Орта ғасырларда, сонымен қатар, жазба тілдер дамыды. Қараханид мемлекетінің территориясында қалыптасып, бүкіл Орта Азияға тараған жазба тілде көп жанрлы көркем әдебиет дамиды, күнделікті іс қағаздары, дипломатиялық қағаздар жазылады. Кейін бұл тілдің негізінде шағатай әдеби тілі, оның негізінде Хорезм әдеби тілі, кейінгі замандарда Алтын Орта әдеби тілі, т. б. жазба тілдер қалыптасып, бүкіл түркі әлемін қамтиды.
Бұл дәуірде Юсуф Баласағунидың «Құдатқу білігі», Махмуд Қашқаридың «Диваны» жазылды. Алдыңғысы кітаби жазба тілдің ескерткіші болса, Махмуд Қашқаридың «Диваны» ауызекі сейлеу тілінің жинағы еді. Осы «Диванда» бірінші рет қыпшақ тілі материалдары көрініс тапты. Қашқари кітабында берілген қыпшақ материалдары бүгінгі қазақ тілінің алғашқы сипатын танытады .
Осы дәуірде Әлидің «Қисса-и-Жүсіп», Сараидың «Гүлстан бит-түркиі», Хорезмидің «Мухаббат намесі» тәрізді қыпшақ жазба тілінің ескерткіштері мен Абу Хайианның грамматикасы, «Ат-тух-ва», «Қитаб булғат әл-муштақ…», «Әл-Қавани…», 1245 ж. Түрікше-арабша-моңғолша-парсыша сөздік тәрізді грамматикалық зерттеулер мен сөздіктер, «Кодекс Куманикус» тәрізді қыпшақ сөйлеу тілінің мұралары, XV—XVII ғ. армян жазулы қыпшақ қағаздары жасалды. Қыпшақ тілінің бұл дәуірдегі сипаты орыс эпосы «Игорь полкі туралы сөз» арқылы да біздің заманымызға жетті. Қыпшақ тілі сөздік қоры мен фонетикалық жүйесі, грамматикалық құрылымы жағынан қазақ тілінің сипатын байқататыны жайлы пікір түркологияда орныққан деп қарауға болады.
X—XV ғасырларда қазақ тілінің рулық, тайпалық тілдер негізінде қалыптасу процесі жүрді. Алғашқы кезеңде рулық тілдердің өзара жіктелу, бір-бірінен ажырауы болса, кейін тайпалық одақтар шығып, қыпшақ тілі бірлестігінің қазақтың халық тіліне ұласуы, дамуы басталады.
XV—XVI ғасырларда біртұтас қазақ тілі жайында айтуға мүмкіндік туады. Бұл заманда қазақтың бай ауыз әдебиеті туды, авторлық әдебиет — жазба әдебиет пайда бола бастады. Қазақ тілінің негізгі құрамдық белгілері де осы замандарда қалыптасты. «Қазақ» этнонимінің пайда болуы да, тарихтың айтуы бойынша, XIV ғасырға жатса керек. XVI ғасырдың тарихи деректері қазіргі Қазақстан территориясын мекендеген біртұтас халықтың атын «қазақ» деп қалыптасқан атау ретінде қолданады. XV ғасырдың 60—70-жылдарында алғашқы қазақ хандығы құрылады, алғаш рет жақын тілдерде сөйлейтін әдет-салт жағынан бірыңғай рулар мен тайпалар саяси бір орталыққа бағыну мүмкіндігіне ие болады. Саяси-шаруашылық, географиялық жағдайлардың салдары ретінде осыдан сәл бұрын қалыптасқан қазақтың үш жүзі осы уақыттарда тарих сахнасына шықса керек. Өздерін кейінгі тарих бойында «қазақ» деп атап кеткен халық құрамына енген рулар мен тайпалардың басым көпшілігі сөз басында ұяңдардан гөрі қатаң дауыссыздарды айтатын, созылыңқы дауыстылар орнына дифтонгілер қалыптасқан, сөзді әуезділік жағынан жуан айтуға ұмтылатын, еріндік гармониядан гөрі езулік гармонияны сақтайтын тілдерде сөйлесе керек. Әрине, бұдан басқа сипатта сөйлейтін де тайпалар болды. Тарихи деректер қазақтың құрамына оғыз тектес тайпалардың да, тіпті моңғол тектес тайпалардың да енгендігін дәлелдейді. Қашқари оғыз тілі ерекшелігі деп көрсететін кейбір тілдік құбылыстар қазіргі қазақ тілі кұрамында орнығып қалған. Оның үстіне, орта ғасырларда Сырдария бойында қыпшақ-оғыз тайпалық бірлестіктері болғандығын, Жетісуда қарлұқ тектес тайпалардың қазақ руларымен қоян-қолтық араласқандығын, батыста полозецтермен бірге гуздардың (оғыздардың) бір мемлекеттік одақта өмір сүргендігін еске алсақ, қазақ тілі өзінің алғашқы құралу, қалыптасу дәуірінде бір сипатты болмағандығын білуге болады. Бірақ бұлар сан жағынан көп болмаған және кұралу, қалыптасу дәуірінде мәдени де, саяси-әлеуметтік те жағдайларды айқындамаса керек. Анлаутта ж, инлаут пен ауслаутта й, у дыбыстарын қолданып, сөздің қатаң да жуан айтылуына мән беретін, езулік гармонияны сақтап сөйлеуге тырысатын тілдер көпшілік болумен қатар, халықтың қоғамдық өмірінде ұйымдастырушылық қызмет атқаруы әбден ықтимал. XI ғасырдың соңғы ширегінде саяси-әлеуметтік жағдайлармен байланысты басқа тайпалар ішінде үстемдік алған қыпшақ тайпасының айналасына басқа да рулар мен тайпалар бірігіп, «қыпшақ» атын алды. Қыпшақ конфедерациясынық құрамына енген тайпалар мен рулар үшін, сөз жоқ, қыпшақ тілі ортақ тіл болды. Қашанда тілдер тарихында бола беретін процесс — бір тілдің негізінде нормалану жүрді. Сөйлеудің бір тілге негізделуі біртұтас тілдік бірліктің жүйеленуіне алып келді және сол тіл құрамында диалектілік ерекшеліктердің де қалыптасуына мүмкіндік жасады.
Қазақтың халық тілінің қалыптасуы бұл дәуірде осындай процесті басынан кешірді.