Күн ұлымын

Еліміз тәуелсіз мемлекет атан­­ғанына он бес жылдан ас-ып, сол жылдардан бері Пар-ламент қабырғасында қаншама заң қабылданып, ол заңдар еліміздің өркендеуіне үлес қосып жатыр. Әйтсе де солардың арасында орны бөлек бір заң бар.

Ол “Халықтың көші-қоны туралы” Заңы. Бұл жер бе­тіндегі Қа­зақ­станға жете алмай, ата-баба жерін бір кө­руді көксеп, осы ел­дің дамуына, өр­кен­деуіне үлес қос­сам, ұрпағымды қай­тсем отаныма жет­­кізем деп жүр­ген мың­да­ған-мил­­­лиондаған қан­дастары­­мыздың арманына дөп келген заң бо­л­ды. Заңның өмір­ге келуіне Пре­зидент Н.На­зар­баевтың Қазақ­станнан сырт жерде 5-6 мил­лионнан аса қандастарымыз тұрады, тарихи отанына оралуды көксейтіндері­нің жағ­дайын біз ойламасақ, кім ой­лайды деген ойларды елдің ал­дына тартқаны қамшы болды.

Заң жобасы 1997 жылы 23 қаңтарда Мәжіліс палатасына Еңбек және халықты әлеуме­т­тік қорғау министрлігінен орыс тілінде түсті. Үкімет дайындаған заңның шалалығы көзге ұрып тұр еді. Бұл басқасын айт­пағанда, көшіп келушілер­дің жағдайы, қаржыландыру жа­­ғы дұрыс көрсе­тілмеген, кері­­­сінше, көшіп ке­тетіндерге қаржы бөлу мемле­кеттің орган­дарына жүк­телген, кетушіле­р­дің қамын кө­бірек күйттеген заң болды.

Осы заң жобасын сарап­тама­дан өткізіп, талқылау үшін де­пу­­­таттар тобы құрылды. Топ жетекшісі болып депутат Әкім Ысқақ сайланды. Әкім іске кіріскен бетте топқа депутат­тардан бөлек, көшіп-қонудың машақатын білетін, сырттан келген қандастарымызды ара­лас­тырды. Онымен де қоймай, заңның қазақ тілінде жазылу керектігіне әріптестерінің көзін жеткізді. Бұл заң жобасын талқылау барысында “Егемен Қазақстан” мен “Қазақ елі” сияқты беделді газет беттерінде жұртшылық пікірлері жария­ланып тұрды. Парламент қабырға­сында 42 отырыс жасалып, 11 айға созылған тартыстан соң, 1997 жылдың 13-желтоқсанында Салық Зиманов, Марат Оспанов, Қаратай Тұ­рысов сынды көрнекті қай­рат­­керлері­міздің қолдауының арқасында, Үкіметтің дайындаған заңы қабылданбай, Әкім Ысқақтың балама заңы қа­былданып, оған Елбасы қол қойды. Бұл ең алғашқы қазақ тілінде жазылған заң еді.

Бұл заң бұрынғы КСРО көле­міндегі көші-қон туралы алғашқы заң болды. Осы заңның нәтижесінде мемлекетімізде Көші-қон және де­мо­графия жөнін­де агенттік құрылды. “Оралмандар” деген сөз тіркесі тілдік қорымызға енді. Осы жылы Әкім Ысқақ ең үздік парламентші – “Жыл адамы” атанды. Сол кездерде Парламент Мәжілісінің төрағасы М. Оспанов 1997 жылдың 14 мамы­рында Парламент үйінде: “Бұл өмір талабы. Заманына сай лайықты өзге­рістер болып тұруы тиіс. Келешекте әр нәрсе өз орнымен аталады, мына түзету мына депу­таттың, мына заң Ысқақтың немесе Оспановтың заңы деп аталады. Әкім, жеңісіңмен құттықтаймын!” деген сөздерді айтқан болатын. Академик Ө.Жолдасбеков: “Әкім, атқарған жұмысыңа еңбегің лай­ық!” десе, Қаратай Тұрысов: “Әкім Ыс­­қақ ұл­ты үшін ұлы дүние жаса­ды. Алыстағы ағайынның қамы үшін, қандастардың жаны үшін қа­ра терге түсіп, атаның басын төрге сүйреді” – деп ағынан жарылып еді.

Өзін сайлаған ел-жұртына адал қызмет жасаған Әкім Ордабасы ау­данының “Құрметті азаматы” атан­ды. Ордабасы атауын ауданға бекіту үшін үлес қосқан азаматтың жетім балаларды іздеп, солардың жағ-дайы­­мен танысуға мұхит асып, Америкаға да жол тартқан уақыты болды. Ал оралмандар Әкімді іш тар­­тып, өздерінің жеке шаруасын да айтып, жиі келіп тұрды. Әбекең де риза, өйткені, бала жастан елі­мізге еңбегі сіңген ұстаз – Сұлтан Ысқақ сияқты әкенің тәрбиесін көрген азаматтың арманы орын­далып, сандаған тағдырлардың тау­қыметіне араласып, соны жеңіл­де-туге тырысты. Көп жағдайда ой-ар­ма­ны іске асты. Санай берсек, Әкім Ыс­­қақ­­тың ел үшін, жер үшін ат­қарған қызмет­тері көп-ақ.

Бүгінде Әкім Ысқақ Президент-тің Парламенттегі өкілдігінің бас инспекторы қызметін атқарады. Осынау еңбекқор азамат, жұмыстан кейін тынбай шығармашылықпен айналысады. Шығармашылығының сан қырлылығы өз алдына бір әңгіме. Газет-журналдарға шыққан мақалалары бір төбе. Әбекең “Бір физиктің махаббаты”, “Гүл қауыз­ындағы тамшы”, “Жан жаңбы­ры” атты лирикалық жыр және бала­ларға арналған “Біздің Бапақ”, “Күн ұлымын” деген кітаптардың ав­торы. “Жүректегі жазулар” мен “Адам іздеп жүрмін” атты кітабы мек­теп оқушыларына танымдық дәріс ретінде оқытылып жүр. Сат­тар Ерубаев атындағы жастар сый­лығының иегері, “Жігер” фести­валінің дипломанты Әбекең жай­ында “Әкім Ысқақ – талант тұлпа­рына тайсалмай ұмтылған ініміз. Ол өзінің бір кезде Ордабасыда жү­ріп жазған өлеңдері мен эсселер­інде, мақала очерктерінде адал­дық, бірлік, татулық пен жа­на­­шыр­лық секілді киелі қасиет­терді өзек еткен бағытынан, “Жас Алаштың” тілшісі болып жүрген­де де, Парламент депутаты ретінде де жалтарған емес” – деп баға берген еді Фариза Оң­ғар­сынова апамыз. Әкімнің тағы бір қыры – ол әуесқой сазгер де­сек, оның ақын Алмас Ахмет­бек­­ұлының сөзіне жа­зылған “Көк ту­дың желбірегені” атты әні үздік шы­ғарма ре­тінде баға­ланып, бір­неше дүр­кін рес­публи­калық бай­қау­лар­­дың лау­реаты атанды. Әбе­кең­­нің өзінің өлең мәтініне жаз­ған ән­дерінен бас­қа, өзге ақын­дар­дың сөзіне жаз­ған сазы 30-40-тан аса­ды. “Бақыт жолында” атты ән жи­на­­ғын шығарып үлгерген Әкім Ас­тана қаласының студент­терінің, оқу­шыларының шақы­ру­ымен кез­десулерге де уа­қыт табады.

Әбекеңнің 12 қазанда Ас­тана қаласы әкімдігінің қол­дау­ы­мен, “Конгресс Холл” са­райын­да өтетін “Жүректегі жа­зу­­лар” атты сазды-поэтика­лық кеші “Халық­тың көші-қоны ту­ралы” Заңның қабылдан­ға­нына 10 жыл толуы­мен орай­лас келіп отыр. Бұл кешті сан өнер­дің иесі Әкім­нің есеп беру кеші десек те болады.

Кеште қазақтың талантты әншілері Байғали Момбеков, Мар­жан Арапбаева, Досымжан Таңатаров, Фархат Ескенеев, Айжан Керімқұлова, апалы-сіңлілі Шакибаевалар, Астана қа­ласы филармониясының та­лантты жас әншілері мен Қ. Қу­анышбаев атындағы қазақ дра­ма театрының директоры Оразалы Ақжарқын-Сәрсем­бек бас­таған, қоюшы режиссер Болат Ұзақов қоштаған және “Шым­кент-шоу” әзіл-сықақ теа­трының жігіттері өнер көр­сетеді. Кеште Алматы, Қызыл­орда, Оңтүстік Қазақстан және Жам­был облыстарының май­тал­­ман әр­тістері де ән шыр­қа­мақ. Сон­дай-ақ, оннан аса жаңа ән­дердің тұсауы кесіледі.



Авторы: Ерғожа ТІЛЕПБЕРДИЕВ, ҚР Парламенті шаруашылық басқармасының қызметкері, ақын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *