Клеткаларды өсірге арналған қоректік орталардың құрамы өте күрделі. Олардың құрамына макро және микроэлементтер, көмірсулар, витаминдер, аминқышқылдары, фитогармондар кіреді. Клеткаларды нәтижелі өсіру үшін ең алдымен лайықты қоректік орта қажет. Клеткаларға әсер ететін сыртқы факторлар: температура, жарық, осмос қысымы, оттегі.
Калллуыс ұлпасы клеткалардың ретсіз бөлінуі арқасында пайда болады. Каллустың туындауы және әрмен қарай өсуі фитогармондармен реттеледі. Каллус ұлпасын 3-4 апта сайын жаңа қоректік ортаға көшіріп отырып, өте ұзақ уақыт өсіруге болады. Ал қоректік ортаның құрамын өзгертіп, морфогенездің нәтижесінде регенерант өсімдікті алуға болады.
Клеткалар суспензиясы деген жеке клеткаларды немесе олардың кішігірім топтарын аэрациясы мен араластыруын қамтамасыз етіп сұйық ортада өсіру. Сұйық ортада өскен клеткалар агарлы қатты ортада өсірген клеткалармен салыстырғанда, қоректік заттармен және оттегімен жақсы қамтамасыз етіледі. Жеке клеткаларды борпылдақ каллустан сұйық ортада шайқап шығарып алады. Клеткалардың суспензияда ең лайықты тығыздығы бір милллилитрде 105-106 клетка шамасында болуы керек.
Клеткаларды сұйық ортада өсірудің екі әдісі бар: қорландырып мерзімді өсіру, ағынды ортада үзіліссіз өсіру. Өсімдік клеткаларын сұйық ортады өсіргенде микроорганизмдерге арналған технология мен апараттар қолданылады. Клеткалар суспензиясын өсіру биореакторда (ферменттерде) хемостат және турбидостат принциптері арқылы жүргізіледі.