Түркі бірлестігі дәуірінің бірінші кезеңі — көне түркі қағанаты кезеңі

Сонымен, бұл дәуірде кейін түркі халықтарының негізін салатын тайпалар моңғол тайпаларынан бөлініп, жіктеліп шықты деп қарау керек. Бұл дәуір — тарихқа дейінгі дәуір. Бұл дәуірде әлі аты белгілі халық та, ру да жоқ. Дұрысында, бізде ондай мәлімет жоқ. Түркологияда бұл раннепратюркский деп аталып жүр. Түркіге дейінгі дәуірдің бұл — бірінші кезеңі болса керек. Екінші кезеңі түркологияда «Хун дәуірі» деп аталатын мерзім. Хун дәуірі деп атау біздің заманымыздың алғашқы жылдарында өмір сүрген Хун империясына байланысты.

         Хун империясы Орталық Азиядан Шығыс Европаға дейінгі ұлан-байтақ территорияны мекен еткен түркі, монғол, тұңғыс-маньчжур тектес тайпаларды біріктірген қуатты мемлекет болған. I ғасырда империя ауызбіршіліктің жоқтығынан, сондай-ақ көршілердің әсерімен де екіге: Батыс және Шығыс Хун мемлекеттеріне ажырайды. Бұл жіктеліс түркі тайпаларының кейінгі дамуына үлкен әсер етті, мемлекеттің батыс бөлігіне қараған рулар мен тайпалардың кейінгі тарихи тағдыры бірге болды да, мемлекеттің шығыс бөлігінде қалған рулар мен тайпалардың кейінгі дамуы бірыңғай болды. Сөйтіп түркі тілдерінің (халықтарының да) қазіргі батыс және шығыс топтарының қалыптаса бастауы осы Хун империясынан басталады. Бұл дәуірде осыдан бұрын басталған түркі тілдерінің моңғол тілдерінен жіктелу процесі аяқталады. түркі тілдері негізінен з, ш дыбыстарын айтатын тілдер болған мен, олардың ішінде бұлғар тілі (кейін чуваш тілі) түркі-монғол бірлестігінің сипатын (р, л дыбыстарын) сақтап қалды. Сонымен қатар, з дыбысының с варианты, ш дыбысының с, ж варианттары қалыптасты: жаз, жазыл, дъас, дар (дар етті), дарыл (дарылда)р~з//с, бес//беш, білек, л~ш//с, быш//пыс//піс, быжыл (быжыл-да) шІ/ж//с.

         Бұл кезеңде оғыз-қарлұқ-қыпшақ тіл бірлестігі қалыптасты. Бірақ оғыз, қарлүқ, қыпшақ тілдері (тілдік бірлестіктері) бір-бірінен айқын жіктеле қойған жоқ. Дегенмен, Хун дәуірінде-ақ оғыздар мен қыпшақтар, қарлұқтар тарих сахнасына шыға бастады. Қытай жылнамаларында, сонымен қатар, қаңлылар мен үйсіндерді атайды, олардың тілі мен тұрмысына қатысты мәліметтер беріледі. Сонымен, Хун империясы — түркі тілдерінің тарихи дәуірі. Қазақтың халық тілінің этногенездік құрамы да осы дәуірден бастап назар аударады.

         Оғыз-қарлұқ-қыпшақ тіл бірлестігі, екінші жағынан, қазақтың халық тілінің басты арналарының біріне айналса, қыпшақ, қаңлы, үйсін тайпа тілдері (тарихи жылнамалар хабар беретін) қазақтың халық тілінің құрамына енгендер. Түркологияда V—X ғасыр көне түркі дәуірі деп аталып жүр. Бұл алғашқы Түркі мемлекетінің — түркі. қағанатының дәуірі, түркі жазуының, түркі жазба тілінің дәуірі. Дәуірдің тарихи-әлеуметтік үлкен ерекшелігі — түркілер өз тарихын өзі жаза бастаған, өздері жайлы мәліметті өздері хатқа түсіре бастаған кез. Бұл дәуірдегі түркі тілдеріне тән негізгі белгілер деп мыналар аталады: сөз арасында, сөз соңында т//д дыбыстарының сәйкес қолданылуы басым болады: адац. Бұл ерекшелік біздің заманымызда якут тілінде (т) сақталып қалған. Көне түркі дәуірінің өзінде сөз ортасындағы д(т) з дыбысына ауысуы кездеседі. Сөйтіп тарихи р ~ д(т) ~ з(с) дыбыс сәйкестігі қалыптасады. Бұл дәуірдің бізге жеткен ескерткіштерін жазба тілдің мұрасы дейтін көзқарас қалыптаса бастады. Сол жазбалар тілін екі түрлі топқа бөлетін пікір де орнықты. Олар — Орхон-Енисей ескерткіштері және көне ұйғыр тілі ескерткіштері. Орхон-Енисей ескерткіштері тілдік сипаты жағынан бүгінгі түркі тілдерінің қайсысын да еске түсіреді, солардың қайсысының да көне заманғы архетипі ретінде қарастырыла алады. Мысалы, ол тілдің бір белгісі ретінде қаралатын ц//н//й дыбыс параллелінің барлық сыңары қазіргі түркі тілдерінде кездеседі. Немесе сөз басында м//б параллелі түркі тілдері арасында қалыптасқан (мен, бен — қазақ, тү-рікмен) сәйкестік болумен бірге, бір ғана тіл құрамында да қолданылады: мында~бұнда, т. б. Мерзімі жағынан көне үйғыр ескерткіштері соңғы кейінгі уақытқа жатады. Көне ұйғыр ескерткіштерін екі түрлі диалектінің: н — диалект және й — диалектінің көрінісі деп қарау қалыптасты. Көне ұйғыр ескерткіштерінің й — диалект тобы фонетикалық және морфологиялық құрылымы жағынан көне қазақ тілінің алғащқы бастауын байқатады.

         Дегенмен, көне түркі дәуірінде қыпшақ, оғыз, ұйғыр (қарлұқ) тайпалық тілдер бірлестіктері бой керсете бастады. Көне түркі дәуірі жазбаларында   сол  тілдік бірлестіктердің, сондай-ақ жеке тілдер: қыпшақ, оғыз, қырғыз, ұйғыр, т. б. тілдердің ерекшеліктері көрініс тапқан.

Сонымен, V—X ғасыр аралығы түркі тілдерінің өзара жақындьіқ белгілері бой көрсете бастаса да, әлі толық жіктелмеген дәуір. Осы белгісіне орай бүл түркі бірлестігі дәуірінің бірінші кезеңі — көне түркі қағанаты кезеңі болып табылады. Қазақ тілі тарихы үшін XI—XV ғасырлар аралығы — түркі бірлестігі дәуірінің екінші кезеңі, үлкен мәнді мерзім болды.

         XI—XV ғасырларда д/т~з/с сәйкестігі жаңа сатыға көше бастады. Сөз ортасындағы д дыбысын айтатын тілдермен қатар й дыбысын айтатын тілдер қалыптаса бастады. Сөйтіп түркі тілдері тарихында белгілі, тілдерді жіктеуде еске алатын дыбыс сәйкестігі: д//т~з//с~й қалыптасады, енді түркі тілдері сөз ортасында қай дыбыстың айтылуына қарай д/т тілдері, з тілдері, й тілдеріне жіктеле бастайды. Түркі тілдері мен моңғол тілдерін жіктеген р~з, л~ш дыбыс сәйкестіктері де жаңа сатыға ауыса бастайды: р~з~ й, л~ш~с. Сонымен қатар түркі тілдері құрамында осы дәуірде жаңа сапалық өзгеріс қалыптасты. Сөз ортасында, сөз соңында ғ, г дауыссыздары мен дауыстылардың тіркесі үш түрлі өзгеріске ұшырады: бір топ тілдерде дифтонгілерге айналды, бір топ тілдерде созылыңқы дауыстыларға айналды және бірсыпыра сөздер құрамында қатаңдап кетті, кейбір сездер құрамында элизияға ұшырап, түсіп қалды. Қысқасы, бұл айтылғандар мына тәрізді фактілер арқылы көрінеді: қазақ — тау, қырғыз — тоо, қазақ — улық, кішік, бек, ұлы, кіші, сары. Бұл өзгерістердің барлығы тілдер қүрамында синоним сөздер мен формалардың молаюына алып келді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *