Отан отбасынан басталады

Отбасы мүшелерінің бақытқа қол жеткізуі, бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен бауырмашылдығына байланысты.

Жанұя ошағының негізгі тірегі әйел заты. Әйел баласының қоғамның қабырғасын қалаудағы рөлі ер кісінікі секілді емес. Жалпы алғанда одан да күштірек. Бұлай айтсақ артық айтқандық болмас. Неге десеңіз Ислам тарихында бұның алғашқы үлігісін Хз. Хадиша (р.а) анамыз салып кетті. Сондай ауыр, қиын-қыстау заманда Пайғамбарымыздың қасынан табылып, Ислам жолында Пайғамбарымыздың жанашыры әрі қамқоршысы болды. Тіпті материалды жағынан да өзінің көмегін аямады, рухани тірегі болды. Міне осындай жұптан Ислам әлемі дүниеге келді.

Исламда әйел сүйіспеншілігі ахыретке дейін жалғасатын бақыттың нышаны. Адам нәсілінің жалғасуында да өте маңызды болғандықтан ана – қашанда адамзаттың қайнар бұлағы. Дүниеге келмеген нәрестелердің өзі де анасының құрсағында заттық қоректерімен қатар рухани қажеттіліктерін де солардан алып отырады. Ананы ең жоғары мәртебеге қойған Хақ дініміз «8-Наурыз» сықылды жылдың тек бір күнін ғана емес, өмірдің әрбір күнін «аналар күні» деп әлемге паш етті. Сондықтан Ұлы дініміз тарапынан өздеріне осыншалық мәртебе берілген әйел қауымы да бұның қадірін біліп, осыған лайықты қызмет көрсетулері керек.

Жоғарыда айтылғандай отбасылық өмір қоғамдық өмірдің басы. Ислам бұған ерекше мән береді.

Ендеше отбасылық осы өмірде және арғы дүниеде бақытқа жетуі үшін отбасы мүшелерінің бір-біріне деген мынадай міндеттері болуы керек:

1. Отағасының міндеті:

Әйелімен жақсы мәміледе болу, оның нәпәқасын (өмір сүру үшін қажетті заттық мұқтаждықтар) тауып беру, оған әділетті болу. Өйткені Пайғамбарымыз (ﷺ) хадис-шәрифте былай дейді: «Сіздердің қайырлыларыңыз, әйелдері үшін қайырлы болғандарыңыз». Басқа бір хадисте болса: «Әйелдерге тек жомарттар ғана жақсылық істейді, жамандар да жамандық істейді» — дейді.

2. Әйел кісілердің міндеті:

Күйеуінің дінге сәйкес келетін бұйрықтарын орындау, оның намысына кір келтірмеу, әлеуметтік жағдайына қанағат ету, ысырапшылдықтан аулақ болу, күйеуінің мал-мүлкін қорғау, үйдің берекесін келтіріп отыратындай жақсы жұбай болу.

3. Перзенттің әке-шешеге деген міндеті:

Оларға құрмет көрсетіп, айтқанын екі етпеу. Өздерінің өмірге келулеріне себеп болған ата-анаға рахмет айту. Өздерін кішкентайынан мейірімін аямай бағып-қаққан болса, оларды да солай бағып-қағу, тіпті оларға қарсы «уф» деп айтпау.

Сонымен қатар әке-шешенің тек көзі тірісінде ғана емес, олар дүниеден қайтқан соң да, және олардың туыстары мен достарына да құрмет көрсету. Өйткені мұндай құрмет ата-анаға деген құрмет есебінде жүреді.

4. Ата-ананың балаларына деген міндеті:

Ата-ананың міндеті балаларын шамасы жеткенше асырап бағу, жақсы тәрбие беру, оқытып бір маман иесі қылу. Әкесі де, анасы да балаларына көңіл бөлгенде бірдей көңіл бөлу керек. Балаларының арасын бөліп жармай бәріне бірдей сүйіспеншілікте болу.

Балаларының теріс жолға түспеулері үшін оларға жақсы тәлім-тәрбие беру, алдымен оған өздері үлгі болу. Тоғыз жасына жеткен балаларының төсек орындарын айырып, он үшке толғандарында намаз оқыту. Егер тыңдамаса жәйлап қана ұрып алуы керек. Ал ер жетіп, тізгін тартып ат мінген балаларын мүмкіншілік болса үйлендіргені абзал. Жақсы бала — Алланың берген үлкен нығметі.

5. Бауырлардың бір-біріне деген міндеті:

Бір-бірін жақсы көріп, құрмет көрсету. Әрқашан бір-біріне мейірімді болып, көмектесу. Өз араларындағы бауырмалдықты орнатқаннан кейін, оны мықтап ұстау. Әсіресе араларындағы үлкендеріне әке-шешенің орнындай көріп оларға  үлкен құрметпен қарау.

Кейде бауырлар арасында дүние, мал-мүлік үшін бір-бірімен жауласып, қырқысып жататындары да кездесіп жатады. Бұндай бейқасиет бауырларда береке-бірлік болмайды. Керісінше отбасының шырпы бұзылады. Қорыта айтқанда отбасының да қоғамның да бақытты ғұмыр кешуі бір-бірімізге деген сүйіспеншіліктен туындайды. Сондықтан әрдайым ара-жігіміз ажырамасын!

 

ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН

Қазіргі таңда отбасын құрып, үйлену емес, үй болу қиынның қиыны болып бара жатыр. Күн өткен сайын «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қазақтың келелі сөзінің мәні енді жете аңғарылғандай. Неге десеңіз Қазақстанда статисттердің ресми мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде отбасы болып құралған үш жанұяның біреуі ажырасып тынады екен. Бұл жағдай көңіліңе мұң ұялатады. Болашақ жастардың қолында дейміз. Жастар осылай шала бүлініп жатса, ақыры не болмақ?! Жас ханымдар тұрмыс құрмай жатып, ажырасып жатса, келер буынның халі не болмақ? Қазір қыз-келіншектерден тұрмыс жайында сұрай қалсаң «отбасы құрғанша, жалғыз басты болып өмір сүру мың есе артық» деген тұжырым айтады. Жігіттер жағы да бұны құптағандай. Осыдан барып, жалғыз бастылар көбейеді. Нәтижеде күйеуі де, әйелі де харам жолға түседі. Сондықтан ажырасқаннан кейін тез арада қайта үйленуге құлқы жоқ. Әрине, ажырасқанның бәрі осындай деп айтуға болмас, көпке топырақ шаша алмаймыз.

Бұл мәселені неге қозғап отырмыз. Өйткені, отбасы болмаса нәсіл болмайды, ал нәсілі жоқ елдің келешегі де жоқ. Жарайды мәселені көтердік-ау. Бірақ мұны шешетін шара табуымыз қажет. Яғни ажырасудың күн сайын белең алып бара жатқанының себебі неде? Ендеше мен өзімнің түйген әдісімді сіздермен бөлісіп көрейін.

Менің ойымша ең басты себеп – имансыздық. Екінші себеп жастардың ақыл тоқтатпаулары. Яғни «отбасы» деген киелі ұғымды жете түсінбей, сүйдім-күйдім деп асығыс үйлене салулары. Үшіншісі жастардың туған-туыстарының араласуы. Мәселен, екі жақ балам, қызым деп балаларына жақсылық ойладым деп, екеуінің арасына от салып, ажыратып алады да, қалайша жамандық істегендерін түсінбей де қалады, түсінсе де кеш түсінеді. Төртіншісі дүние-мүліктің жетіспеушілігі. Неге десеңіз отбасылық өмірде, мейлі ол қандай отбасы болсын, материалдық жағынан қамтамасыз етілуі қазіргі таңда өте-мөте маңызды. Бұған кейбір мұсылман кісілер сен не айтып отырсың деуі мүмкін. Келісемін. Пайғамбарымыз (ﷺ.) салып кеткен сара жолда, әсіресе отбасы құруда дүние-мүлік маңызды емес. Бірақ біздің сол дәуірдегі сахабалар сияқты иманымыз кәміл болса ғой! Солар сияқты дүние-мүлікті тарқатып жіберіп «Аллаға шүкір, ақыретіме зиян келтіретін пәлекеттен құтылдым» деп тілмен ғана емес, жүрекпен де айта алсақ қой! Өкінішке орай тірлігіміз  жүрекпен емес, көбінесе тілмен атқарылып жүр. Кейде кейбір отбасылар осы дүние-мүліктің көптігінен ажырасып жататыны тағы бар.

Ажырасудың себептерін айта берсек көп, мұнда тек негізгілерін ғана келтіріп отырмыз.

Жоғарыда келтірілген себептердің ең бастысы иман дедік. Бәрі де сол имансыздықтың арқасы. Иман болса, ақыл да тоқтайды, ой-өрісіңіз де кеңейеді. Иман болса, ағайынның азғыруына емес, Алланың хақ жолына, әділдігіне бас иер едік. Иман болса көңілде, дүниеге деген қанағат болады. Осы тұста қазақтың «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген мәтелі орынды айтылған.

Жоғарыда нәсіл мәселесін де қозғадық. Соған қайта оралсақ. Жалпы Ислам дінінде «Алла үшін үйлену» деген ұғым, осы нәсілді көбейту үшін үйлену. Әрине адам, нәпсі үшін де үйленеді. Мен тереңге түсіп отырмын. Әйтпегенде харамға түспеу үшін үйлену де «Алла үшін» үйленуге жатады.

Өйткені зина жасауды Алла тиым салды. Ал Алланың әміріне бой ұсыну – парыз. Парызды орындау Ислам. Исламмен өмір сүру – Алла үшін өмір сүру болып саналады. Мұсылман, шариғаттың бүкіл заңын нәпсісі қалағандығынан атқармайды. Нәпсісіне ауыр келетін көптеген нәрселерді Алладан қорыққанынан атқарады. Ал нәпсіге салсаң, харамды халалға, халалды харамға айналдыруы әбден мүмкін. Онда Алланың Хақ діні Ислам болмайды. Нәпсінің діні болады. Бұның бәрін неге айтып отырмын. Өйткені қазіргі таңдағы отбасылар аты мұсылман болғанымен, жанұялық мәселелерді Алланың қалауымен емес, нәпсінің қалауымен шешеді. Сайып келгенде мұсылман аталып отырып, отбасылық өмірде бақыт таба алмайды. Мұны мұсылман да ажырасады деушілерге айтып отырмын. Ажырасу харам емес, Ислам да ажырасуға рұқсат берген. Бірақ ажырасу – Алланың халал нәрселерінің ішіндегі ең ұнамсызы. Екі жас Ислам жолын толық ұстанғанымен бақытты бола алмаулары мүмкін, бұл өмірдің заңы. Мұндай мәселе Пайғамбарымыздың уақытында да болған. Болады да. Өкінішке орай мәселені жан-жақты қарастырмайды, лезде ажыраса салады. Бұлай жасауға болмайды. Алдымен мәселені әбден талқылап алу керек. Жоғарыда қозғаған мәселелердің барлығына аят-хадистерден көптеп дәлелдер келтіруге болар еді. Санасы бар адамға, сөз сүйектен өтеді, демекші қара сөз де жететін шығар деп түсіндім. Кейде осы аят-хадистердің қадірін білмей, қиянат жасап жүрміз бе деп қалам.

Қорыта айтқанда, болашақтың жарқын-келешегі жастардың қолында. Отбасы болмаса, жастар да болмайды. Жастар болмаса елдің ертеңі жоқ. Әрине жастардың, болашақ ұрпақтың жәй ғана нәсіл емес, иманды, инабатты болуы үшін берік иман мен ата-ананың дұрыс тәрбиесі керек.

 

ОТБАСЫ – ҚОС ЖҮРЕКТІҢ МЕКЕНІ

Жанұя қоғамның ең маңызды ұйытқысы екені баршамызға мәлім. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады. Сондықтан Ислам діні өз кезегінде отбасына ерекше назар бөледі. Исламда неке – екі жүректің біріккен одағы, сенімділіктің бастауы деген сөз. Жанұяда әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысы, суығы мен ыстығы, қайғысы мен қуанышы қысқасы тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *