Ашқылтым заттар
Ашқылтым заттардың әсері олардың ауыздағы дәм сезгіш нерв ұштарын тітіркендіруі нәтижесінде рефлекс жолымен қарынның секрециялы бездеріне орталық нерв системасынан импульс келіп түсуінен пайда болады, мұның нәтижесінде ол бездер қозып, шырын шығару ұлғаяды. Бірақ, ашқылтым заттардың мұндай пайдалы әсері оларды жем беру алдында қолданған жағдайда ғана туады. Егерде ашқылтым заттарды көп мөлшерде жеммен бірге қолданса, онда қарын шырынынң секрециясы тіпті азаяды. (И.П.Павлов лабораториясының зерттеуі бойынша).
Ашқылтым заттар асқорыту нашарлағанда, ішек перистальтикасы баяулағанда, іш кепкенде, ішек-қарын катарға ұшырағанда т.б. жағдайларда қолданылады. Олар per se немесе басқа заттарға араластырылып ботқа, болюс, тұнба, қайнатынды, ертінді, микстура, ұнтақ т.б. формаларында беріледі.
Ашқылтым заттар құрамында ащы заттар ғана кездесетін таза ашқылтымдар (amara pura) және ащы заттардан басқа эфирлі майлар кездесетін хош иісті ашқылтымдар (amara aromatica) болып екіге бөлінеді.
Көкгүл тамыры — Radix Gentianae. Құрамында әсер етерлік негізі – ащы зат генцианникрин кездеседі. Көкгүл тамыры ұнтақ, тұнба, сығынды формасында, сондай-ақ басқа дәрілік заттарға қосылып per os қолданылады.
Пия тамыры мен шөбі – Radix et herba Taraxaci. Пия ССРО-ның барлық жеріне тараған. Құрамында әсер етерлік негіз –ащы глюкозид тарансацин кездеседі. Пия тамырларын күздің аяқ кезінде жыйнайды. Егер бұл өсімдіктің жапырақтарын да жыйнау керек болса, онда жйынау гүлдемей тұрған уақытта басталады. Пия тамыры мен шөбін ұнтақ, болюс, пилюля және сығынды формаларында қолданады.
Жусан шөбі – Herba Absinthii. Жусан шөбі – Artemisia өсімдігінен алынады. Құрамында абсинтин және анабсинтин деп аталатын екі ащы глюкозид кездеседі.
Аз дозада эфир майы орталық нерв системасын қоздырып, үлкен дозада – малды улап селкілдетеді. Бұл мал жусанды көп жеген кезде кездеседі. Жусан глюкозидтері сүт бездерімен бөлініп, сүтке ащы дәм береді; жусан қойдың асқазанында асқорыту процесін жақсартатын дәрі болып саналады.
Жусан шөбі дәрі даярлау үшін фармацевтикалық практикада және тамақ өндірісінде (ликер жасау үшін) кеңінен қолданылады.
Қазтабан гүлдері – Flores Chamomillae. Құрамында эфирлі май және ащы – антемис қышқылы кездеседі. Қазтабан ашқылтым ретінде, сондай-ақ булау, суландыру, жуып шаю үшін қабынуға қарсы дәрі ретінде қолданылады. Ішке несеп бөлінуі тоқтағанда несеп жүргізу үшін, селкілдеткен шаншу тигенде және ішек қабынғанда тұнба және қайнатынды күйінде беріледі.