Сөздердің экспресивтік-эмоционалдық бояуы
Дәріс жоспары:
1. Эспрессивтік-эмоционалдық сөздер
2. Сөздердің экспрессивтік-эмоционалдық бояуы
Мақсаты: Сөздердің экспресивтік-эмоционалдық бояуы туралы түсінік беру.
Қысқаша мазмұны:
Тіліміздегі сан алуан стильдік мәні бар, сезімге түрлі әсері бар сөздерді эмоционалды-экспрессивті сөздер дейміз. Эмоционалды-экспрессивті сөздер адам сезімін білдіруге, мәнерлілік пен суреттілікті күшейтуге қызмет етеді. Мысалы, қала, бала деген сөздермен салыстырғанда, шаһар, бүлдіршін, бөбек деген сөздердің бейнелілігі, әсерлілігі анық байқалады.
«Эмоционалдық сөздер мен экспрессивті сөздердің арасына тепе-теңдік белгісін қоюға болмайды. Тілдегі эмоционалдық элементтер адам сезімін білдірсе, экспрессивтік амалдар эмоцияны, ерікті ойды білдіруде де мәнерлілікті, бейнелілікті күшейтуге қызмет етеді».
Эмоционалды сөздер өз мағынасына қосымша адамның көңіл-күйін, көқарасын, жақсы көру, жек көру, жақтырмау, таңырқау, сенімсіздік т.б. сияқты қатынасын білдіре алады. Олар ойдың әсерлілігін арттыруда үлкен роль атқарады. Эмоционалды-экспрессивті сөздер көбінесе көркем әдебиет стилі мен сөйлеу стилінде, көсемсөз стилінде жұмсалады. Ғылыми және ресми-іскери стильде сирек қолданылады. Экспрессивтік бояу әр стильде әр түрлі болып келеді. Экспрессивтік бояу – жеке сөздерде де, фразеологиялық орамдарда да, синтаксистік құрылымдарда да кездеседі. Кей жағдайда тілдегі қосымшалардың да экспрессивтік реңкі болуы мүмкін. Тәуелдік жалғаудың екінші, үшінші жақтарының қолданылу ерекшеліктеріне қарай, құрметтеу, силау, мысқылдау, кекету, қомсыну сияқты қосымша әр қилы экспрессивтік реңк береді.
Тіліміздегі кейбір жұрнақтар силау, құрметтеу, еркелету, қомсыну, кекету мағыналарын береді: әкетай, ағажан, Мәке, Секе, апай, ағай, ағайынсымақ, туыссымақ т.б. Мұндай сөздер ойды жеткізуде әрі әсерлі, әрі бейнелегіштік, мәнерлегіштік қасиетімен көзге түседі.
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:
1. Балақаев М. Томанов М. Жанпейісов Е. Манасбаев Т. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1974, 264 б.
2. С.Хасанова, Ғ.Жексембаева Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1999
3. Мұсабекова Ф. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. Алматы, 1982
4. Е.Жұбанов Қазақтың ауызекі көркем тілі, Алматы, 1996
5. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. Алматы, 1984, 39 б.