ЖОЛДАН ӨТКЕНДЕ
Дастан деген баламын,
Мектепке енді барамын.
Жүруді де үйрендім,
Көшесінде қаланың.
Жол шетіне келгенде,
Тоқтай қалып мен демде,
Көз саламын арнайы
Белгісі бар жерлерге.
Қауіпті ғой көше тым,
Қумай жолдың төтесін,
Жолақтарды іздеймін
Жаяу адам өтетін.
Асықпаймын аптығып,
Алдым мұны жақсы ұғып.
Пианино тіліндей,
Қатар-қатар ақ сызық.
Ортасында тұра қап,
Оңға, солға бір қарап,
Жолдың арғы шетіне
Жетіп алам жылдам-ақ.
БАҒДАРШАМ
Жолды кесіп өтуге мен қамдансам,
Қиылыста қарсы алады бағдаршам.
Менікіндей екеу емес, үш көзді,
Әр көзінің түсі бөлек, аңғарсаң.
Қозғалысты қалт жібермей қырағы,
Бір көз жанса, қалғаны өшіп тұрады.
Қызыл, сары, жасыл түсті көздердің
Бас әрпінен үш түрлі ұғым шығады:
Қ – Қызыл түс – қимылдама, баспа алға,
Қиылыста қарап тұрма аспанға.
С – Сары түс – сәл сабыр ет, дайындал,
Ж – Жасыл түс, жүре бергін, жасқанба.
ТӘРТІП САҚТАП ЖҮРЕМІН
Үйренуден тынбаймын,
Білімімді шыңдаймын.
Кішілерге қамқормын,
Үлкендерді тыңдаймын.
Велосипед теппе деп,
Айтпаса да, еп керек.
Жүгірмеймін доп қуып
Көліктерге бетпе-бет.
Көше жаққа бармаймын,
Таса жерде қалмаймын.
Ойнау үшін арнайы
Орындарды таңдаймын.
Өзенде де, тауда да,
Саябақта, аулада
Тәртіп сақтап жүреді
Шымыр, дені сау бала.
КӨЛІККЕ МІНГЕНДЕ
Қаламызда қырандай
Самғар көлік табылар.
Троллейбус пен трамвай,
Автобустар тағы бар.
Автобусқа асығып,
Жолды кесіп өтпеймін.
Доп тепкендей асырып,
Бос қалбырды теппеймін.
Жол шетіне трамвай
Келе алмайды күтсең де.
Болу керек тым абай
Мінгенде не түскенде.
Өзім барар бағыттың
Нөмірін де білемін.
Ережеге қанықпын,
Артқы есіктен кіремін.
Жұрт аяғын баспаймын,
Бүлдірмеймін, шашпаймын.
Жолақысын «қоянша»,
Төлеместен қашпаймын.
Шаршап кейде жүрсем де,
Орын берем үлкенге.
Қатты шулап тұрмаймын,
Құрбылармен күлсем де.
Аялдама аттарын,
Жаңылмастан жаттаймын.
Жолда жүру тәртібін,
Мен осылай сақтаймын.
«Балдырған журналы», №8
Тамыз, 2017