Негізгі сын есімдер

Негізгі сын есімдер.  Қазақ тілінде, жалпы түркі тілдеріндегі сияқты байырғы түбір қалпындағы сын есімдер көп емес. Байырғы сын есімдерді қарастырғанда, олардың дамуындағы екі түрлі ерекшелікті байқауға болады: біріншіден, кейбір сын есімдер әрі тура мәнде, әрі заттық мән береді. Кейбір сын есімдердің зат есім тобына, керісінше кейбір зат есімдердің сын есім тобына ауысып отыруы – о бастағы осындай генезистік бірліктің заңды жалғасы. Түркі тілдеріндегі сын есімдер мен зат есімдердің бір-бірінен саралануы көне дәуірде болған процесс. Орхон-Енесей жазбаларында сын есімдер соншалық көп болмаса да сараланған, дербестелінгендігі байқалады. Ол тілде бірсыпыра туынды сын есім жасайтын аффикстер де өз алдына жіктелген топ есебінде көзге түседі.

         Сын есімдер дамуының екінші бір ерекшелігі – байырғы түбірдің мағынасының кеңеюі, жіктеліп саралануы, сөйтіп бір түбірдің бірнеше мағыналық мәндерге ие болуы. Мысалы: көк сөзі. Көне түркі тілінде осы сөз заттың түсі мағынасында екі түрлі мәнерді (синий, голубой, көк түрік), сонан соң аспан мәнін берсе, кейін көк шөп мәнін де беретін болған. Жарық – түс – сәуле, сонымен қоса бір заттың жарығы т.б. Сөз мағынасының кеңеюі, жіктеліп саралануы сын есімдердің қолданылу сферасын, икемділігін арттыра түскен. Басқа сөз таптарынан сын есімге айналу процесі (адъективация) тілдің әбден кемеліне келген, сөздердің қолданылу сферасының кеңейген дәуірінде ғана емес, ескі кезеңнен басталған. Қазіргі тілде бір-біріне антонимдік қатынаста жұмсалатын қары (кісі), жас (кісі) сын есімдері екі түрлі қызметте жұмсалып, екі түрлі мағына береді. Қары (немесе кәрі) – кісі, адам, зат есім, қары – кісінің жасын білдіретін сын есім. Заттың түсін, түрін, аумақ-көлемін білдіретін негізгі сын есімдердің көпшілігі-ақ түбір мен қосымшаға, яғни, құрама элементтерге бөлуге келмейді.

         Сонымен, қазіргі қазақ тіліндегі түбір мен қосымшаға бөлінбейтін, байырғы түбірлер деп қаралатын сын есімдер негізінен басқа сөз таптарынан ауысқан, яғни, адъективтенген сөздер. Ал олардың басам көпшілігі түбір мен қосымшадан құралған көне сөздер. Мұның өзі о баста тіл құрамында сын есімдердің арнайы мағыналы сөздер есебінде кеш қалыптасқандығын дәлелдейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *