ЖАЙ СӨЙЛЕМ СИНТАКСИСІ

ЖАЙ СӨЙЛЕМ СИНТАКСИСІ

Жай сөйлем — талданып отырған еңбектегі ең негізгі және ең көп кездесетін синтаксистік единица. Жай сөйлемдер ылғи ықшамды, аз сөзді, жинақы болып келеді. Жай сөйлемнің көп сөзді, жайылыңқы түрлері тіпті жоқ дерлік. Мұндағы жай сөйлемдерде қазіргі әдеби тілімізде кездесетін және жалпы жай сөйлемдерге тән синтаксистік единицалардың басым көпшілігі кездеседі. Сол кездесетін единицалардың орналасу тәртібінде де, формалық құбылыстарында да, өздері сияқты басқа элементтермен байланысу тәсілдерінде де қазіргі тілімізге ұқсастық, онымен бірлік көп.

Еңбектен жай сөйлемдердің тек атаулы, жақсыз түрінең басқаларының бәрін де жиі кездестіруге болады. Бірақ бұдан ол дәуірде атаулы сөйлемдер болмады деген қорытынды жасаудан аулақпыз. Жалпы мынадай бір жағдайды естен шығармау керек: бір еңбек, ол қанша көлемді болғанымен, сол өз дәуіріндегі тілдік элементтердің барлығын бірдей қамти алмауы мүмкін және тілдік элементтердің барлығы бірдей актив элемент бола бермейді де. Олардың ішінде сөйлеу сайын, сөйлем сайын кездесетін, онсыз сөйлеуге, сейлем құрауға болмайтын актив элементтер де, сөйлеу түрін, сөйлем түрін талғайтын пассив элементтер де болады. Ондай пассив элементтер қатарына шығарма түрін, сөйлеу түрін таңдайтын, қолдану үшін арнаулы жағдай, суреттеудің, баяндаудың арнаулы түрлерін керек ететін категориялар жатады. Сондықтан белгілі бір дәуірде шыққан бір шығарманы ғана талдау арқылы тілдік пәлендей категория сол уақытта болмады деген қорытынды жасау ұшқарылық болады. Ол үшін сол дәуірде шыққан жазу нұсқаларының бәрін, ең болмаса, көпшілігін қарап ету керек. Осы тұрғыдан алғанда, біз пәлендей тілдік категория болмады дегенде, бүкіл сол дәуірде болмады деген мағынада емес, талданып отырған еңбекте болмағандығын айтамыз. Біз талдап отьірған енбекте атаулы сөйлемді қолданарлық жағдай жоқ, мүмкін, шығармада оның кездеспеуі де сондықтан болар.

Ал енді, сөйлемнің жақсыз болуы — оның баяндауышы қызметінде қолданылатын сез табының (әсіресе, етістіктің) морфологиялық формасына байланысты. Қазіргі әдеби тілімізде жақсыз сөйлем баяндауышы қызметін атқаратын етістік түрлерінің көпшілігі мұнда баяндауыш функциясында қолданылмауы былай тұрсын, тіпті бүтін шығарманың өн-бойында ешбір орында кездеспейді. Талданып отырған көлемді еңбектің тек бірер жерінде ғана жақсыз мәнді бірді-екілі сөйлем кездесті. Ол: Сансыз түмен халқын бар, ғадаллық етәргә сәңә лайық (6) деген жалғаулықсыз салалас сөйлем. Осы салалас сөйлемнің соңғы компоненті болып тұрған ғадаллық етәргә сәңә лайық деген жай сөйлемнің грамматикалық бастауышы жоқ, ал баяндауыш қызметінде тұрған есім сөз (лайық) үш жаққа бірдей. Жақсыз деп атауға болады дейтін бірді-екілі сөйлемдер — осындай. Ал жақсыз сөйлем жасауда шешуші роль атқаратын –қы-м, -ғы-м, -кі-м, -гі-м формалы және -у формалы етістіктер бұл шығармада кездеспейді.

Шығармада кездесетін сөйлемнің негізгі түрі жай сөйлем. Ол кұрылысы жағынан   толымды, толымсыз және   жалаң, жайылма түрлерінде кездеседі.

Толымды және толымсыз сөйлемдер

Күнләрдә бір күн Қара хан келінләрін иығды. Үлығ той цылды. Анларны орұнда олтұртты. Ол халда Оғұз нөкәрләрі билэн, бағзы достлары билән языда аңға шығып ерді. Кара хан бұ сөзні ештігәш, ағаларын, ағасының ұғланларын уа һәм ұлүғларын иығды. Уа айды: «Менің ұғлұм. Оғұз кешкінде ғазым, мақбал ерді. Тамам халде көңлін маңа бағлап ерді. Бұ заман яман ішні түтүп юрор ерміш. Менің дінім иолындин қайтып ерміш», — дир. Бұ сөзні ештігәш Оғұздин ағридылар. Баршасы Оғұзны өлтұрмәккә атфақ қылдылар (22—23).

Мұндағы 1, 4, 5-сөйлемдер және төл сөздің бірінші сөйлемі толымды сөйлемдер де, қалғандарының бәрі де толымсыз сөйлемдер. Шығармада кездесетін толымсыз сөйлемдердің барлығы да осы мысалдағы сияқты тек бастауышы жасырын тұратын сөйлемдер. Толымсыз сөйлемнің басқа түрлері мұнда кездеспейді. Ал алдыңғы бір сөйлемде айтылған бір бастауышқа ортақтасып, біріне-бірі тіркесіп келе беретін толымсыз сөйлемдер өте жиі кездеседі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *