Дәрі-дәрмектерді өртке, бақытсыздық оқыйғаларға немесе қасақаналықпен істелетін әрекетке қарсы шараларды ескере отырып сақтайды. Дәрі-дәрмектер сақталатын шкафтарда құлып салынуға тиіс. Жұмыс баңткеннен кейін улы заттар сақтайтын шкафтың аузына сургучті мөр немесе басқа мөр басылады.
Дәріні дайындап болғаннан кейін жұмыс столының үстінде ешқандай дәрі-дәрмек, әсіресе А мен Б тобына жататын дәрілерді қалдырмау керек. Дәрі-дәрмектер сақталатын шкафтардың кілттері оларға жауапты адамның қолында болуға тиіс.
Дәрі-дәрмек салынған шөлмектер мен банкілерге анық етіп латынша жазылған этикеткалар жапсырылады, улы заттар үшін қараның үстіне ақпен, күшті әсер ететін заттар үшін – ақтың үстіне қызылмен, ал қалған дәрілер үшін – ақтың үстіне қарамен жазу керек. Улы және күшті әсер ететін заттар салынған әрбір ыдысқа арнаулы этикеткалар жапсырылады (бассүйектің үстінде айқастырып салынған жілік сүйектердің суреті мен «у» деген жазу болуға тиіс).
Жарықтың ықпалымен ажырайтын заттар салынған ыдыстың сыртына: «қараңғыда сақталсын», оттан тұтанғыш заттар үшін – «оттан қауыпты», жылу ықпалымен бұзылатын заттар үшін – «салқын жерде сақталсын» деген этикеткалар жапсырылады.