ӨТКЕН КҮН
(Күз)
Сұлудай толып бұралған,
Жібекке жасыл оранған,
Жас өрім талдың жапырағы
Сарғайып түсті үзіліп.
Ұялшақ көркем келіндей,
Сүюге тосқан еріндей,
Албырап тұрған қызыл гүл
Солды қурап бұзылып.
Таңмен бірге жырлаған
Шырқап ұшып зырлаған,
Қойылды қазір бұлбұлдың
Құбылған әні сызылып.
Жылдың көркі кеткенін,
Жастығы жылдың өткенін,
Білдіріп қайтты тырна да
Қоштасып шырқап тізіліп.
Көк пен жерден сұр кетті,
Кемпір-шалдай түр кетті,
Жастығы жылдың — жаз өтті,
Қарасаң да сүзіліп,
1917 жыл, Ақмола.