Мен сені қызғанамын.
Жалт етіп қарағанына емес қыз баланың
(мен ешқашан қызғанбан қызға, жаным,
олар менің қашанда ақ тілеушім ғой —
байбалам сап несіне сызданамын.
Көкірегіңде мен тұрып, шамаң жетсе,
басқа жұртқа мейлің сен жүз қарағын!).
Мен сені қызғанамын
боз біреулер октемсіп басынғанда
(өктемсушілер көбейді — ғасырдан ба…),
доспын дейтін жігіттер бірге отырып,
сенен сырын қулықпен жасырғанда.
Осылардың бәрі оқ боп қадалады
сені нәзік сүйетін ғашық жанға.
Сен далаға тартқансың.
Маңғаз мінез, кеңдікпен көзіме сен
менің дархан далам боп көрінесің,
өзекті өртеп, аңқаңды кептіретін
отты сезімді алдың ба шөлінен сен?!
Бір-біріңнен айнымай қалғасын ба —
мен даламды да қызғанып өліп-өшем.
(Мен оны
да қызғанам
отаны жат біреулер менсінбегенде,
ей, ағайын, мені тым «жершіл» демеңдер.
Мен төзбеймін жат біреу қожасып жүрсе
бабаларымның қаны мен тері сіңген жерге!
Тұмау құртқан солардың танауларына
даланың жұпар ауасы келсін бе мүлде!)
Мен сені қызғанамын
қадіріңді біреулер білмегенде,
сені сырттай көре алмай күндегенде.
Өзің жайлы орынсыз мысқыл айтса,
қаным қайнап кетеді бұл денемде.
.. .Осыған да шүкірлік. Пақырлық қой
қызғанышсыз, жалынсыз күн көрем деу.