Қазақ тілі тарихи фонетикасының негізгі ерекшеліктері.

Тіл жүйесін құрайтын дыбыстарды парадигматикалық тұрғыдан сипаттау фонема туралы қалыптасқан ұғымға сүйенеді. Фонеманы танудың негізі дыбыстық құрамы ұқсас сөздердің құрамындағы айырмашылықты анықтап, сол айырмашылықтар арқылы сөз мағыналарының өзгеретіндігін білу болып табылады. Сөздің құрамындағы сондай жүйелі дыбыстық өзгерістерді (парадигматикасын) айқындап, олардың тілдің морфемалық құрылымы мен лексикалық құрамына әсерін қарастыру – тарихи фонетиканың басты міндеттерінің бірі.

         Қазақ тілінің дыбыстық, фонологиялық жүйесінің даму, тарихи өзгерістерін анықтап білу көне түркі тілінің бізге жеткен нұсқаларын зерттеуге құрылады.

         Ғылымда «Орхон-Енесей жазба ескерткіштері  дейтін атпен белгілі көне түркі тілінің фонетикалық жүйесі қазақ тілі құрамында негізінен сақталғанымен, дыбыстық құрамда жеке дыбыстардың қолданылуында едәуір өзгерістер болғанын байқаймыз. Ондай айырмашылықтар сол тілдің фонетикалық жүйесін сыйпаттағанда анық көрінеді.

         Көне түркі тілінің нұсқалары руникалық жазу арқылы жетті. Ал руникалық жазу тілдің морфологиялық құрылымына негізделген. Сондықтан да ол жазу жеке фонеманың өзіндік сыпатынан гөрі фонемаларды бір-бірінен дербестейтін айырмашылықтарды белгілеген.

         Көне түркі жазуы консонанттық негізде жасалған. Сондықтан жеке дауыстылардан гөрі буын сапасын дауыссыздар таңбасы арқылы белгілеу ол жазуда басым болған.

         Қазақ тілі – қыпшақ тобындағы тілдер тобына жатады. Ал қыпшақ тобындағы тілдердің қарлуқ, оғыз тобындағы тілдерден фонетикалық негізгі айырмашылықтары мына төмендегідей: 1) 8-9 дауысты дыбыс бар, ы, і, у, и дыбыстары түрлі мәнермен айтылады: татар, башқұрт тілдеріндегі бұл дыбыстар қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдеріндегі сондай дыбыстарға сәйкес келе бермейді; 2) аффикстер құрамында еріндік дауыстылар айтылмайды; 3) сөз құрамындағы еріндік үндесу әлсіз. Қазақ тілінде сөздің бірінші буынында еріндік, кейінгі буындарда қысаң дауыстылар келсе, алдыңғылары соңғыларға әсер етеді. Бірақ өте әлсіз байқалады, сондықтан жазуда ескерілмейді; 4) созылыңқы дауыстылар жоқ. Екінші топқа жататын созылыңқылар орнына қыпшақ тілдерінде дифтонгілер айтылады; 5) көне түркі тіліндегі ғ, г дауыссыздары мен дауыстылардың тіркесі орнына өзгерген жаңа тіркестер (ау, ой, ыу, ей, ій, үй, үу, ұу) қолданылады; 6) көптеген тілдерде сөз басында айтылатын қатаң п орнына ұяң б айтылады, бірақ жіктеу есімдіктері м, б дыбыстарымен мен, бен түрінде дыбысталады; 7) сөз басында қатаң т, қ, к дауыссыздары жиі қолданылады; 8) сөз басында й, ж, дж дыбыстары жарыса қолданылады; 9) сөз ішінде екі дауысты дыбыс аралығында п, қ, к қатаңдары ұяңдап кетеді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *