Қимыл есімдерінің кейбір түрлері қолданылу процесінде субстантивтер мен адъективтерге айналып кетті, біразы вербализацияға ұшырады. Вербализацияға ұшырағандар біздің бүгінгі тілімізде есімше деп ұғынылатын топтар -ғалы тәрізді бірен-саран тұлғалар ғана көсемшеге айналды. Ал субстантив пен турур (тур етістігінің есімше тұлғасы) етістігінің тіркесі жаңа дәуірде осы процеске ұшыраса, жатыс жалғаулы қимыл есімдерінің вербализациясы біздің заманымызда қалыптасқан құбылыс: жеңудеміз, жетуде-міз, т. б.
Қимыл есімдерінің семантикалық жіктелісі әрбір тұлғаның бір мәнде тұрақталып, басқа мән-мәнерден ажырау жолымен жүрген. Бұл процестің сыпаты жеке тілдерде бірыңғай болмаған. Сондықтан да рай түрлерінің жеке тілдерде қолданыс мәні мен қызметі де бірдей бола бермейді. Айталық, -асы тұлғасы қазақ тілінде тек қана қимыл есімі, ал якут тілінде рай жасайды, азербайжан тілінде істі істеуге ниеттілікті білдірудің тәсілі болып қолданылады.
Тілдің даму барысында қимыл мен күйдің атауы болған қимыл есімдерінен қосымшасыз түбір тұлғалы етістіктер II жақ бұйрық мәнін беретін семантикалық топ болып жіктеліп шықты. Мұның нәтижесінде тіл құрамында атау тұлғасына негізделген есімдер мен II жақ бұйрық рай тұлғасына негізделген етістіктер жүйелері сараланды, ал етістіктің өз ішінде бұйрық рай мен ашық рай жүйесі жіктелді. Кейінгі даму барысында II жақ бұйрық рай тұлғасы, яғни, қосымшасыз тұлға басқа рай түрлеріне негіз болды.
Қимыл есімдерінің ашық райлы етістік ретінде біржолата қалыптасуына екі түрлі қүбылыс себеп болды. Ол, біріншіден, сөз қолданудың қатаң орын тәртібі немесе сөздердің позициялық қолданыс заңдылығы. Тілдің әлі балаң дәуірінде тіркестер есімдер негізінде құралды да, компоненттерінің арасындағы қатынас сыпаты сөздердің орналасуы, орын тәртібі және айтылу интонациясы арқылы айқындалды. Қимыл есімдері зат, сын атауларымен салыстырғанда семантикалық жағынан нредикативтілікті білдіруге әлдеқайда бейім болды. Ондай сөздердің семантикалық осы айрықшылығы сейлем соңында тұрақты қолданылу арқылы предикатив қызметінде бекінуіне себеп болды. Сөйтіп бұл жерде сөздің семантикасы мен оның қолданыс орны тұтасып келіп вербализацияға негіз болды. Қимыл есімдерін предикативтілікте тұрақтандырған екінші құбылыс — оларға жіктеу есімдіктерінің тіркесуі. Сөйлемнің жақтық мәні оның соңында айтылған жіктеу есімдіктері арқылы белгіленген. Предикатив қызметіндегі қимыл есімінің грамматикалық көрсеткіші қызметінде айтылған жіктеу есімдіктері айтылу интонациясының әсерімен тұлғалық өзгерістерге түсіп, қимыл есім құрамына еніп, жақ пен санды білдіретін тәсіл болып қалыптасты. Сөйтіп бұл процесс қимыл есімін қимыл мен әрекет мәнінің белгілі бір уақыт пен жаққа қатысын білдіретін сөздердің грамматикалық класына айналдырды, екінші сөзбен, ашық райлы етістік немесе етістіктің жіктелетін тобы қалыптасты.
Тілдің даму барысында есім мен етістіктің ара жігін ашып, таза етістік қасиетін молайта түсетін жаңа категориялар қалыптасты, болымды-болымсыздық категориясы, сабақтылық пен салттық мәннің грамматикалық тәсілдер арқылы жіктелуі, қимыл-әрекеттің объектілік және субъектілік қатынасы, таза етістік жасайтын аффикстер тобы, т. б. категориялар жіктеліп, жүйеге айналды. Сонымен қатар, қимыл есімдері де предикатив қызметінде тұрақты да актив қолданылумен қатар, есім мәнін де жойған жоқ. Қазіргі тілдегі есімшелердің басым кепшілігі есімдерше түрленеді, сонымен бірге предикатив қызметін атқарады, етістіктерге тән тұлғалар бойынша өзгереді. Оған орай есімшелердің синтаксистік қызметі де көп түрлі: есімдерге тән қызметте де, етістіктерге тән қызметтерде де қолданыла алады.