Синкретикалық түбір

Синкретикалық түбірлердің табиғатын тануда айрықша назар аударуды қажет ететін мәселе – олардың өзара семантикалық байланыстары. Әдетте синкретикалық етістіктер мен есімдер бір-бірімен себептілік байланыста болып отырады. Мысалы, ауыр дейтін етістіктен сол процестің нәтижесі болып саналатын ұғым атауы ауыру есімі келіп шығады.
Синкретикалық түбірлер мен негіздерді шолу мынадай қорытындыларға алып келеді: ең алдымен, етістіктер мен есімдердің грамматикалық формалар арқылы өз алдарына грамматикалық кластар есебінде қалыптасуы – тіл дамуының барысында пайда болған тарихи құбылыс. Тілдің өте ежелгі дәуірінде бір-бірінен синтаксистік қоршау арқылы ғана ажыраған сөздер келе-келе жеке грамматикалық форманттарға ие болып, лексикалық, синтаксистік жағынан да ажыраған. Олай болса, тарихи тұрғыдан сөздердің етістік жәе есім деп аталатын грамматикалық кластарға жіктелуі тілдің грамматикалық құрылысының дамуымен, соның нәтижесінде аффиксация тәсілінің пайда болуымен байланысты. Алайда аффиксация тәсілінің пайда болуынан кейін де түбірлердің синкретизмі жойылып кете қоймаса керек. Оның себебін алдымен аффикстердің екі түрлі қызметінен қарастырған жөн. Аффикстердің белгілі бір тобы есімде, етістік те жасау арқылы бұрынғы синкретикалық қалыпты жалғастырса, енді бір тобы айқын есім мәнінде қалыптасқан түбірлерге де, айқын етістік мәнінде қалыптасқан түбірлерге де жалғанып, грамматикалық диффузия қалпында қала береді.
Қазіргі тілде байырғы түбірлер деп қаралатын біраз сөздердің құрамын салыстыра талдағанда, олардың қайсысы да ежелгі түбір (қазір өзінің мағыналық, грамматикалық дербестігін жоғалтқан) мен қосымшаларға ажырайтыны байқалады. Өлі түбірлердің үлкен бір тобы –с қосымшасымен келеді: үлес есімі бар, жаңа сөз жасауға негіз де болады: үлестір, үлестіруші т.б. Көне түркі тілінде үле түбірінің үлеш, үлештір, үлет тұлғалары, яғни, етіс тұлғалары қолданылғын: Көне «түркі сөздігінің» авторлары оларды былай түсіндіреді: «үлеш – совм. От үле…», — екінші сөзбен ортақ етіс тұлғасы, «үлештүр – совм. побуд. от үле…», «үлет – побуд. от үле» (ДТС, 624). Сөйтіп ол тілде үле түбірі еркін, дербес қолданылған да, етіс қосымшалары сол түбірге тікелей қосылған. Дегенмен, қазақ тілінде үлес есімінің омонимі ортақ етіс мәнінде жұмсалатын үлес етістігінің тұлғалық бірдейлігі фонетикалық конвергенцияның нәтижесі. Ұлас (ұласу) етістігі қазақ тілінде тек осы сипатында ғана жұмсалады.
Қазіргі тілде түбір деп қаралатын едәуір сөздер тобы –қа (-ға), -ке (-ге) тұлғалы болып келеді. Олардың едәуір көпшілігі етістік түбірлер. Радлов «Сөздігінде» «булан – быть смешанным, сделаться мутным, темнеть… буланықылық – мутность, темнота…, буланық – смешанный, взболтанный, мутный, возбужденный…, буландыр – болтать, мутить» — деп түсіндіреді де, осман түріктері мен Қырым татарлары тілдеріне сілтеме беріледі. Оның үстіне, Радлов булан сөзін була-н деп талдайды. Егер осы фактілерді еске алсақ, қазақ тіліндегі бұлға етістігі мына тәріздес элементтерге ажырайтын болады: бұла-ға>бұл-(а)+ға>бұл-ға. Негіз тұрғысынан бұл етістік буалдыр есімімен түбірлес болып шығады.
Қазіргі тілімізде түбір деп қаралатын бірсыпыра сөздер –р (ыр, -ір) формантымен келеді. Жасыр етістігі қазіргі тіл тұрғысынан құрама элементтерге ажырамайды, оның себебі –ыр қосымша екенін білсек те, жас дейтін дербес мағыналы түбір жоқ. Ал көне түркі тілінде: «йаш – скрываться: ол мені көрүп йашты – он увидев меня, скрылся» (ДТС, 246). Елір етістігінің құрама екені өзімен түбірлес еліт сөзімен салыстырғанда байқалады. Екеуіне де ортақ түбір – елі – і/р – і/т қосымшалары ажырайды. Алайда қазақ тілінде дербес қолданылатын мұндай түбір жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *