Технологиялық процесті статистикалық реттеудің мақсаты — периодтық түрде аз санды сынаманы тексеру негізінде «процесс реттелген» немесе «процесс реттелмеген» деген шешім қабылдау. Технологиялық процестің реттен шығуы кездейсоқ уақытта кездесетін болғандықтан және бұндай оқиғалар белгілі статистикалық заңдарға бағынатындығынан бұл мақсат математикалық статистика әдістерінің көмегімен шешіледі. Бұндай мақсаттың ең қарапайым схемасын қарастырайық. Екі гипотеза шығарылады: нөлдік гепотеза Н0 – технологиялық процесс реттелген, егер тексерілетін сапа көрсеткішінің Х үлестірілу параметрі θ тең θ0, және альтернативалық гепотеза Н1 — технологиялық процесс реттелмеген, егер параметр θ тең θ1. Бұлар жалпы түрде былай жазылады:
Н0 : θ = θ0 (технологиялық процесс реттелген),
Н1 : θ = θ1 (технологиялық процесс реттелмеген).
Сапаны статистикалық бақылау мәселесін шешу кезінде ең жиі қолданылатын Х кездейсоқ шаманың үлестірілуі болып қалыпты үлестірілу табылады. Қалыпты үлестірілу екі параметрмен: математикалық күтім µ және дисперсия σ2 анықталатыны белгілі.
Кездейсоқ шама Х үздіксіз немесе дисктреттік болуы мүмкін. Мысалы, біліктің диаметрі, теория бойынша, рұқсат етілген шекара ішінде, мысалы 34,5 және 25,5 мм аралығында барлық мәндерге ие бола алатын үздіксіз кездейсоқ шама болып табылады. Практикада бүл мәндер өлшеу құралдарының жетілмегендігімен, яғни өлшеу дәлдігімен шектеледі. Үздіксіз шаманы біз өнімнің сапасын сандық сипаты бойынша бақылау кезінде өлшеу құралдарының көмегімен аламыз.
Дискреттік шаманы біз өнімнің сапасын альтернативалық сипаты бойынша бақылау кезінде, яғни жарамды немесе жарамсыз болғандығы бойынша аламыз. Бұндай бақылау нәтижесінде акауы бар өнімдердің санын немесе ақаулардың санын есептейді. Бұл жерде Х параметрінің шын мәнін білу бізге қажет емес, сол мән бекітілген талаптарға сай келе ме немесе келмейме – соны білу жеткілікті. Мысалы, Х мәні рұқсат етілген шектің ішінде ме немесе бұйым тағайындалған үлгіге сәйкес келе ме жоқ па?
Технологиялық процестерді статистикалық реттеу кезінде Х үздіксіз кездейсоқ шама қалыпты үлестілген жағдайда мына гипотезалар тексеріледі:
Н0 : µ = µ 0 (технологиялық процесс реттелген),
Н1 : µ = µ 1 (технологиялық процесс реттелмеген),
егер реттен шығу математикалық күтімнің (µ) өзгеруімен байланысты болса. Ал егер реттен шығу дисперсияның (σ2) ұлғаюымен байланысты болса, онда мына гипотезалар тексеріледі:
Н0 : σ = σ 0 (технологиялық процесс реттелген),
Н1 : σ = σ 1 (технологиялық процесс реттелмеген).
Статистикалық реттеу кезінде орташа мәндер ретінде әдетте таңдамалы орташа арфиметикалық мән немесе таңдамалы медиана , ал үлестірілу өлшемі ретінде – таңдамалы орташа квадраттық ауытқу S немесе таңдамалы дисперсия S2 немесе құлаш R қолданылады.
Бақыланатын сапалық көрсеткіш дискретті кездейсоқ шама болып табылған жағдайда, яғни ол биномдық намесе Пуассонның үлестірілу заңына бағынатын болса, процестің реттелмеуі ақауы бар өнімнің үлесі р0 мәнінен р1 мәніне дейін ұлғаюымен сипатталады. Бұндай жағдайда мына гипотезалар тексеріледі:
Н0 : р = р 0 (технологиялық процесс реттелген),
Н1 : р = р 1 (технологиялық процесс реттелмеген).
Орташа арифметикалық мән және медиана, сондай-ақ орташа квадраттық ауытқу мен құлаштың екеуінің бірін таңдау кезінде мыналарды ескеру қажет. Орташа арифметикалық мән медианаға қарағанда тиімділігі жоғары статистика болып табылады, сондықтан таңдаманың көлемін бір жарым есе азайтуға мүмкіндік береді. Дәл солай орташа квадраттық ауытқу құлашқа қарағанда тиімділігі жоғары статистика болып табылады және таңдаманың көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Бірақ медиана мен құлаш орташа арифметикалық мән мен орташа квадраттық ауытқумен салыстырғанда жеңіл табылады, сондықтан кейбір жағдайларда медиана мен құлаш қолданылады.
Технологиялық процестерді реттеудің статистикалық әдістерінде өнім бірліктерінен таңдама құру алдын ала белгіленген уақыт аралығында немесе өнім бірліктерінің белгілі саны өткеннен кейін жүзеге асырылады.
Статистикалық реттеуді қолдану арқылы өнімнің сапасы жөнінде оның шамалы бөлігін, яғни аз көлемді сынаманы тексеру нәтижесінде қорытынды шығаруға болады.
Сынама – тексерілетін партиядан немесе өнім ағынынан тексеру және бекітілген талаптарға сәйкестігі туралы шешім қабылдау үшін таңдап алынған өнім даналары.
Технологиялық процестерді реттеудің статистикалық әдістерін қолдану біріншіден технологиялық процестің ауытқуын өз уақытында анықтауға және, екіншіден, өнімді шығару кезінде оның қажетті деңгейдегі сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғандай, өнімнің сапасын бақылау үшін бақыланатын партиядан таңдама немесе сынама алынады.
Таңдама деп бақыланатын партиядан немесе өнім ағынынан бақылау және шешім шығару үшін алынған өнім бірліктерін (бақыланатын мәндерді) айтады.
Сынама деп бақыланатын жиынтықтан шешім қабылдау үшін алынған даналап есептеуге келмейтін өнімдердің мөлшерін айтады.
Таңдаманы құрайтын өнім бірліктерінің санын таңдаманың көлемі дейді.
Сынаманың көлемі деп сынаманы құрайтын даналап есептеуге келмейтін өнімнің белгілі мөлшерін атайды.