Қазіргі тіл біліміндегі зерттеулерде қарастырылып жүрген жаңа бағыттың бірі тіл мен мәдениет байланысына арналған. Көптеген зерттеу еңбектерінде тілдегі ұлттық танымды, ұлттық рухты, ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған жұмыстар сөз болып келеді.
Бірқатар зерттеушілер тіл – мәдениетті танытушы құрал ғана емес, тілдің бойында оның (мәдениеттің) арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш. Ұлттық мәдениеттің тірегі тілде. Қазақ халқының этностық, ұлттық мәдениеті, негізінен тілде көрініс тапқан. Осы орайда тіл – ұлттық болмысымен қалыптасқан төл мәдениетіміз сақталған негізгі көздердің бірі екенін айтады.
Біздіңше, сонымен қатар тіл – мәдени мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырушы құрал. Тілші-ғалым Ә.Қайдар: «Кез келген тілдің қоғамда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі – коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине қаламгердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне тікелей байланысты. Ал тілдің үшінші бір қызметі, ғылыми терминмен айтқанда аккумулятивті қызметі деп аталады. Ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сөйтіп оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын қасиеті…тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек» дейді.
Олай болса, мәдениет пен тілдің бір-бірімен байланысы күрделі, өте тығыз. Мәдениет адам қолымен жасалатын материалдық құндылық болғандықтан, ол таза табиғи үдеріс ретінде таныла алмайды. Себебі тіл адам баласына берілген рухани құндылық. Бір қырынан алғанда, мәдениет пен тілдің байланысы мазмұн мен пішіннің байланысы секілді. Тіл – мәдениеттің өмір сүру формасы болса, мәдениет – оның ішкі мазмұны. Сондықтан да, тіл мен мәдениетті бір-бірімен бөліп қарауға болмайтын құбылыс деуімізге болады.
Тіл қоғамдық үдеріс болғандықтан, антропонимия саласындағы сөздер де қоғамның өсу, дамуымен байланысты өзгеріп, мағыналық тұрғыдан жаңарып отырады. Антропонимдердің құрамында көне дәуірден келе жатқан ескі атаулармен бірге жаңа кезеңде пайда болғандары да басым болып келеді. Антропонимдер бойында жеке сөздер тарихы ғана емес, халық тарихы, халық этнографиясының қат-қабат іздері, ұлттық мәдениет жатыр.
Ономаст-ғалым А.Жартыбаев: «Бүгінгі таңда тіл білімінің дамуы түрлі бағыттармен ерекшеленуде, яғни лингвистика бірнеше бағыттағы лингвистикалық зерттеулер ағымдарын біріктіретін антропоцентристік ұстаным арқылы өрісін кең жайып, даму үстінде. Тіл бірліктерінің сан салалы қызметін, лингвомәдени табиғатын, тілдің санамен, таным үрдістерімен байланысын, көрінісін адаммен, яғни белгілі бір этникалық қауым өкілімен қатысты қарастыру қазіргі тілтанымның басты, үстем бағыты, ұстанымы екендігі анық» деп жазады.
Тілді ішкі жүйелік талдаудан антропоцентристік талдауға көшу ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы тіл білімінің есте қаларлықтай ерекшеліктерінің бірі болып табылады, өйткені тілдік құбылыстарды зерттеуде лингвистика тек қана тілдік, атап айтқанда адамдардың бір-бірімен пікір алысып өзара түсінісуі, дыбыстық, сөз құрамы және грамматикалық тәсіл жүйесімен шектеліп қала алмайды. Қазіргі лингвистикалық зерттеулер объективтік шындықты идеалды түрде бейнелеудің адамға тән ең жоғарғы формасы оның ақыл-ойы, санасы, ойлауы, рухани ішкі дүниесімен тығыз байланыста зерттеуге бағытталады. «Адам және тіл» мәселесі мол өзектілікке ие, өйткені тілді адекватты зерттеу ісі тілдің өз шеңберінен шығып, табиғат пен қоғамдағы белгілі бір ортада өмір сүретіндердің тобына жүгінгенде ғана толық мүмкіндікке ие болмақ» (Б.Тілеубердиев «Қазақ ономастикасының лингвокогнитивтік аспектілері»).
