Жұқпалы (инфекциялы) ауруларды болдырмау (профилактикасы) және емдеу үшін дезинфекцияның маңызы өте зор, бұл сөз латынша desinfectio – зарарсыздандыру дегеннен алынған.
Дезинфекцияның мынадай түрлері болады: а) профилактикалық, б) емдік, в) ақырғы дезинфекция.
Профилактикалық дезинфекция жұқпалы ауруларды болдырмауға бағытталған. Мұндай дезинфекция сау мал тобында (шаруашылықта), малдың көп жыйналған жерлерінде, немесе өндірістік жануарлардың қора- қопсыларында, арнаулы орындарда, (құшханаларда, малдәрігерлік пункттерде, малдәрігерлік емханаларда т.с.) жүргізіледі.
Емдік дезинфекцияның мақсаты – кейбір жануарлары ауру табындағы немесе шаруашылықтағы індеттің көзін жою.
Ақырғы дезинфекция деп: 1) табын мал немесе жеке жануар ауырып жазылғаннан кейінгі, 2) жануар өліп, өлімтігі кеткеннен кейін орнын, тұрағын дезинфекциялауды айтамыз.
Дезинфекциялаудың мынадай әдістері бар: а) механикалық әдіс, мұнда тұрған жерден немесе дезинфекцияланатын участоктен әртүрлі лас-қоқыс пен заттар механикалық жолмен әкетіледі (көңді, төсенішті, азық қалдығын сыпыру, жердің бетін сылып алу, еденді алып тастау, оттықтарды жуу т.с.), б) физикалық әдіс, мұнда індет көзін жою үшін күн сәулесі, жоғары температура, кептіру, суық пайдалынады, жоғары температура от жалыны құрғақ ыстық ауа, қайнату, су буы т.с. түрінде қолданылуы мүмкін, 3) химиялық әдіс, бұл химиялық қосылыстардың көмегімен жүзеге асырылады, ал химиялық қосылыстар қосылыстар малдәрігерлік фармакологияның өте маңызды бөлімі, 4) физикалық-химиялық әдіс, мұнда химиялық және физикалық агенттер бір мезгілде әсер етеді, мысалы, дезинфекциялық ыссы ертінділер қолданылады немесе алдымен дезинфекциялаушы химиялық заттармен өңделіп, соңынан қыздыру, қайнату күн көзіне ұстау т.с. арқылы зарарсыздандырылады, 5) биологиялық әдіс, мұнда індет көзі антогонист микробтардың көмегімен жойылады.
Микробтарды жоюға қолданылатын химиялық заттардың барлығы дезинфекциялық, яғни бактерицидтік деп аталады.
Ал микробтардың тек өсіп көбеюін ғана тоқтататын химиялық қосылыстар бактериостатикалық, яғни антисептикалық деп аталады (ерекше anti қарсы, – septicas – шіру). Сонымен бактерицидтік заттар ортаны стерилдей алады, ал антисептиктерде бұл қасиет болмайды.
Бактерицидтік заттар өздерінің әсері бойынша универсалды (жалпы) және арнаулы бактерицидтерге (химиотерапевтикалық) паразиттерді құратындарға, атап айтқанда инсектицидтіктерге (насекомдарға қарсы), функцидтіктерге (грибоктерге қарсы), жаман иісті жоятын дезодорациялаушыларға; кеміргіштерді (ауыл шаруашылығына зыянды жәндіктерді: егеуқұйрықтарды, тышқандарды, сарышұнақтарды т.с.) құртатын дератизациялаушыларға бөлінеді.
Дезинфекциялаушы химиялық заттар, көбінесе жалпы әсерлі протоплазмалық улар болып келеді. Бірақ бұл бір заттың өзі барлық микробтарға бірдей өлтіре әсер ете алады деген сөз емес. Бұл заттардың әсер етуінде белгілі бір қалаушылық болады: микроб клеткасының құрылысына байланысты оның дезинфекциялаушы заттармен қарым-қатнасы бірдей болмайды. Біреулері липоидотропты (майсымақ) заттарды сезгіш келеді, ал тотықтырғыш заттарға берік болады, екіншілері белокті коагуляциялайтын (ұйытатын) заттардан тез қырылады, ал адсорбциялайтын (сорғыш) заттарға мықты келеді т.т.