15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (ҚӘТС-те) қара тал, қара терек, тас ошақ деген сияқты атаулар бөлек жазылып алыныпты. Түрлік атаулар болғандықтан мұндайлардың бөлек жазылып алынуын біз дұрыс деп есептейміз. Бірақ осылардан ешқандай айырмашылықтары жоқ мына төменгі сөздердің 15 томдықта біріктіріліп жазылып, біріккен сөз ретінде алынуын құптай қою қиын. Мыс.: ақбидай, ақбұзаубас, ақдегелек, ақкөбелек, ақкөде, ақләйлек, аққайың, аққарағай, аққоңырбас, ақмарал, ақтал, ақшағала, алақарға, бозбұйырғын, бозжусан, бозкөде, бозтал, жерошақ, жылыжүзді, зайсансексеуіл, зымырантасығыш, көкшешек (ауру), қараала, қараалқа, қараалма, қараандыз, қарабаялыш, қарадегелек, қараләйлек, қарашағала, қисықсызық, сарыкүзен, сарықараған, сарықарақат, шыныбалқыту, т.б.
Құрылым-құрылысы бірдей, сондықтан жазылулары да бірдей болуға тиісті біртектес сөздердің біразы ҚӘТС-те біріктіріліп жазылып, біразы онда бөлек жазылып алынған (кестеге қараңыз).
Ең дұрысы – мұндайлардың көпшілігін біріктіріп жазған.
Ал бөлек жазылғандардың қатарында ақ аю, қоңыр аю, ат өтпес, бас бармақ, көк түйнек (ауру), кіндік шеше, қара қағаз, қисық төс (түйе), қызыл асық, мама ағаш, топан су дегендер де бар. Біз мұндай сөздердің де бірдей жазылғанын жақтаймыз.
Теориялық тұрғыдан алғанда тұрақты тіркестердің (фразеологизмдердің) құрамына кірген сөздер бөлек жазылуға тиісті. Олар бейнелі, образды түрде, ауыспалы мағынада қолданылады. Ал мына төменгілер сияқты бірқатар фразеологизмдер ҚӘТС-те біріктіріліп жазылып, атау сөз ретінде алыныпты: ақкөңіл, ақниет, алауыз, басбұзар, желаяқ, көкбармақ, көкмылжың, қарабет, қарақазан, қараниет, қаратаяқ, қумүйіз, сарыауыз (бала), сарыезу (жас), тікбақай, шуаяқ, т.б.
Бұл – әрине, тұрақты тіркестердің (фразеологизмдердің) табиғатын танымағандық деген сөз.
Біртиптес сөздердің біреулері ҚӘТС-те бар, екіншілері онда жоқ, біреулері бірге жазылған, екіншілері бөлек жазылған, т.с.с. Мәселен, ҚӘТС-те ақ аю, қоңыр аюлар – бар, ал қара аю – жоқ. Есесіне ҚӘТС-те сары аю деген бар. Мұндай аю бар дегенді біз естіген емеспіз. Аққайың қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне сай бірге жазылған. Онда жоқ қотыр қайың тіркесі – сөздікте бөлек жазылған. Ал қызыл қайың 15 томдықта мүлде жоқ.
Дәл осылар сияқты орфографиялық сөздікте бірге жазылған жерошақ, тасошақ сөздері 15 томдықта бар. Бірақ жерошақ сөзі онда бірге жазылып, тас ошақ сөзі бөлек жазылып берілген. Орфографиялық сөздікте жоқ темірошақ сөзі 15 томдықта бір жерде бірге (14,117), екінші жерде бөлек (12,61) жазылып, екі рет алыныпты. Көкшешек (ауру) – бірге, қара шешек – бөлек жазылған.
Орфографиялық сөздікте бірге жазылып көрсетілген көкшыбын, қарашыбын сөздерінің екеуі де 15 томдыққа алынған. Айырмашылықтары: қара шыбын сөзі бөлек жазылып, «қара» сөзіне де, «шыбын» сөзіне де алынса, көкшыбын сөзі бірде – бірге, бірде – бөлек жазылған.
Мәні, маңызы, мағынасы, тілде атқаратын қызметтері жағынан бірдей болып келетін аяқкиім, баскиім, ішкиім дегендер орфографиялық сөздікте бірге жазылғандықтан, олар 15 томдықта бірге жазылып, бір-ақ реттен алыныпты. Дұрыс делік. Аталған сөздерден ешқандай айырмашылықтары жоқ асықты жілік, кәрі жілік, ортан жілік, тоқпақ жілік//тоқпан жілік дегендер орфографиялық сөздікте бөлек жазылғандықтан ҚӘТС-те бұлардың әрқайсысы бірінші және екінші сөздері бойынша екі реттен алынған. Ал ақ аю, қара аю, қоңыр аю дегендер мен қара бұрыш, қызыл бұрыш дегендер де орфографиялық сөздікте бөлек жазылған. Сондықтан олар 15 томдыққа да бөлек жазылып алынған.
