Жіктік жалғаулары. Түркологияда тәуелдік жалғаулары сияқты, жіктік жалғаулары да жіктеу есімдіктерінен тараған дейтін көзқарас талас туғызбайтын жай. Алайда жіктік жалғауларының қазіргі типі, белгілі мұралар тіліндегі түрі бұларды да тарихи тұрғыдан тәуелдік жалғауларымен тұлғалас деп қарауға мүмкіндік бермейді. Ежелгі ескерткіштерде бұл жалғаулар мына түрде кездеседі: VII-VIII ғ. Сүледіміз, сүңүсдіміз, бұздумыз. ХІ ғ.: Мен барырман, мен бармасман. – Мен барамын, мен бармаймын (МҚ). XIV ғ. Сенің йазықыңның алдында мен турурмен. – Сенің күнәңнің алдында мен тұрмын (КК).Егер қазіргі қазақ тіліндегі жіктік жалғаулармен салыстырсақ, бар айырмашылық дауысты дыбыстардың алмасуларында ғана.
Н.К.Дмитриев: «Қазіргі тілдегі жіктік жалғаулары тұрақты дыбыстық құрамын жоғалтып, әр түрлі дыбыстық варианттарға жіктелудің нәтижесі», — дейді.
В.Котович жіктік жалғауларын «байырғы етістік суффикстері» деп атайды да, олардың жіктеу есімдіктерінің постпозициялық тұлғасына (атау тұлғасы) жақындығын, өзара ұқсас, ыңғайлас жақтарының көп екендігін айтады.
Жіктік жалғауларының қалыптасуы, яғни, жіктеу есімдіктерінің жақты білдіретін грамматикалық көрсеткіштерге айналуының басты тәсілі –постпозициялық қолданыс болғандығын көне, жаңа түркі тілдерінің материалдары дәлелдейді.
Септеу категориясы және септік жалғаулары. Септеу категориясының даму ерекшеліктері. Түркі тілдерінің V-VIII ғ. Ескерткіштері тіліндегі септік жалғаулары кейінгі XI-XV ғ.ескерткіштері тіліндегі сондай категориямен грамматикалық қызметтерінің жіктелуі жағынан да, қолданылу тұрғысынан да бірдей емес. V-VII ғ. Көне түркі тіліндегі кейбір септіктер екі не үш түрлі грамматикалық мәнде қолданылған, яғни ол тілде септіктердің диффузиялық күйі байқалады. Онда , сонымен қатар, септік жалғауларының шылаулар жетегінде айтылуы да енді қалыптаса бастаған құбылыс ретінде ғана көрінеді. Қазіргі түркі тілдеріндегі септік жалғаулары басты екі топқа – грамматикалық септіктер мен көлемдік септіктерге жіктелетіні белгілі. Көне түркі тілінде де нақ осы із бар. Ал септік жалғауларының тілдің даму процесінде семантикалық жіктелуі осы ек ітоптың әрқайсысының өз ішінде болған құбылыс.
Септік жалғауларының морфологиялық және семантикалық дамуы екі түрлі грамматикалық категориямен тығыз байланысты: тіл құрамында жалғаулардың пайда болып, молаюы және етістіктердің меңгеру қабілетінің өзгеріп, кеңеюі.
Негізгі септелетін сөздер – зат есімдер. Алайда қазіргі тілде субстантивтенген кез келген сөз септік жалғауларын қабылдайды. Осы із түркі тілдерінің тарихында жаңа емес, дегенмен, қазіргі тілдегідей етек алмаған.