Ана мейірімі

Шырақ – адамға нұрын төгіп, жан-жағына шуағын шашады. Ананың мейірімі де осы шырақ тәрізді айна­ласын жылуға бөлейді. Ананың балаға деген мейірімі мен жылуы ерекше. Мен үшін өмірімнің мәні де, сәні де аяулы Анам еді. Ол кісінің аялы алақаны мен  ыстық құшағын сағын­дым.

Менің анам әлемнің бар жақсы­лығын бойына жиған, жүзі жылы, жүрегі мейірімге толы жан болды. Үнемі жымиып, күліп жүретін бейнесі әлі көз алдымда. Тұнжыраған, көңілсіз жүрген кезі жоқ. Күннің көзіндей, әрдайым жадырап, жарқырап жүретін еді.  Кезінде  дүниедегі бар  жылылық пен мейірім анаммен бірге кеткендей сезініп, жалғызсыраған кезім көп. Бәлкім, содан да болар,  Анамның сағымға айналған бейнесіне, жүзіне, күлкісіне кірбің түсірмей, айналамдағы жақын адамдарды мейірімге бөлеуге тырысып келемін. Анаң жұлдыз болып аспанға кетті, сені үнемі бақылап жү­реді деп айтушы еді  әкем. Өмірімдегі ең абзал адамның  берген тәрбиесінен таймай, тура жолда жүруді, анамның көктегі жұлдызын  сөндірмеуді  өзімнің міндетім деп түсіндім.

Кейбір балалардың анасына дөрекі сөйлегенін, анасына дауыс көтергенін  көргенде, жанына жетіп барып, ананың қаншалықты қымбат екенін түсіндіргім келіп кетеді. Ананың жанында күнделікті болған сәттер бір күні қайтып келмес сәтке  айналатындығын айтқым келеді. Анасыз өмір сүру қиын болса да  мен анам үшін өмір сүремін. Анама бала кезімде айтқан арман-мақсаттарыма  жету үшін өмір сүремін. Менің өскенімді, жақсы білім алып, ержеткенімді көрмесе де жақсы адам болып өссем, анам сезеді, қуанады деп ойлаймын. Анашым сізді мақтан тұтамын. Сізді сағынамын, аңсаймын, қапсыра құшақтағым келеді. Сіз менің мәңгі жүрегімдесіз!

 

Анасыз бос дүние мына ғалам,

Аңсайды, сағынады сізді балаң.

Жұмақтан орын берсін деп

 тілеймін,

Жаратқан өзіңізге Хақ Тағалам!

Мен үшін сіз өмірде ақ Мамасыз

Тең келер барлық ана еш талассыз.

Дұға оқып, тілек тілеймін бір өзіңе,

Мәңгі менің жүрегімде сақталасыз!  

 

 Бекарыс БАҚЫТҰЛЫ,

Шона Смаханұлы атындағы

№62 гимназияның

7 «ә» сынып оқушысы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *