С. НЕГИМОВ – ҰЛТ КӨРКЕМ СӨЗІНІҢ ЗЕРГЕРІ

 

Н. Ахат

(Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі)

 

 

Қазақ әдеби тілінің қалыптасу,даму,жетілу мәселелерін ғылыми тұрғыда зерттеу ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңінен қолға алынды. Қ.Жұмалиев, М.Балақаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Р.Сыздықова, Т.Қордабаев, Ә.Өмірәлиев, Қ.Жұбанов сынды ғалымдар қазақ әдеби тілінің тарихы, теориясы бағытында ғылыми тұжырымдамалық зерттеулердің негізін қалаушы ғалымдар болды. Соның ішінде қазақтың көркем тілі,шешендік өнер турасында зерделі зерттеулер жазып, сүбелі ғылыми тұжырымдамалар ұсынғандардың алдыңғы легінде сөз өнерінің майталманы, филология ғылымдарының докторы,профессор, Қазақстан Республикасының әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Серік Неғымов тұр. Ғалымның «Өлең өрімі» (1980), «Ақын- жыраулар поэзиясының бейнелілігі» (1991), «Өнерпаздық өрнектері» (1996), «Шешендік өнер» (1997), «Ақын-жыраулар поэзиясы»: Генезис. Стилистика. Поэтика» (2001), «Мәлік Ғабдуллин» (2001), «Қазақтың сал-серілері» (2005), «Әдебиет әлемі» (2008), «Қазақ өлеңдерінің көркемдігі» (2008) атты ғылыми монографиялары осыған дәлел.Жалпы С.Неғымовтың 400-ден астам ғылыми мақалаларының басым көпшілігі сөз өнері, тіл мәдениеті, лингвистика салаларына арналған, соның ішкі архитектоникалық мәселелеріне бағытталған тұшымды туындылар.

Ғалымның «Сөз бізден, зейін сіздерден» деген қағидасы жалпы адамзат ұлысына арналған,сонау антикалық дәуір әдебиетінен бастау алып күні бүгінгі сөз өнерінің негізгі мақсаты болып отырған – коммуникативтікжәне когнитивтік кеңістікті адами тұлғамен игеру мәселесінде қажеттілікті талап етеді.Бұл, әсіресе білім беру саласының бүгінгі шет қиыры көрінбей кеткен,таусылмай отырған реформалары тұсында ең қажетті іргелі міндеттердің біріне айналып отыр.Постиндустриалдық дәуірдің жаңа төртінші өнеркәсіптік кезеңі немесе сандық, нанотехнологиялық, ақпараттық, инновациялық жылдам өзгерістерге бейімделген,әлемдік интеграция процесінің соны технологиялық жүйесінің қоғамға орасан әсер етуі – ұлы «СӨЗ» кеңістігіне өз талабын қоя бастады. Яғни ендігі жерде сөз өнері, тіл контенті заманауи сандық дүниенің аясына икемделіп, соның қазанында қайнап, өз орнын таба білуге талпыныс жасауы қажет. Осы орайда біз, тілші ғалымдар, әдебиетші тұлғалар, лингвист мамандардың еңбектері арқылы жаңа бағытты анықтауға ұмтылу қажет деп есептейміз. Осы жерде бүгінгі білім мен ғылымның өзара сабақтастығын шендестріу, кіріктіру, әсіресе 5-13 жастағы мектептегі білім негізі қалыптасар кезеңдері қазақ баласы үшін төл ғалымдарымыздың ғылыми дүниелерін негізге алуымыз қажет.

Осы орайда С.Неғымовтың «Баланың бүлдіршін шағынан ән, күй, жыр, ертегі-аңыз естіп өсуі – ең мәнді, қисынды, табиғи құбылыс болып саналады. Білім беру ісінде балаға сөзді анық, нақ-нағымен сұлу айтатын ұстаз таңдау қажет деген. Тамаша табиғи сипаттарымен тұңғыш рет естіген және әдемі дауыспен оқылған текст оның ойлау қабілетін, іштегі сөйлеуін оятады» деген пікірін бүгінгі білім реформаторлары, оқулықты, әсіресе мектепке дейінгі мекемелер мен бастауыш білім құрылымына оқулықтарды жазушы авторларға қағидат ретінде ұсынуға болады. Ғалым одан әрі «Ойлау мен тіл тамырлас. Екеуі де күрделі құбылыс. Ойды ойдағыдай жеткізу үшін оралымды, икемді тіл қажет. Оның құдіретті миы, ақыл-санасы еш уақытта тыным таппайтын алып фабрикаға ұқсайды. Сөз образ, сөз– ұғымды бедерлендіретін, үзіліссіз жұмысқа жегілген клеткалар әманда іштей тыңдайды,ойша сөйлейді немесе түйсік сөзді көреді» дейді. Адам өмірге келгеннен алғаш тілі шығып қалыптасқан шақтан-ақ монотілді. Бұл – аксиома. Сондықтан қазақтың ұлт тілінде – АНА ТІЛІ ұғымы берік қалыптасқан, жүрекке ұялаған. Ғасырлар

 

бойы осы жүйе бекіп, қатайып, ұлттың кодын жасады. Ал,бүгінгі үштілділікті ұсынушылар осы берік қамалды бұзып, ұлттық кодтың алып бәйтерегіне балта шабуға кірісті. Бәрімізге, әсіресе қазіргі гиперинтеграция мен суперсандық инновацияға еніп келе жатқан қоғам үшін немесе қазақ ұлты үшін көптілділік қажеттілік. Бірақ өзге тілді үйрену, меңгеру, жетілдіруде С.Неғымов сияқты жетекші ғалым лингвистердің ғылыми тұжырымдамаларын негізге алсақ бағытымыздан жаңылмас едік.

Ғалым «Ым-ишарат және дене қимылдарынан басқа экспрессивтік қозғалыстар бар. Мұны адамөзі аңғарғанымен аудиторияға тыңдаушы жіті сезіледі. Мәселен, өлшеусіз жоғары, өтімді немесе дірілі бар дауыс сөйлеушінің мазасыз күйге түскенін көрсетеді. Сөйлеу жылдамдығы мен ырғағының өзгеруі, психологиялық және логикалық паузалардың дұрыс жүйеленбеуі, дыбыстардың анық естілмеуі, сөздің күңгірттенуі – оның көңіл-күйінің дегбірсіздікке ұшырағанын байқатады. Әр тілдің сөйлеу әрекеті механизмінде өзіндік ерекшеліктері көп. Адамның сөйлеудегі психофизиологиялық қабілеттері әртүрлі әрі ол қабілеттер оның физикалық өсіп-жетілуінің диапазондық дәрежесіне тікелей тәуелді». Сондықтан ғалымның осы пайымдауын бүгінгі білімде, яғни жас баланың тілдік қалыптасу кезеңінде негізге ала отырып, методологиялық принципке асырса тамаша нәтиже берері кәміл. Тіл мен ойдың, тіл мен сананың, тіл мен зейіннің арақатынастық байланысында ұлттың кемел тілінің айнасы көрінеді, ұлт тілінің жоғары сапалық шкаласы анықталады. Ал кез-келген баланың, тіпті ересек адамның бірден бірнеше тілді меңгеріп, игеріп кетуі, әдеби тілдік нормаға жетуі оңай процесс емес. Бұл жерде аса дарынды, аса когнитивтік, элоквенттік қабілеттері зор тұлғалар ғана (homoсommunicans – сырласушы тұлға) үлгі бола алады. С.Неғымовтың тіл туралы, тілдің көркемдік аспектісі, соның ішінде көркемдік ойлау, көркемдік қиял, көркемділік туралы ой-пікірлерін бүгінгі білімдегі оқулықтану, оқу-әдістемелік кешендерді зерттеуде еңбектеніп жүрген ғалымдар, әдіскерлер, методологтарға негізге алуға ұсынар едім. Бұл мектеп оқулықтарын жазуда кеткен қателіктерді түзетуге көп себебін тигізері хақ.

С.Неғымовтың ұлт тілінің қайнар бұлағымен саф алтындай қазынасын насихаттауда, зерделеп зерттеудегі еңбегі өте зор. Оның қазақ ұлтының қалыптасу кезеңіне орасан әсер еткен жыраулар поэзиясынан бастап,қазіргі қазақ поэзиясының бейнелілігін зерттеу еңбектері қазақ көркем әдеби тілі ғылымында қосқан қомақты үлесін көрсетеді. Әсіресе, шешендік өнер саласындағы теориялық зерттеулеріндегі жаңашылдығы мен тұжырымдамалық ұсыныстары бүгінгі тіл ғылымына, сөз өнеріне қажетті бай материал.

Ұлттық шешендік өнер – ұлт тілінің асқар шыңы, оның Оқжетпесі.Шешеннің тумыс- бітімін анықтауда, ішкі кеңістігін сипаттауда ғылыми тамаша пікірлерді тудырады. Мәселен, «Шешен қауыммен жүзбе-жүз, бетпе-бет кездесіп сұхбаттасады. Ол бұлардың әлеуметтік құрамы мен білім дәрежесін жазбай таниды. Екіншіден, аудиторияның қалай қабылдап отырғанын көзбе-көз таниды. Үшіншіден, шешен әртүрлі таңбалар жүйесін комплексті пайдаланады. Олар: 1) лингвистикалық; 2) интонациялық; 3) кинетикалық болып сараланады. Төртіншіден, шешен сөздің артықшылығы – шешеннің өзіндік қасиеттерін әрі аудиторияны қалай бағындырып билеу шеберлігін әрі толық, әрі жан- жақты айқындап беруі»,- дейді.

Ғалым қазақтың шешендік өнерін зерттеуде әлемдік риторалар тарихымен тығыз байланыстыра отырып, өз білімінің тереңдігін байқатады. Ұлттық шешендік өнер ғылымының қалыптасуы мен дамуының теориялық мәселелерін дүниежүзілік риторика тарихымен байланыстыра, өзара контексте аналитикалық пайымдаулар арқылы жасап берді.

 

С.Неғымов – алғашқылардың бірі болып шешендік өнердің тектері мен түрлерін теориялық тұрғыда сипаттап, ғылыми негіздеушілердің қатарындағы ғалым. Шешендік сөздің тектері, шешендік сөздің түрлері, ауызша шешен сөйлеудің табиғаты, сөйлеп жаттығу әдістері, сөзді айту және дыбыстау мүшелерінің қызметі, шешеннің түр мәдениеті туралы терең де зерделі зерттеулердің авторы ретінде әдебиеттану ғылымына зор үлес қосты.

Ғылымдағы генетикалық-диахрондық бағытта дамушы құбылыстың, нәрсенің, болмыс- бітімдердің бастауы, шығу тарихы, қалыптастыру сатыларын зерттейтін генезис ілімін негізге ала отырып жыраулар поэзиясының бейнелілігін теориялық зерттеп, ғылыми кеңістікке енгізуде С.Неғымов талмай еңбектенді. Жыраулық дәстүр мен билер сөзінің қазақ ұлтының ел билеу, мемлекет құрудағы рөлін анықтаудағы еңбектері көркемсөз ғылымы үшін ғана емес, сонымен қатар бүгінгі мемлекет басқару стратегиясы үшін таптырмас мол ғылыми концептуалдық материал. «Шешен адамзат пен ғаламзат дүниесінің белгісіз сырларын қырағы байқап, тереңнен толғап, саңқылдаған, сұлу, мәнерлі дауысымен, мағыналы, парасатты толғамдарымен, түйдек-түйдек ойларымен, бет-жүзінің, сөз ырғағының еркіне бағынған қимыл-қозғалыстарымен, біліктілік-білімімен, көшелі, көреген қасиеттерімен, толқынды топты, алқалы елді, бүткіл бір халықты өзіне қаратып, құлақ құрышын қандырады,жаныңды, рухыңды дүр сілкіндіріп тазартады» деген ғалым анықтамасы, әсіресе бүгінгі әлемдік жаһандану, ғаламдық интеграциялану үрдісінде қазақтың ел билеушілері, жетекші саясаткерлері, білікті футурологтары үшін аса қажет дүние.

Сөз соңында бүгінгі қазақтың көркемсөзінің майталманы, зергері, қазіргі қазақтың даналық дүниесінің, парасаттылық пайымының, ақыл-ой кеңістігінің батагөйіне айналып, ЕЛ сөзін ерге жеткізген С.Неғымовтың ғылымдағы, қоғамдағы, мемлекетшілдік салиқалы рухты дәріптеудегі еңбегі арта бермек дегім келеді.

 

 

Әдебиет:

  1. Апресян Е.А. Ораторское искусство. – Москва, 1972.
  2. Маманов Ы. Тіл мәдениеті. –Алматы,
  3. Уалиев Н. Сөз мәдениеті. – Алматы,
  4. Головин Б.Н. Основы культуры речи. – Москва, 1988.
  5. Негимов С. Шешендік өнер. –Алматы, 1997.
  6. Негимов С. Мәдени-философиялық энциклопедиялық сөздік. – Алматы,
  7. Негимов С. Әдебиет әлемі. – Алматы, 2008.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *