XVII—XVIII ғасырлар қазақтың халық тілінің даму дәуірі бол—ды. Біртұтас тілдік жүйелері қалыптасқан халық тілі құрамында нормалану жүреді. Олай етпейінше, тіл сол халықтың қоғамдық қатынас құралы болмас еді. Қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық дамудың басты шарттарының бірі де, ондай дамудың негізі де — біртұтас, сол халықтың барлық өкілдеріне ортақ, барлығына түсінікті қатынас құралы — тілдің болуын қажет етеді. Бұл қай халық тілінің тарихында да болған және болатын тарихи белес. Қазақ тілі сондай белесті XVII—XVIII ғасырларда өткізді деп қарау керек. XVII—XVIII ғасырлар қазақ тілі құрамында жеке диалектілік топтардың (немесе говорлар топтарының) айқындалу негізі болды. Алғашқы негізі рулық, тайпалық тілдер болған тілдік жүйелер қазақтардың жүзге жіктеліп, белгілі территорияларда қоныс тебуінің нәтижесінде этнолингвистикалық жүйе болумен бірге этнорегионалдық сипатқа ие болды. Бұндай жіктеліске әрбір этникалық топтың территориялық байланыстары да ықпалын тигізді. Айталық, оңтүстікті мекен еткендер көрші өзбектермен, олар арқылы парсылармен байланысқа түссе, оңтүстік-шығысты мекендегендер ұйғырлармен көршілік қатынасқа түсті, т. б. Жалпы халықтың тіл жүйелерінің жіктеліп, біртұтас қатынас құралы ретінде дамуы екінші бір тілдік құбылыспен — Орта Азиялық түркіжазба әдеби тілімен де байланысып жатты. Оқығандар мен діни өкілдердің тілі ретінде қазақ даласына келген түркі жазба әдеби тілі өзінің алғашқы таралу кезеңінде-ақ халық тілінің біртұтас қалыптасқан жүйелеріне кез болды. Жүздерге топтасқан қазақ рулары әлеуметтік-саяси жағынан да, экономикалық-географиялық жағынан да бір-бірімен шамалас еді. Белгілі бір руды, рулар одағын ерекшелейтіндей айрықша саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайлар болмаса керек. Рулар мен тайпалық одақтар саяси-әлеуметтік, географиялық жағынан жүздерге белінген кезде де белгілі бір жүздің немесе рудың тілі ерекшеленетіндей тарихи жағдайлар болған жоқ. Сондықтан да қазақ тарихы ондай фактіні білмейді. Жалпы халықтық тіл қазақ халқының құрамына енген негізгі рулар мен тайпалар тілдерінің жинақталған, сараланған түрі ретінде қалыптасты. Лингвистикалық негіз, сірә, «қазақ» дейтін атау алып, өзара топтасқан рулар мен тайпалар тілдік жағынан тек қүрылымдық (агглютинативтік) кана емес, фонетикалық, лексикалык және грамматикалық түрғыдан да осындай сипатқа жақын, бір-бірімен үндес тілдерде сөйлесе керек. Солай екендігі қазақ халық тілі құрамында сақталған тайпалық тілдер (әуелі тайпалық, кейін барып регионалдық) қалдықтары — диалектілерден көрінеді. Қазақ тілі диалектілерінің басқа түркі тілдерімен салыстырғандағы үлкен ерекшелігі — олар (диалектілік айырмашылықтар) тілдің негізгі, яғни түсінуге кедергі болатын салаларын қамтымайды.
Орта Азиялық түркі-жазба әдеби тіл сондықтан да қазақ халық тілінің орнына жүріп, оның қызметін атқара алған жоқ. Әрине, қазақтың халық тілі түркі жазба әдеби тілімен қарым-қатынасқа түсті. Соның нәтижесінде қазақ тілінің құрамында сөздердің кейбір семантикалық топтары пайда болды, кейбір синоним сөздер, кейде формалар, жеке фонетикалық өзгерістер келіп шықты. Ол тілдің үлкен әсері қазақ тілінің әдеби болып дамуына тиді жеке сөз топтары мен формалар қызметі жағынан сараланды, жеке стильдік салалардың қалыптасып, дамуы түркі жазба әдеби тілінің ықпалынсыз болған жоқ.