Күннен келген адам

Жазушы Бейсенбай Сүлейменов 60 жаста

Көктөбені қаңлай өрлеп, Бейсенбай екеуміз өрге қарай жүріп келеміз. Ара-тұра тоқтай қалып, біраз тыныс аламыз. Содан кейін тағы да жүреміз. Осылайша төбенің басына да жеттік-ау! Әсем Алматы алақандағыдай көз алдымызда тұр. Екеуміз биіктен қарап, Алматының көркін тамашалап біраз үнсіз қалдық.

– Біздің Алматы жер бетіндегі ең сұлу қалалардың бірі ғой. Талай жерлерді араладым, біздің Алматыға жетер ешқандай қала жоқ, – деп үнсіздікті Бейсенбай бұзды.

– Әрине, әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі ғой. Бірақ бөтен елдің боданында жүрген соң, осы қаланың өзінде өзіңді еркін сезіне алмайсың. Тәуелсіз егеменді ел болсақ қой, бұл қаланың бағы басқаша жанар ма еді? – деп іштегі өкінішті жасыра алмадым.

– Таусыла берме! Ерте ме, кеш пе, еліміз егемендікке әлі-ақ қол жеткізеді. Ол үшін жас ұрпақты тәрбиелей беруіміз керек.

– Сонда қалай? – дедім.

– Біздің бар қаруымыз қалам ғой. Балаларға арналған әрбір шығарманы шымыр жазып, оларды шыңның жүзінен өткізуіміз керек. Жас ұрпақты елін, жерін, ұлтын сүюге баулуымыз қажет. Сонда елін сүйетін ер тұлғалы азаматтар көптеп шығады, – деді Бейсенбай. Досымның жүзіне қарап едім, ол бір сәт ойланып қалыпты. Балалар жазушысы болғандықтан ба, Бейсенбай балалар туралы әңгімені көп айтады, солардың проблемасын тілге тиек етеді. Өйткені ол сол жылдары «Қазақстан пионері» газетінде қызмет ететін. Бұл 1980 жылдардың бас кезі болатын.

Иә, ойлап отырсақ одан бері отыз жылдай уақыт өтіпті. Содан бері публицист, жазушы Бейсенбай Сүлейменовтің ұшқыр қаламынан талай-талай тамаша шығармалар туындапты. Ол – балалар әдебиетінде өзіндік ерекшелігімен, тамаша шығармашылық шеберлігімен келген қаламгер. Оның көнерген тақырыптары жаңашыл ерекшелігімен, алуан түрлі кейіпкерлердің жұмбақ әлемін, адами келбетін шынайы ашуымен ерекшеленіп тұрды. Бейсенбай Сүлейменов қандай шығарма жазсын, оны асықпай жазатын. Сондықтан болар оның жазған дүниелерінен кемшілік табу қиын.

1985 жылы Бейсенбай Сүлейменовтің «Жалын» баспасынан «Кечуа тайпасының үндістері» атты кітабы он мың таралыммен басылып шықты. Сол кездері балалардың қай-қайсысы болсын құпияға толы үндістер өмірі туралы кітап оқуға немесе көркем фильм көруге құмартып тұратын. Бейсенбайдың «Кечуа тайпасының үндістері» осы мезгілге тұспа-тұс келді. Балалар жаңа кітапты қуанышпен қолдарына алып, бас алмай оқыды. Демек, бұл кітаптың балаларға берері аз болған жоқ, сондай-ақ «Бес ғасыр атылмаған садақ» кітабы да оқырманды құпиясы мол Оңтүстік Американы мекен еткен туыстас халық – үндістер еліне жетелеп, олардың сырға толы өмірі мен бүгінгі тіршілігінің мәнін аша білді. Ғасырлар бойы сақталған ұлы күштің, түркі тектес халықтардың мұхит асса да, сақталған салт-дәстүрі, тектілік белгісі, рухани жақындығы шынайы ашылса, енді бірде Африка құрлығының «қара маржандай» құпиясы оқырман алдында айқара ашылып жатты. Бұл – жазушының баға жетпес жеңісі, ізденісі, ешкімге ұқсамайтын шығармашылық, шеберлік әлемі десе де болғандай.

Өзіміз әңгімеге арқау етіп отырған жазушы Сүлейменов Бейсенбай Жолдасбекұлы 1951 жылдың қоңыр күзінде Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының Ш.Ділдәбеков атындағы кеңшарда дүниеге келген. 1968 жылы «Мақталы» кеңшарындағы А.П.Чехов атындағы орта мектепті бітірді.

1973 жылы ҚазГУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен жаңадан ашылған Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде қызмет жолын бастады.

1975-76 жылдары ОҚО Киров ауданын­дағы «Шұғыла» газетінде әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

1976-89 жылдары республикалық «Ұлан» («Қазақстан пионері») газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор қызметтерінде болды. Бүкілодақтық пионер ұйымы республикалық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Бюро мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының басқарма мүшесі ретінде республика өміріне кеңінен араласты.

1979 жылы Оңтүстік Американың Перу, Эквадор республикаларына саяхат жасады. Амазонка мен Анд тауларын, жұмбағы мол джунгли, инктер империясының мәдени ошақтарын аралады. Жер кіндігі – экватор белдеуін 2 рет кесіп өтті.

1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында болып, Қазақстан спортының жұлдыздары жайлы материалдар жазды.

Ал 1982 жылы Африкамен жүздесті. Грекия, Мальта, Тунис, Испания, Канар аралдары, Гвинея-Бисау, Тынық, Атлант мұхиттары, Жерорта теңізінің таңғажайып тамаша құпия-сырларымен, тарихымен танысып, балаларға арналған танымдық тамаша шығармалар өмірге келді.

Ал 1992 жылы Америка құрлығының ашылғанына бес жүз жыл толуына орай, «Бес ғасыр атылмаған садақ» кітабы 20000 таралыммен жарық көрді. Автор кітапты республика балаларына тарту етіп, тегін таратып берді.

Келер жылы «Бес ғасыр атылмаған садақ» кітабы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығы берілді.

Бейсенбай Сүлейменовтің бұдан кейін жарық көрген «Қуанышты күн», «Жолдасбек Сүлейменов» кітабына енген повесть, әңгіме, ертегілері, естелік-эсселері біз білмейтін, естімеген, тіпті жаңа оқиғаларға, шиеленістерге толы. 2006 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан қаламгердің «Тентектер» атты кітабы жарық көрді. Оған жазушының «Тентектер» атты повесімен бірге әңгіме, ертегілері енгізілді. Бұл кітап – оның көпжылдық шығармашылық еңбегінің жемісі. Кітаптың басты кейіпкерлері – бақытты балалар, ашық та жарқын жеткіншектер. Олар достықты қастерлейді, үлкенді үлгі тұтады. Сондай-ақ кейбір әңгіме ертегілер шетел балаларының ауыр тұрмыс тауқыметіне, мұқалмайтын қайсар мінезіне арналған. Шығармаға терең үңілген әрбір жас оқырман олардың да өздеріне тән қызық-қуаныштары бар екеніне көз жеткізеді, бірге шаттанады. Мәселен, «Тентектер» повесінің бас кейіпкерінің атынан айтылған мына сұхбатқа назар аударып көрейікші.

« – Егер бір-бірімізге қастық ойласақ, аспаннан алмас қылыш түссін, мойнымды кесіп түссін!

– Кесіп түссін!

– Егер өтірік айтсам, аспаннан алмас қылыш түссін, тілімді кесіп түссін!

– Кесіп түссін!

– Егер достарымызды жолға тастап, сатқындық жасасақ, аспаннан алмас қылыш түссін, мойнымды кесіп түссін!».

Осы диалогтың өзінен-ақ балалардың жан дүниесін терең меңгерген жазушының тапқырлығын аңғару қиын емес. Кітаптың оқиғасы қызықты, тілі жатық. Оқырманды өзіне еріксіз тартып отырады.

Ендігі жерде жазушының журналистика және баспагерлік саласында атқарған елеулі еңбектерін айта кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Ол 1990-1995 жылдары Алматы облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігіне қарасты «Газет» баспасының директоры қызметінде болды. Егемендіктің алғашқы жылдарында жаңадан жарық көрген тәуелсіз қазақ газеттерінің көбісіне қол ұшын берді. Олардың қаз тұрып кетуіне, таралымының көбеюіне септігін тигізді.

Киров ауданының «Құрметті азаматы».

Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.

Бейсенбай Сүлейменов – сонымен қатар республикадағы жекеменшік баспагерлердің алғашқыларының бірі. Оның жетекшілігімен көптеген әдеби-көркем, тарихи, шежіре және балаларға арналған көркем, оқулық кітаптары жарық көруде.

1995-1999 жылдары – «Әл-Фараби» баспасының, ал 1999-2005 жылдары «Құс жолы» баспасының директоры. 2005-2006 жылдары «Заң» медиакорпорациясы Астана өкілдігінің директоры. Қазір «Құс жолы» баспасының директоры.

Жазушының «Хан шатырындағы кездесу» тарихи-танымдық, ертегі-повесі – қазақ балалар әдебиетіндегі тың құбылыс, соны туынды десек артық айтқандық емес. «Күннен келген адам» кітабы жазушының көп жылғы еңбегінің жемісі іспетті.

Бейсенбай Сүлейменов – Қазақстан Рес­публикасы Президенті сыйлығының лауреаты. Қазақстан Журналистер одағының, Бейбітшілік және Келісім кеңесі сыйлықтардың иегері.

Бейсенбай Жолдасбекұлы республика балалары мен жасөспірімдері өміріне белсене араласып келеді. 2009 жылы Астана қаласында Білім және ғылым, Байланыс және ақпарат, Мәдениет министрліктерінің ұйытқысымен аталмыш жазушының кітаптары фестивалі өтті. Ал Тілдерді дамыту басқармасы елорда мектептерінде қаламгердің «Хан шатырындағы кездесу» тарихи-танымдық ертегі кітабының кең көлемдегі кездесулерін ұйымдастырды. Мұндай игілікті істердің жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол. Жазушының қаламынан ондаған кітап туындады. Соның барлығында шығармаларына балалар өмірі арқау болды. Осы қисыннан алғанда жазушы Бейсенбай Сүлейменов бар талантын балаларға арнады десек, оған ешкімнің таласы бола қоймас деген ойдамыз.

Болат Оңғарбай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *