Көсемше. Қазіргі түркі тілдерімен салыстырғанда, көне түркі тілдерінде көсемшелік тұлғалар сан жағынан көп болған. Бірақ олардың кейбірі қазіргі тілде сақталмаған, бірен-сараны жеке сөздер құрамында «өлі» (застывшие) элементтер түрінде ғана ұшырасады. Қазіргі қазақ тіліндегі қатты сын есімінің құрамындағы -ты V—VIII ғасырларда көсемшелік формант және осы шақты білдірген: -қатығды>қатды>қатты. Бірақ сөз құрамында ғана сақталып, өзінің бұрынғы шақтық мәнінен түгелдей ажырап қалған. Сол сияқты, сайын, тағы, дейін, шейін тәрізді шылаулар құрамында да бір кезде (V—VIII ғ.) қолданылған -ы, -и көсемше форманттарының ізін көреміз.
V—VIII ғасыр ескерткіштерінде көсемшенің мына тәрізді форманттары қолданылған. 1. -а, -е: уча, тута, -й, -ы: -іти, -алы, -у, -ү: өлү, оплайу: -гелі, өлгелі, -ты: сақынматы, қатығды. 2. -п, -пан, -пен: олурыпан. Орта ғасыр ескерткіштерінде де кейбір өзгерістермен (негізінен, фонетикалық) осы тұлғалар қайталанады. Орта ғасыр ескерткіштері тілінде, бұлардан басқа, -ғач, -геч (кебінесе шағатай әдеби тілінің кұрамында), -мадын, -мазын, -майын. Алтын Орда ескерткіштерінде -ғанча, -гінче тұлғалары да ұшырасады. Көне түркілік ескерткіштер тілінде де көсемше тұлғалары дербес күйінде емес, күрделі етістік құрамында, бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметінде, сондай-ақ әр түрлі көмекші сөздермен, форманттармен бір тіркес құрамында қолданылғаны көрсетіліп отырған көсемше форманттарын шақтық мән білдіруіне қарай осы шақ көсемшелері (-а, -е, -ы, -и, -ү, -ыт), өткен шақ көсемшелері (-п, -пан, орта ғасыр ескерткіштерінде -бан, -ыбан) және мақсат көсемшесі —ғалы деп топтастыруға болады. Бұл жағынан да қазіргі тілдегі осындай көсемшелерден үлкен айырмашылығы байқала қоймайды. -а, -е, және -ы, -и, -у, -ү тұлғаларын Орхон жазбаларын оқып, оның тілін зерттеумен айналысқан В.Томсен бір-бірінен аздаған мағыналық мәнерлер арқылы ғана ажырайтын фонетикалық варианттар деп қарапты. -ы тұлғасы X—XIII ғасырларда А.М.Щербактың айтуынша, жеке сөздер құрамында ғана сақталған өлі тұлға болған.
Қазақ тілінде бұның ізін сайын (сай-ы-н), дейін (тегі-і-н) тәрізді шылаулар құрамынан көреміз. -у, -ү тұлғалары орта ғасыр жазбаларында аса кең қолданылған. Алайда кейінгі дәуірлерде қолданыстан шығып қалды. Варианттардың азаюымен бірге, бір кезде әр түрлі вариантқа тән болатын мағыналық мәнерлер тек қана -а, -е, -и формаларына шоғырланған. Айталық, ескі жазбалар тілінде істің, әрекеттің мақсатын, себебін білдіру мәнінде көбінесе -у, -ү, -ы тұлғалары қолданылса, қазіргі тілде осы мағыналар-а, -е, -й көсемшелерімен беріледі.
-а, -е тұлғаларының арғы түбін А.М.Щербак қимыл есімі, бұл тұлғаның үстіне орта ғасыр жазбаларында -рақ жүрнағы жалғанып та қолданылуы сондай екендігін дәлелдейді деп жазады. -п тұлғасы көне түркі тілінде де өткен шақ мәнін беретін грамматикалық тәсіл. Бұл тұлғадан тараған -пан, -пен және -ыбан, -ібен варианттары да болған: -п тұлғасын А.Н.Қононов көне бол етістігінің -й/а, -и/е тұлғалы көсемшелерімен бір тіркесте энклитикалық қолданылуынан қалыптасқан деп қарайды. Аффикс мына жолмен өзгеріске түскен: -(и) ыпан>(-ы) пан>ып. Ал кейінгі дәуірлерде -пан күрделі аффиксінің құрамынан -ан буыны түсіп қалса керек. Қазіргі якут және чуваш тілдерінде -ан өнімді аффикс. Көне заманда бұл есімшелік аффикстердің бірі болған. С.Е.Малов та -пан тұлғасын -п және -ан бөліктерінен құралған деп есептейді. Бұлардан сәл өзге пікірді соңғы кезде А.М.Щербак айтты. Ол -п тұлғасы тарихи тұрғыдан қимыл есім форманты, ал -ан ескі құралдық септік қосымшасы деп есептейді.