Тарихи морфологияның зерттеу нысаны, мақсаты.

Тілдің морфологиялық даму заңдылықтары жайлы сөз болғанда грамматикалық тұлғалардың дамуындағы кейбір факторлардың мәні ерекше. В.А. Богородицкий оларға қарапайымдану (опрощение), морфологиялық ығысу (морф. переразложение), аналогия және халықтық этимология, дифференциация, сөз мағынасының өзгеруі тәрізді құбылыстарды жатқызады. Бұл факторлар тілдің морфологиялық құрылымының дамуына үнемі әсер етіп отырады. Алайда ол сөздерді бүгінгі қолданушылар олардың құрандылығына немесе олардың әр бөліктерінің бір кезегі мағыналарына зер салмайды, қазіргі қолданыста ол сөздердің әрқайсысы – беретін мағынасы тұрғысынан бөліп жаруға келмейтін бір ғана түбір. Мысалы, қазіргі тілімізде бар ашудас, ай қабақ, ақ табан, алаөкпе,, бізқұйрық, бірқазан т.б. сөздерді немесе Жанұзақ, Тоқсанбай тәрізді кісі аттарын қолданғанда олардың құрамы және о бастағы мән-мағынасы туралы ойланып жатпайды.

         Түбір мен қосымшаның өзара жымдасып кетуі кейде бастапқы түбірдің өзінің дербес мағынасын жоғалтып, ескіруінен болуы мүмкін. Мұндай жағдайда түбірдің бастапқы сипаты басқа сөздермен салыстыру арқылы, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда, қосымшаның құрамы арқылы анықталады. Мысалы, ілгері, айт, жоры, алда, байла, арт, сан т.б.  Осы сөздердің қай-қайсы да жоғарыда айтылғандай, түбір мен қосымшаның жымдасып кетуінен пайда болған.

         Қазіргі тілімізде байырғы түбір деп қаралатын толып жатқан бір буынды сөздердің морфологиялық қарапайымдану (А.Н. Кононов мұны фузия, яғни жымдасу, Рамстедт сращение деп атайды) процесінің нәтижесінде барып қалыптасқанын көреміз.

         Алайда морфологиялық жымдасу (қарапайымдану, фузия) тек түбір мен қосымшаның бірігіп, бөліп-жаруға келмейтін ұғымға ие болуына ғана әсер етіп қоймаса керек. Бір фонемадан ғана тұратын алғашқы қосымшалардың фузияның нәтижесінде өзара жымдасып, бірігіп кетуінің салдарынан осы күнгі бір буынды (кейде екі буынды) аффикстер қалыптасса керек, А.Н. Кононов осындай топқа – ғылтым (-ғы+л+ты+м), — сымақ (-сы+ма+қ), — мтыл (-м+ты+л) аффикстерін жатқызады. Бұл аффикстерді ол, қазіргі түркі тілдерінің фактілеріне сүйене отырып, кішірейткіш және ұқсастыру (уподобление) аффикстерінің жымдасуынан қалыптасқан деп қарайды.

         Сөйтіп фузия – түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің морфологиялық құрылысына үлкен із қалдырған процестің бірі, фузия арқылы жеке түбірлер, түбір мен қосымшалар, қосымшалар мен қосымшалар бір-бірімен жымдасып, ажыратып болмастай күйге жеткен. Көп ретте фузияға ұшыраған тілдік элементтер өзінің о бастағы дербестігінен айырылып қалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *