Ақкіс- дене тұрқы 18-26 сантиметрдей ғана келген, өте жылдам қимылдағыш жыртқыш аң. Қыста бүкіл денесі қар түстес ақ, тек құйрығының ұшы ғана қара. Жазда ол екі түрлі болып келеді — арқа жағы қоңыр қызғылт, ал бауыры ақшыл сарғыш. Сусар тұқымдастарының ішінде біздің елімізде ең көп тараған осы түр. Қазақстанның тек шөлді аймақтан басқа барлық жерлерінде кездеседі. Ақкіс республикамыздың солтүстік бөлігінде және оңтүстік-шығыс жақтағы таулы өңірде өте көп таралған. Батыс Қазақстанда Жайық өзені бойында біраз кездеседі. Солтүстіктегі облыстардың территориясында ақкіс өзендер мен көлдердің жағасындағы қамыс, тал іштерінде, сай-сала, жыраларда, қайың, көктерек өскен алқаптарды мекендейді. Бұл жыртқыш жылына бір рет қана өніп-өседі. Ақпан-мамыр айларында ұйығып, 9 айдан соң 3-18, орташа 8-9 күшік туады. Ақкіс жылына екі рет: көктемде және күзде түлейді. Көктемгі түлеуі наурызда басталып, сәуірде аяқталады. Күзгі түлеуі қазан айында аяқталады. Қараша айының басынан оның терісі бірінші сортқа жатқызылады. Терісі аппақ қардай жалт-жұлт еткен бұл аңның аз-көп болуы оның қорегінің мөлшеріне байланысты. Өте құнды ақкіс терісі шет елдерге шығарылатын тауардың бірі.
Құндыз — басы кішілеу, құйрығы ұзын, дене пішіні 95 сантиметрдей келген аң. Арқасы мен артқы жағының түсі жылтыраған қара қоңыр, бауыры ақшылдау болады. Құндыз нағыз тұщы су маңын мекендейтін жыртқыш. Құндыз көбіне таудан аққан, жары биік, жағасында ағаш немесе қамыс өскен өзендерді мекендейді. Кейбір аудандарда бұл аңды ретсіз аулау салдарынан жойылу қаупі төнген. Қазіргі кезде құндыз Оңтүстік Алтай, Жоңғар және Іле Алатауларында ғана кездеседі. Бірақ өте сирек. Терісі өте бағалы, әсем де құнды. /24/. Қара күзеннің Отаны — Солтүстік Америка. Бұл аңды жерімізге жіберу 1933 жылы басталған еді. Жерсіндіру жұмысы сондай табысты болды. Бұл -терісі аса бағалы аң. Қысқы жүнінің жалпы түсі денесінің барлық бөлігінде біркелкі қара қоңыр келеді.Тек иек астында ақ дағы болады. Үлпілдек түбітті терісі жылт-жылт етіп сәндігімен көз тұндырады. Дене пішіні орташа 39 сантиметрдей. Қара күзен Алтай өлкесінен Шығыс қазақстан облысының территориясына 1945 жылы ене бастады. Әр түрлі бұталы ағаштар мен қарағай өскен өзен бойы бұлардың жақсы мекені. Бұл жыртқыш жылына екі рет түлейді. Көктемде наурыз-сәуір айларында, ал күзде тамыз-қараша айларында. Аса құнды, әдемі қара күзен терісін дайындау қараша айында басталып, ақпанда аяқталады. Қазақ ССР Ғылым академиясы Зоология институтының ғылыми қызметкерлері Ю.Г.Афанасьев пен Ю.С.Лобачев 1957-1968 жылдар аралығында қара күзеннің биологиясын, таралуын, өсіп-өнуін зерттеп, Шығыс Қазақстан облысындағы бұл аң қорының қанша екендігін анықтаған /25-26/.