Ілік септік. Ілік септік тұлғасының көне жазбалар тілінде мына сияқты фонетикалық варианттары бар: -ың, -ің, -уң, -үң, -ның, нің, -наң, -нәң. Зерттеушілер –ың және –ның, яғни, аффикстің ең басында –н дыбысының бар я жоғына қарай, ілік септік қосымшасының екі түрлі таралуын болжайды. Академик В.В.Радлов Алтын Орда жарлықтары жайлы еңбегінде –ың тұлғасын батыс түркі тілдеріне тән, -ның тұлғасын шағатай тіліне, яки, шығыс тілдеріне тән тұлға деп есептейді. Бұл пікір есімдіктердің септелуін негізге алады. Орхон-Енесей жазбалары тілінде ілік септіктің қолданылуы: Күн тігін Байырқұның ақ адғырығ бініп оплайу тегді (КТ). «Күл тегін Байырқұның ақ айғырын мініпшабулға шықты»… Олурыпан түрк будуның ілін, төрүсін тута бірміс, іті бірміс. «Отырып түрк халқының елдігін, тұтастығын сақтады». Зат есімге –ның түрінде (байырқұның) жалғанса, есімдікке –ың түрінде (мен-ің) жалғанған. Түркітанушы Бангтың түсіндіруінше ілік септік алғашқыда «субъектінің айналасындағы, қасындағы» дейтін мәнді білдірген де, меншіктілік мән соның негізінде барып қалыптасқан. А.М.Щербак ілік мәні алғашында да меншіктелу, тәуелдену мәнерімен келген деп қарайды. Яғни, сол меншіктілік, тәуелділік мәнді арнаулы қосымшамен беру қажеттігінен барып анықтауыштық конструкция құрамындағы атау тұлғасынан өзгеше тұлға – ілік септік қалыптасқан.
Ілік септік көне ескерткіштер тілінде кейде өзімен тетелес сөздің тәуелдік жалғаулы болуын талап етсе, кейде тәуелдік жалғауынсыз-ақ меншіктілік мән бере алады. Біздің еб (МҚ). «Біздің үй». Менің қарын тозты (МҚ). «Менің қарным тойды».
Ілік септік жалғауының қолданыстағы негізгі мағыналары: Бүтіннің бөлшеген, құрама салаларын білдіреді: Менің қарным тозты (МҚ). «Менің қарным тойды». Кісілер, заттар арасындағы қатысты, байланысты білдіреді: Бенің будунум анта ечуч (Т). «Менің халқым ана жақта еді». Абстрак меншіктілікті де білдіреді: Біздің хан ағаларымыз (ЯТ). «Біздің хан ағаларымыз».