-шайқасып, алысып-жұлысып өткен, қорлық пен зорлықтың, жауыздық пен зұлымдықтың, бейнет пен азаптың небір ирелең, бұралаң сойқанды жолдарынан өткен жанкешті халқының күрделі тағдыры деуге болады. Ұлтжанды күрескер ақынның көл- көсір шығармашылық мұрасында кеңестік қиын-қыстау кезеңнің зобалаң бұрқаныстары, жан түршігерлік азаптаулары шоқтай күйдірер шынайы шыншылдықпен, кемел көркемдікпен кестеленді» [9, 71 б]. Таңжарық көшпенділік тұрмыстың отырықшылдыққа ұласар кезеңін қуаттай отырып, ел-жерінің қаймағы бұзылмаған ежелгі болмысын жанына жақын тұтады. Өмір басқа қиырға әкетсе де, өткеннің елесін қайта жаңғырта алатын жырлары арқылы ақындар өздерін дүниелік тірліктің стихиясындағы ізді танып біле алатын «алыстағы бақыттың» куәгеріндей сезінеді, уақыт тұтқынынан босауға ұмтылған армандарын да жасырмайды. Мұның өзі шығармашылық тұрғыдан алғанда ақындардың қиялмақсаты әрқашан жанды күйінде қалатындығын дәлелдейді.
Өткен ғасырдың алмағайып өзгерісі ойшыл, тұрмыс-тіршіліктің өзгерісіне байыппен қарайтын кейіпкерлерді әкелді. Сұлтанмахмұттың лирикалық қаһарманы басынан өткенін сыр етіп ақтарып, өзінің өмір өткелдеріне шолу жасайды, баға береді. Ақынның кедейі тек жалшылық пен ауыр бейнетті үнсіз атқарушы емес, енді өткен өмірін таразылап, өзін өзгелермен салыстыра бастайды. С.Торайғыров «Адасқан өмір» поэмасында қоғамдағы әділетсіздіктердің туу себептерін ашып, теңдік жолына түсудің амалдарын іздеген кейіпкердің лирикалық толғанысын берген [10]. Шығармадағы бала кейіпкер өзінің ешнәрсеге алаңсыз қалпын («Мен ұжмақ періштесі, көңілім таза, қандай нәрсе білмеймін: бәле, қаза»), жігіт шағындағы өмірдің ақ, қарасын, әділдік, зұлымдығын танып, соны өзінше таразылап, қорытынды шығаруы («Қарғаймын әділдіктен басқа жолды, өңім тұрсын, кірмесін түнде түске»), одан соң көңілін демдейтін тиянақ таппай («Ақ ниет, адал ойлар түкке тұрмай, барады ешкім оған мойын бұрмай, әділ болып байқадым, не өндірдім, бұл басым залым болып бір байқасын») деп торығуы, бұл күнде ұйқы мен тамақты ғана ермек еткен күнін күстаналап («Алдым қабір, үміт қып сенгенім жоқ, жұрт үшін еткен қызмет еңбегім жоқ, тудым, өлдім, жоғалдым, сөнді шырақ»), -деген торығумен аяқтайды.
Халық қай кезеңде де рухани тірегі болған өлең-жырдан әсте ажырамаған. Сонау жоңғардың алапат шапқыншылығында да өлеңмен зар шегіп, өлеңмен көңілдерін бекіткен халқымыз жерден ажырап, іргесі сөгілгенде, ел-жерінің құты азайып, кіріптарлық күй кешкенде де, атамекенінен ауа көшіп, көңілі ортайғанда да өлеңмен, жырмен жұбанған. Сонымен, қазақ поэзиясындағы ішкі эмиграцияның (қуғын көрудің) басы сонау көне түркі мұраларынан бастау алған. Қазақ халының елі мен жеріне деген cүйіспеншілігі культ мәніне дейін жоғарылайды. Себебі, олар үшін сахараның әрбір жанды, жансыз құбылысының киелілік мән-маңызы аса құрметтелген. Олардың ел-жерінен қуғындалуы, тұтас тіршіліктің мәнін жоғалтумен тең болды. Сондықтан да олардағы көшпенді тіршіліктің қалыпты өлшемі туған жер мен мал-жанның амандығымен, ел іргесінің ажырамауымен бағаланды. Ел басына төнген қауіп пен шапқыншылық халықтың осы байырғы, құнды ұғымдарының қалпын бұзды. Сол себептен де көшпенділер поэзиясында зар-нала мен қарсылық, қаһармандық сарындары үндес өріліп отырды. Қазақ үшін еркіндік кеңістігі «дала», «сахара», «атамекен» ұғымдарымен ұштасты да, олардың ел-жұртынан аулақтауы бір аумақтың ішінде жүрсе де, ондағы қуғын мен елден безу туған жерді, қонысты тастап кету тұтас елді жоғалту сарынымен астасты.
Әдебиет:
- Бес ғасыр жырлайды: XV ғасырдан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Үш томдық. Алматы: Жазушы,1984.-336 б.
- Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар (Құраст. Б.Сүлейменов).-Алматы: ҚазССР ҒА баспасы, 1955.-414 б.
- Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Алматы: ҚМКӘБ, 1960.-364 б.
- Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. – Алматы: Жалын, 1997.-368 б.
- Жұмабаев М. Шығармалар. Үш томдық. 1-т. Алматы: Білім, 1995.-256 б.
- Бахтин М.М.Автор и герой. К философском основам гуманитарных наук.-СПб.: Азбука, 2000.- с.336.
- Байтұрсынұлы А. Жан сөзімді кім түсінер? Өлеңдері мен аудармалары. Алматы: Қазақстан, 1994.- 112 б.
- Түрме әфсанасының тарихы (Алғысөз орнына). \\Жұртбай Т. «Ұраным – Алаш». -Алматы: Ел- шежіре, 2008.-472 б.
- Негимов С. Әдебиет әлемі. –Алматы: Ана тілі, 2008.-256 б.
- Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы 1-т. -Алматы: Ғылым, 1993. -280 б.