Мұндағы қарабұрыш – бірге жазылатын сөз. Өйткені ол қызыл бұрыш, көк бұрыш дегендер сияқты бұрыштың түсіне қарай аталып тұрған жоқ. Қарабұрыш – асқа дәм беретін дәмдегіштердің өз алдына жеке бір түрі. Оның үстіне қарабұрыштың түр-тұрпаты да бөлекше. Бұған керісінше, ақбидай, қарабидай дегендер орфографиялық сөздікте бірге жазылғандықтан, олар 15 томдықта да бірге жазылып алыныпты. Ал қызыл бидай 15 томдықта жоқ.
Бізге салса, қарабидайды бірге жазғанмен, ақ бидай мен қызыл бидайды бөлек жазған болар едік. Себебі ақ бидай, қызыл бидай дегендер бидай дәндерінің түсін көрсетіп, бидай түрлерінің атауын білдіреді. Ал қарабидай болса, ол бидайдың түсін білдірмейді, дәнді дақылдардың бірі ретінде қолданылады.
Сондай-ақ қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде бөлек жазылғандықтан азу тіс, ақыл тіс, ит тіс, күрек тіс, қасқа тіс, сүт тіс, ұрыс тіс дегендер мен ауыз омыртқа, бел омыртқа, мойын омыртқа дегендер ҚӘТС-те де бөлек жазылып, әрқайсысы бірінші, екінші сөздері бойынша екі реттен алынған. Біз болсақ, бұл сөздерді біріктіріп жазған болар едік.
Тілімізде будиірмен, желдиірмен, қолдиірмен, судиірмен деген диірменнің түрлері бар. Бұлар орфографиялық сөздікте бірге жазылған. 15 томдықта бұлардың ішіндегі будиірмен, қолдиірмен деген екеуі біріктіріліп жазылып бір рет алыныпты да, диірмен сөзіне барғанда олардың бәрі бөлек жазылып, тіркес ретінде екінші рет алынған. Неге екенін қайдам, осы қатарға диірменнің түрлері ретінде бір-бірден ғана мысалдары бар, ұғым-түсініктері күмәнді от диірмен, тас диірмен дегендер де қосылыпты. Бұлар қандай диірмендер?
Орфографиялық сөздікте тасжол, теміржол деген екеуі біріктіріліп жазылған да, қалған күре жол, қасқа жол, шойын жол дегендер онда бөлек жазылған. Ат жол, соқпақ жол дегендер орфографиялық сөздікте жоқ. 15 томдықта бұлардың ат жол дегеннен басқаларының бәрі берілген. Бірақ олар бөлек жазылып, бірінші, екінші сөздері бойынша екі реттен алынған. Бізге салса, бұларды да біріктіріп жазған болар едік.
Орфографиялық сөздікте «ішек» ұғымына байланысты атаулардың бәрі біріктіріліп жазылып берілген. Олардың ішіндегі ашішек, соқырішек дегендер 15 томдықта бірге жазылып берілсе, тоқ ішек, ащы ішек дегендер онда бөлек жазылып алынған. Ал тікішек 15 томдықта мүлде жоқ.
Орфорграфиялық сөздікте бірге жазылған жанқалта, төсқалта сөздері 15 томдықта бар да, сағатқалта сөзі онда жоқ.
Екінші сыңары «май» сөзімен аяқталған біртектес сөздердің біразы (мысалы, жермай, қарамай, сарымай//сармай, ішмай дегендер) орфографиялық сөздікте де, ҚӘТС-те де бірге жазылып алынған. Біразы, мәселен, бетмай, сумай дегендер орфографиялық сөздікте де, ҚӘТС-те де жоқ. Ал майдың бүйрек май, шарбы май деген түрлері орфографиялық сөздікте бөлек жазылып берілгенмен бұлар ҚӘТС-ке алынбаған. Себебі түсініксіз. Бір сөзбен айтқанда, біртиптес сөздердің алынуы ҚӘТС-те шым-шытырық.
Сөздердің бірге немесе бөлек жазылуында үлкен мән бар. Бірге жазылса, ол – бір сөз. Бір нәрсенің (заттың, сынның, қимылдың, т.б.) атын білдіреді. Ал бөлек жазылса, ол – сөз тіркесі, яғни түрлік атау. Түрлік атауды құрайтын сөздердің арасында лексикалық, грамматикалық, синтаксистік байланыс болады. Алайда бөлек жазылған сөздердің бәрі түрлік атаулар емес. Олардың ішінде бөлек жазылса да, бір сөздің қызметін атқаратын бас бармақ, қызыл асық, ортан терек, шылдыр шүмек дегендер сияқты күрделі (тіркесті) сөздер де болады. Мұндайларды ажырата білгеніміз абзал.
Осы жерде біртектес сөздердің жазылуына байланысты біз сөз етіп отырған қазақ тілі орфографиялық сөздігі мен ҚӘТС-ке қатысы бар бір нәрсеге айрықша тоқтала кеткіміз келеді. Ол – қараағаш, сарыағаш дегендер сияқты екі сөздің бірігуі кезінде түбірлер жігінде қатар тұрған екі дауысты дыбыстың жазылулары туралы мәселе. Сол қатар тұрған екі дауысты дыбыстың екеуін де жазамыз ба, жоқ, біреуін түсіріп, тек бір-ақ дауыстымен жазамыз ба?
«Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде»: «Бір сөз ішінде екі дауысты дыбыс қатар тұрмайды. Қатар тұра қалса, алдыңғысы түсіп қалады, мысалы, алты+ау емес – алтау, екі+еу емес – екеу, Молдаахмет емес – Молдахмет, Торыайғыров емес – Торайғыров, т.б.» деп көрсетілген.
Осы заңдылық ҚӘТС-те қалай сақталған? Ол үшін алдымен бұл мәселені қазақ орфографиялық сөздігі қалай шешкендігіне тоқталалық.
«Қазақ тілі орфографиялық сөздігінде» (2013 ж.) мұндай сөздердің алтатар, алтаяқ, батаяқ, батоқыр, саптаяқ, сарауру деген алтауынан басқаларының бәрі екі дауыстымен жазылған. Соның салдары болу керек, ҚӘТС-те қараағаш, қараот, қараөкпе, қараөлең, қараөрік, өліара, өліет, сарыағаш, сарыандыз, шыныаяқ дегендер екі дауыстымен жазылып, сөздікте бір-ақ рет алынса, алтаяқ//алтыаяқ, батаяқ//батааяқ, мұздаяқ//мұздыаяқ, саптаяқ//саптыаяқ, сарағаш//сарыағаш, сарандыз//сарыандыз, саралақаз//сарыалақаз, сарсу//сарысу, шынаяқ//шыныаяқ дегендер бірде бір дауыстымен, бірде екі дауыстымен жазылып, сөздікке екі реттен алынған.
Бір сөз екі түрлі жазылып, екі жерге алыну – бұлармен ғана бітпейді. Мына төменгі күрделі сөздер мен тұрақты тіркестер де ҚӘТС-те екі түрлі жазылып, екі жерге алынған: бақталастыр//бақ таластыр, білтешам//білте шам, еркектіс//еркек тіс, көкшыбын//көк шыбын, қарала//қара ала, қарақаптал//қара қаптал, қараорман//қара орман, қарасу//қара су, қаратаяқ//қара таяқ, қаратерек//қара терек, қарашақаз//қараша қаз, қарашұбар//қара шұбар, қисықсызық//қисық сызық, қолшығыр//қол шығыр, қумүйіз//қу мүйіз, самырсынқұс//самырсын құс, сарыала//сары ала, сарыалақаз//сарыала қаз, тайөгіз//тай өгіз, темірошақ//темір ошақ, ұзынтұра//ұзын тұра, үштоғыз//үш тоғыз, шыбынқағар//шыбын қағар, т.б.
Сонда деймін-ау, сөздерді біріктіріп жазсақ – бір сөз, бөлек жазсаң – екінші сөз бола ма? Жоқ, әлде, елді алдау үшін, 10 томдықты 15 томдыққа жеткізу үшін әдейі істелген айла-тәсіл ме? Мүмкін екеуі де емес, сөздік жасаушылардың білімсіздігі немесе немқұрайлылығы болар?
Басын ашып, айта кетелік: Түсіндірме сөздіктердің сапалы-сапасыз болып шығуы «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» сапасына да тікелей байланысты.
Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: біріншіден, 15 томдықты жасаушылар әр уақыт орфографиялық сөздікке бағына бермеген. Екіншіден, жоғарыда біз сөз еткен біртектес сөздер екі сөздікте де әртүрлі жазылып, әртүрлі алынған. Оған дәлелдерді жоғарыда келтірдік.
Қысқасы, бидай, диірмен, киім, қалта, ошақ, шыбын, ішек түрлері орфографиялық сөздікте бірге жазылған да, осылардан ешқандай айырмашылықтары жоқ аю, бұрыш, жілік, омыртқа, тіс түрлері онда түгелімен бөлек жазылған. Орфографиялық сөздікте жол мен майдың түрлерінің жартысы (мысалы, тасжол, теміржол; жермай, қарамай, сарымай, тоңмай, ішмай) бірге, жартысы (мысалы, күре жол, қара жол, қасқа жол, шойын жол; бүйрек май, шарбы май) бөлек жазылған. Бұлар ҚӘТС-те де солай әртүрлі алынған. Әрине, тілші мамандар үшін, онда да Тіл білімі институтының қызметкерлері үшін бұл ұятты іс. Өйткені екі сөздікті де шығарып жүрген солар.