Жіктеу есімдіктері. Қазіргі қазақ тілінде жіктеу есімдіктері деген атпен бес түрлі сөз біріктірілетіні мәлім: мен, сен, ол, біз, сіз. Үшінші жақ жіктеу есімдігі жекешеге де, көпшеге де ортақ. I—II жақтық жіктік есімдіктерді салыстырып байқағанда, жалпы түркі тілдеріне ортақ м//б дыбыс сәйкестігін (I жақта, бүл сәйкестік қазақ тілінде де бар: мунда//бунда, т. б.) көруге болады. Соған қоса, жіктеу есімдіктерінің жекеше және көпше түрлерінің арасындағы айырмашылық тек қана соңғы -я (жекеше), -з (көпше) элементтері екенін кереміз. Бұдан шығатын алғашқы қорытынды -мен, сен есімдіктерінің құрамындағы -н о баста түбірдің кұрамында болмаған элемент дейтін пікір. Осы пікірді біз, сіз есімдіктерінің құрамындағы -з туралы да айтуға болады. Мен, сен есімдіктерінің алғашқы түбірлерінің құрамында -н элементі болған жоқ дейтін пікір айтуға тағы бір себеп — чуваш тілінде I жақ жіктеу есімдігі эпе, II жақ жіктеу есімдігі эсе түрінде айтылады. Бұлардың құрамын э-се, э-пе деп талдауға да болар еді, сонда соңғы -пе, -се морфемаларынан мен, сен есімдіктерінің алғашқы бөліктерін көруге болар еді (м-б-п: ме-бе-пе). Екінші жағынан, чуваш тілінде I—II жақ жіктеу есімдіктері түбір қалпында осылай айтылғанмен, септелетін негіз I жақта ман, II жақта сан. Бұл ерекшелікті салыстырып қарағанда да, соңғы -н элементі түбірдің құрамында о баста болмаған дейтін пікір дәлелдене түседі. Алтай тілдерін зерттеушілер олардың бірсыпырасында, мысалы, моңғол тілінде бі, чі түрінде айтылатындығын келтіреді. Сонымен, бұл фактілерге қарағанда, мен, сен есімдіктерінің алғашқы тұлғасы ме, се болуы керек те, соңғы -н кейін пайда болған элемент. Түркі тілдеріндегі осы сөздерді алтай тілдерімен салыстырғанда, қазіргі түркі тілдеріндегі жіктеу есімдіктеріне негіз болған түбірлер қазіргідей ашық дауыстымен емес, о баста қысаң дауыстылармен ғана айтылуы мүмкін,— дейтін ой туады. Бұған, бір жағынан, қазақ тілінде, басқа да кейбір түркі тілдерінде мына, міне сілтеу есімдіктерінің барлығы да себеп болады. Егер жіктеу есімдіктері мен сілтеу есімдіктерінің генезистік бірлігін еске алсак, мен, мына, міне есімдіктерінің түбірлестігін оңай түсінуге болады. Осылардың ішінде өзінің бастапқы прототипіне бір табан жақыны мына, міне сөздерінің -мын, -мін элементтері.
Мен, сен есімдіктерінің қурамындағы -н, қорыта келгенде, түркі тілдерінің басым көпшілігінде айтылады, түркі тілдерінің ішінде бұл құбылыстан жырақ қалғаны — чуваш тілі. Ал монғол тілдерінде, сондай-ақ, алтай тілдерінің басқа да топтарында осы -н элементі кейде айтылмау фактісі кездеседі екен. Мұның өзі зерттеушілердің арасында -н злементі тарихи өте көне дәуірде монғол тілінде түсіп қалған дейтін пікірдің тууына себеп болды. Алайда түркі тілдерінің материалдарын салыстыра қарастыру мен, сен сөздерінің құрамында -н элементінің пайда болуын тарихи тұрғыдан жаңа құбылыс деп қарауға да тиянақ болады. Н. А. Баскаков бұл элементті қазіргі тіліміздегі ілік септік жалғауымен байланыстырады. Оның айтуында, ілік септік тұлғасының алғашқы негізі нен (зат, нәрсе, негіз) сөзі энклитикалық қолданыста әр түрлі фонетикалық сыпат алған, соның әбден қысқарған түрі, яғни, -н осы есімдіктер құрамында сақталған. Ілік септігі тұлғасы мен мен, сен есімдіктерінің соңғы -н элементі қалайда жақын формалар екенін көрсететін тағы бір факт: мен, сен есімдіктері ілік септікте қазіргі тілде менің, сенің түрінде айтылады. Мұндағы ілік септік тұлғасы -ның. Сонда септелетін ме-, се- болып шығады. Ал Орхон-Енисей жазбаларынан бастап, есімдіктердің ілік тұлғасы септелетін негіз болғаны мәлім. Менің үчүн, меніңдин, т. б. Мұндай қолданыстың кейбір қалдықтары қазіргі қазақ тілінен де ұшырасады: меніңше (менше), сеніңше (сенше), т. б. сондай. Бұл құбылысты (яғни, ме-нің, се-нің түрінде септеліп, түбірдің соңғы -н элементінің түсіп қалуын) түркі тілдерінің даму барысында байқа-латын н дыбысының тұрақсыздығы деп қарауға да болар еді. Алайда ондай қүбылыс басқа септіктер тұсында әсте байқалмайды.