Шырай формалары

Шырай формалары. Сын есімнің шырай мәні редупликация жолымен және сын есімдерге –рақ, -лау аффикстері жалғану арқылы немесе сын есімдердің алдынан тіркес айтылатын арнаулы сөздер арқылы беріледі. Тарихи тұрғыдан осы аталған тәсілдердің қайсысы да жаңа құбылыс емес, көне дәуірден-ақ орнығып қалған жүйе. Дегенмен де, олардың таралу шегі бірыңғай емес. Орхон-Енесей жазбаларында редупликация құбылысы, сондай-ақ, аффикстер арқылы шырай мәнін беру ұшырамайды. Бірақ бұл тәсілдер ұйғыр жазбаларында, Манихей ескерткіштерінде бар. Кейінгі дәуірлерге қатысты ескерткіштер тілінен осы күнгі белгілі тәсілдердің барлығы да қолданыс тапқан. М.Қашқари сөздігінде мынадай фактілер бар: «эп//еп//ап –күшейте айту көмекшісі, бір нәрсені өте асырып мақтаса, эп-эггү нең — өт ежақсы нәрсе дейді. Өте ақ, аппақ нәрсені ап-ақ дейді. Уп//үп – рең жайында қолданылатын күшейттіргіш көмекшісі: үп үрүң — өте ақ, аппақ (чығылша)». Тіл дамуының барысында редупликация тәсілінің пәлендей үлкен өзгеріске түскені байқалмайды. Қайталанатын буынның соңғы дыбысы көбінесе, қазіргі қазақ тіліндегі сияқты, қатаң дауыссыздарға бітеді. Алайда А.М.Щербактың зерттеулеріне қарағанда, кейде қайталанатын буында –м, -б дыбыстары да ұшырасады. Бірақ мұндай ауытқулар бір тіл құрамында болатын дауыссыздардың ауысуы емес, әр тілге тән фонетикалық ерекшеліктермен байланысты. –б дыбысының қолданылуы, М.Қашқари ескертпесіне қарағанда, қыпшақ тіліне де тән болған. Дегенмен, қазіргі қазақ тілінде редупликация құрамында мұндай құбылыс байқалмайды.

         -рақ аффиксі  көне түркілік ескерткіштер тілінде де негізгі сын есімдерге қосылып сапа, сынның салыстырмалы артықшылығын не белсенділігін білдірген. Х-ХІІІ ғ. Жазбалары тілінде де бұл аффикс осы мәнде айтылған. Кейде зат есімдерге де жалғанған. Зат есімдерге жалғану фактісі қазақ тілінде сирек те болса ұшырасады: бала-рақ.

         Қазақ тіліндегі (басқа да қыпшақ тілдеріндегі) –рақ фузияда екі дауысты дыбысының тоғысуы нәтижесінде келіп шыққан. Шамамен мынадай жолды өткен: Жақсы+арақ > жақсы-ырақ > жақсы-рақ.

         Қазақ тілінде сапаның бәсеңдігін, әлсіздігін білдіретін аффикстер бар. Олар да негізінен сапалық сын есімдерге қосылып, әлгіндей мағына туғызады. Алайда бұл аффикстер аздаған сөздерге ғана жалғанады. Сондай аффикстің бірі –қыш (-ғыш): сарғыш, қызғыш. Осы аффиксті –ғыл аффиксімен салыстырғанда, алдыңғы элементтері бірдей де (-қы, -ғы), соңғы элементтері ғана әр түрлі (-ш, -л). Бұған қарағанда –ғыш құранды аффикс (ғы-ш).  Алдыңғы элемент қимыл есім тұлғасы да, соңғысы соған қабаттасқан есім жасайтын қосымша –ғыл аффиксін –ғылт – ғылтым аффикстерімен орайластыруға семантикалық негіз бар: екеуі де сапаның бәсеңдігін, солғындығын білдіреді, бір-бірінен лексикалық мағына жағынан да, қолдану мәнері жағынан да ешбір ерекшеленбейді. XIII-XV ғ. Жазбаларында осыларға ұқсас, осы мәнде қолданылған –ғұл, -гүл, -л, -мутл аффикстері қолданылған. Қазақ тіліндегі –ғыл, -ғылт, -ғылтым аффикстері солардың фонетикалық өзгеріске (-л>м) түскен варианты.

         Сапа-сынның әлсіздігін, бәсеңдігін көрсететін аффикстің бірі: -ша, -ше семізше, толықша, арықша, ұзынша, қысқаша, сұрша, құрықша, таяқша, құманша, кітапша т.б. Сын есімдер құрамында келіп, сапаның толық еместігін, бәсеңдігін білдірсе, зат есімдер құрамында «көлемі шағын, кішкентай, үлкен емес» мәнін береді. Осы аффикспен құлыншақ, келіншек зат есімдерінің құрамындағы –шақ, -шек аффиксін де салыстыруға болады. Екеуі де «көлемі жағынан шағын» мәнін береді.

         Кейбір сын есімдерге (-дақ, дек, -тақ, -тек) аффиксі жалғанып, сапаның бәсеңдігін, толық еместігін білдіреді: жеңілтек т.б. Осы аффикс, сонымен бірге, зат есімдерді сын есімдерге айналдыру тәсілі болып та жұмсалады: құмдақ, тастақ, мұздақ т.б. Бұлардың түбірі –құм, -тас, -мұз – зат есімдер. –дақ жұрнағы зат есім түбірге «соған ұқсас, сол сияқты» мәнін үстейді. Бұл жерде тағы да сапаның бәсеңдігі, жетімсіздігі көрінеді.

         -дақ аффиксімен ұялас аффикстің бірі көбінесе фольклорлық шығармалар тілінде кездесетін, қазір архаизмге айналып кеткен –дайын: Құландайын, батырдайын т.б. Орта ғасыр жазбаларында –дайын//-дейін аффиксі ұқсастыру, шендестіру мәнінде қолданылған. Түбірдің соңғы дыбысымен үндесудің нәтижесінде әр түрлі түркі тілдерінде қосымшаның басқа дыбысы бірде –л, бірде д пішінінде қалыптасуы мүмкін жай. Қазақ тілінде, онда да ауызекі сөйлеу тілінде –дайын, -дейін түрінде орныққан. Бұл құранды аффикстің алдыңғы элементі –дай (дағ>дай), соңғы элементі көне құралдық септік қосымшасы (-ін, -ын).

         Сонымен: 1) қазіргі тіліміздегі түбір сын есімдер тарихи тұрғыдан түбір мен қосымшаға ажырайды. 2) Есімдерден сын есім жасайтын аффикстер тарихи тұрақты. 3) Сын есімдер мен зат есімдерге ортақ болып келетін жұрнақтар тарихи жағынан қимыл есім тұлғалары. Тіл дамуының барысында адъектиквация мен субстантивация, трансформация құбылыстарының нәтижесінде ондай тұлғалар зат есімдер мен сын есімдерге айналады.                                                                                                     

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *