Бір ғана ойды білдіріп, бір ғана интонациямен айтылатын сөйлем жай сөйлем деп аталады.
Қазақ тілінде сөйлемдегі сөздер тәртібі өзгерсе де сөйлем мағынасы өзгермейді.
Мысалы: Кеше аңшы аюды өлтірді.
Аюды кеше аңшы өлтірді.
Сөйлемдегі сөздер тәртібі өзгергенмен сөйлемнің мағынасы өзгерген жоқ. Ал ағылшын тілінде септік жалғауларының жүйесі толық бұзылған және сөздің қызметі және оның басқа сөздермен байланысы оның сөйлемдегі орнымен анықталады.
Мысалы: Yesterday the hunter killed a bear.
Yesterday a bear killed the hunter.
Екінші сөйлемнің мағынасы бірінші сөйлемнің мағынасына қарама-қарсы. Сөздердің тәртібі өзгерсе, сөйлемнің мағынасы бұзылады. Сондықтан ағылшын тілінде сөйлемдегі сөздер тәртібі қатаң.
Ағылшын тілінде сөйлем айтылу мақсаты мен интонациясына қарай хабарлы, сұраулы, болымсыз және лепті сөйлем болып бөлінеді.