Иә, әрбір атаудың мән-мағынасында халқымыздың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, ырымы, наным-сенімі, т.б. жатқандығын көреміз. Мұның өзі қазақ халқының «ғаламның тілдік бейнесін» жасаудағы танымдық ой-пікірін, дүниеге көзқарасын, болмыс-бітімін танытады. Ғаламның тілдік бейнесі, ұлттық болмысы әр этноста әртүрлі болуы этностың тәжірибесімен, білімімен байланысты екені сөзсіз. Өйткені тілдік таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен байланысында ғана емес, адамның өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені білімнің негізі болып табылады. Оның тілдік бейнесі, ұлттық рухани болмысы әр халықта әртүрлі.
Ғалам бейнесін салыстыра талдау арқылы этностың (халықтың) ұлттық мәдениетінің, ұлттық дүниетанымының айырым тұстары мен тоғысар арналары танылады. Тілдік ұжым мүшесі жеке адам өз тіршілігінің әр сәтін ой елегінен қайыра өткізіп, өзінше ой түйіп, қорытынды жасағанда өзі өкілі болып отырған тіл иесі халықтың (этностың) ғасырлар бойы сұрыптап жинаған білімінде оның жиынтығын санасына өлшем етеді. Зерттеуші Г.Сағидолла ғаламның тілдік бейнесінде халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, наным-сенімі, жөн-жосығы сияқты ұлттық-мәдени қазыналары да, адамның күллі әлем, дүние жайлы түсініктері және сол әлемнен адамның өз орнын табуға деген талпынысы да, адамдар арасындағы қарым-қатынас та көрініс тауып жататынын атап өткен. Осыған сәйкес кісі есімдерінің семантикасы адамға қатысты болғандықтан, сол кісі есімдерін тудырған қазақ халқы «ғаламының тілдік бейнесінде» антропоцентрлік қасиет болмай қоймайды.
Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы және сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кеңдігімен, орамдылығымен және ұтымдылығымен өлшенеді. Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай бола қалатын іс емес. Себебі ол тіл сол мемлекеттің иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидар, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс қағаздар, т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы керек. Есеп-қисап, қаржылық және техникалық құжаттамалар да осы тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, Қарулы Күштер, ғылым және білім беру салалары, халықаралық қызмет те осы талаптарға толық жауап беруге міндетті. Тілдерді дамыту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіл мәселелерін оңтайлы шешу – ұлтаралық, қатынастар үйлесімділігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың да алғышарты. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы жанартау болған жұрт жүрегінің жалыны бүгінде бәсеңдеген жоқ. Ұлтының тілін ұлықтаған ұрпақтың ұмтылысы ұдайы ұрандаудан тұрмайтыны хақ. Бұған сол жылдардағы жағдай мен қазіргі күйді салыстыра қарасақ, көзіміз жетеді. Әрине, әлі де алаңдатып отырған мәселе аз емес, алайда ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Қоғамда тіл тағдырына деген түсіністік орныға бастады. Бұл осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды-солды жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі. Олай болса, тілді өзінің қарым-қатынас тілі ретінде қолданатын халық мәдениетінен бөлек үйрету дұрыс емес деп ойлаймыз.
Кез-келген халық тілі – сол халықтың шынайы этникалық болмысының айнасы. Тілді жаңа ғасыр баспалдағында теориялық-танымдық үрдісте зерттеу қажеттігі туып отыр. Бұл үрдіс тіл мен адам санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам миының жемісі, күрделі ассоциативті-вербальді құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде танытушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға негізделеді. Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстар мен олардың сана қасиетін сезім мүшелері арқылы сіңіріп, санамен түйсініп қана қоймайды, оған жауап қайырады, ақпаратты өзінше жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға саналы-санасыз күйде талпыныс жасайды, өңдейді, қорытады, елеп-екшейді, баға береді, тәжірибеде қолданады, бұлардың тұтас көрінісі ретінде ғаламның тілдік бейнесі жасалады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, біз өмір сүріп жатқан заманда тек тілді үйренумен шектеліп қалу мүмкін емес. Бүгінгі тіл үйрету әдістемесінде үйреніп отырған тілді сол тілде сөйлейтін халықтың мәдениетімен байланыстыра оқыту қажеттілігі туындап отыр. Әлемдік байланыста қарым-қатынасқа түсу үшін саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени тұрғыдағы таным-түсініктердің болуы маңызды рөл атқарады. Үйреніп отырған тілде сөйлеуші елдің тарихын, дәстүрін, мәдениетін үйрену – тіл үйретудегі маңызды элементтердің бірі. Халық тарихын да, ұлттық мәдениеттің дамуын да, тіпті халықтық ойлаудың қалыптасуын да біз тек тіл арқылы анықтай аламыз.
А.МЫРЗАХАНОВА
Талдықорған