Аю терісі, майы және шипалық қасиеті бар өті үшін ауланатын бағалы аң. Семіз аюдан 120 килограмм ет, 50 килограмм витамині көп май алуға болады. Аюдың майын жергілікті халықтар ерте заманда әр түрлі ауруларға, әсіресе туберкулезге және белі ауырған адамдарға ем ретінде пайдаланған. Әр түрлі ауруларға шипа болатын аю өті ерекше зат. Ол әсіресе, Оңтүстік-шығыс Азияда халықтық медицинада өте жоғары бағаланады. Қытайда, Индияда, Тайландта, Бирмада және Жапонияда аю өтін ішек-қарын, бауыр ауруларын, сары ауруларды, жұқпалы іш ауруын, көз қарығуын, қатерлі іріңдер мен жараларды емдеуге жиі пайдаланады.
Елімізде өз ішінде аю өті бұрынғы қасиетін төмендеткенмен де, халықаралық саудада ол әлі де өте жоғары бағаланады. Біздің елімізде бұл аңның өтін дайындау, ешбір жерде жоспарланбаған. Оны аз мөлшерде тек тәжірибелі аңшылар ғана дайындай алады. Күз, қыс айларында алынған аю өтінің шипалық қасиеті өте күшті /27/.
Ор қоян — қояндардың ішіндегі ең ірісі. Салмағы 6-7 килограмдай болады. Бұл Батыс Қазақстанда кең таралған терісі бағалы аң. Сонымен қатар, Жайық өзенінің жайылымында да бұл аң аз емес. Ор қоян көбінесе ашық далалы жерлерде, арасы сирек шоқ тоғайдың арасында, өзеннің жайылмасында, шоқ-шоқ бұтаның арасында, жыра бойында, көлдің жағасын мекендейді. Ор қоян жылына екі-үш рет көжектейді. Бұл аңдардың кәсіптік маңызынан басқа, ауыл шаруашылығына тигізетін зияны да көп. Әсіресе, ор қоян орман шаруашылығына өте үлкен зиян келтіреді. Олар Жайық өзенінің жағасында өсетін әр түрлі орман ағаштары мен бұталы өсімдіктерге, егінді қорғайтын орман алқаптарына зиянды/29/.