Суретшілік десек, өмірге деген философиялық көзқарастары өзгеше, тіпті өздеріне ғана тән асқан білімдарлық, басқаша айтқанда, белгілі бір дәуірлерді бір ғана суретші таланты түйіндейтін, не болмаса соның кескіндеген жалғыз ғана картинасымен байланысты феномен ойымызға оралып, пайым парасатымызды парақтап һәм парықтап аламыз. Адамзат дүниетанымындағы қоршаған әлемнің объективті шындығы да сол тұлғалардың танымына байланысты түсіндіріліп, олардың өмір өрнектері мен шығармашылық шабытынан Құдайға сену, жанның өлмейтіндігі хақындағы абсолютті шындық, түрлі ғылыми көзқарас, саяси қарама-қайшылық, бәрін-бәрін өрістетуге болатындай. Бұл тұрғыда италиялық атақты суретші, теңдессіз талант Леонардо да Винчи құбылысын айналып өте алмас едік. Egemen Qazaqstan Леонардо өз дәуірінің тұтас тарихына, өзегіне, бүкіл болмысына айналып кеткен ғажайып шебер, өзіне дейінгі, өзінен кейінгі орын алған уақыт шындығын қылқаламында қапысыз қалыптаған көрікпел кескінші. Ескі жазбаларда Алла тағала өзінің сүйікті жаратылысын кемелдендіру кезеңдерінде қасиетті пайғамбарлардан кейін жер бетіне ақындарды келтірді деген сөз шындық десек, Леонардо да Винчи есімі ең бірінші санатта осы тізімді толықтырар еді. Мәселе, ол қай пайғамбарлық? Олар шешкен жұмбақтар мен болашаққа қалдырған тылсым сұрақтардың түпкі мәні қайда барып тіреледі? Құдайлық ілім қылқалам қиялында қалай көрініс тапқан? Мәселен, сол Леонардо да Винчидің атақты «Мона Лиза» немесе «Джоконда» туындысының астарындағы ақиқатты кім тапты? Ол қарапайым да қилы бейненің өміршеңдігінің мәні неде болуы мүмкін? Бұл – адамзатты әлі мазалап келе жатқан ескі сұрақ. Жауһарды жаңғырту һәм жаһандандыру шегінде жаңа көзқарасымызды Джоконданың жанарымен тағы түйістіріп көрелік. Ең алдымен Леонардо да Винчи шеберлігінің шырқауы да, шыңырауы да оның табиғат сұлулығы мен адамның ішкі әлемінің сұлулығын көркем үйлестіре алуында дер едік. Тіпті оның біз бүгін әңгіме етпекші болып отырған «Джокондасы» қанша ғасыр өтсе де тірі адам кейпінде ғұмыр кешіп, мұңайып қараған адамға мұңайып, күліп тұрған адамға күліп жауап беретінінің өзі суретшінің құдіреті емес пе? Кейбір ойшылдардың тәпсіріне сүйенсек, суретші өзі көретін емес, өзгелер көре алатын шындықты бейнелеуші. Шын сурет сонда, қабырғада емес, қиялда мәңгілік қозғалыста болуы керек қой. Бұл ойларды «мықты суретші тұлпарды аяқсыз сала алады» деген пайым да толықтырары анық. Сонымен Мона Лиза жұмбағының астарынан ақиқат сөзді іздеп көрейік. Алдымен оның сіз бен біз келісетін тарихына қысқаша тоқтала кетсек, ол бір ракурста күліп, бір ракурста жылап тұратын құбылыс. Француз жазушысы Стендальді сол құпия эмоция үрейге салғаны туралы да жазылған. Ең негізгі дәйекте картинада Франческо де Джокондо есімді флорентийлік жібек сатушы саудагердің әйелі Мона Лизаның бейнесі сомдалған. Екінші тарих атақты шедеврдегі кейіпкерді Леонардо да Винчидің Катерина есімді анасы дегенді растайды. Бұл жерде біз Леонардоның анасының бейнесін сомдауға барлық саналы ғұмырын арнағанын жоққа шығара алмаймыз. Бір зерттеулерде, тіпті Леонардо да Винчидің «Мадонна Литта» картинасындағы нәрестенің өзі сурет авторының автопортреті, ондағы мұнар мұң мен қалың қайғы суретшінің анасына деген мәңгілік сағынышы деген жорамал бар. Енді бір факті картинадағы Мона Лизаның кескіні Леонардо да Винчидің өз автопортреті дегенді айғақтайды. Өзінің бейнесін өзге болмыста кейіптеу суретшінің сүйрік саусақтарында өте шебер жымдасып, әлі күнге дейін ішкі әлем сыртқы сәулет мәңгілік бір-бірін сатпай келе жатыр. Сенуге тұралық селкеусіз дәйек. Айқын зерттеу. Анық пайым. Бірақ олай болмауы да мүмкін еді… Заманында атақты скульптор Микеланджело Буонарроти Леонардо да Винчидің толық қарама-қайшылығы болған. Флоренциядағы шығармашылық ортада оқыстан пайда болған жаңа буын жұлдызы атақты аңыз Леонардоны бірде сынаса керек. Екеуінің алғашқы келіспеушілігі Санта Мария дель Фьоре соборының алдында жатқан алып мәрмәрға таласушылықтан басталыпты. Жас Микель егде тартып қалған Леоның қарттығын сынап: «Бұл тасты қайтпексіз? Суретшіге ақыл, мүсіншіге бұлшық ет керек деген өзіңіз емес пе едіңіз?» депті. Сонда әлі бойынан күш-қайраты қайтпағандығын дәлелдеу үшін Леонардо қасында тұрған шәкірті Салаидің қолындағы жуан темір арматураны жұлып алып, оны жалаң қолымен майыстырып, доға боп қалған темірді мықты болсаң қайта түзет деген ишарамен Микеланджелоның алдына лақтыра салыпты. Сөйтсе, өр көкірек Микеланджело да сөзден жеңілмей: «Сіздің қателіктеріңізді менің түзетіп жүруге уақытым жоқ» деп кетіп қалса керек. Онысы Леонардоның Миландағы аттылы Сфорцаны шала бітірмей кетіп қалғандығын айтып тұрғаны еді. бірақ мәселе онда емес. Мәселе, сол екі алыпты айқастырған алып мәрмәр кейін Микиланджелоға тиесілі шығып, болашақ «Давид мүсіні» болып тарихта қалғандығы еді. Сонда, жоғарыдағы оқиғадан Леонардоның тек қана суретші емес, мүсінші, ғалым, ақын, ойшыл, музыкант, дәрігер болғанын ескерсек, ол өз бейнесін өзге әйелдің келбетінде кейіптеуінен біз біршама жайтты ұғынғандаймыз. Ондағы шексіз қиял суретшілік шеңберінен де тысқары болып тұр. Ол кезде Леонардоның мүсіншілік мінберден де биік танымы өз сипатын өзге сұлудың жанарына жасыра салуы әбден ықтимал екені шындық. Мона Лиза шын мәнінде Леонардо болып, тағдырға күліп, мүмкін жылап тұруы зор кәдік. Бірақ тарихи деректерге сүйенейік десек, ол жазған 7000 бетке жуық күнделігінде аталмыш портрет туралы бірде-бір ақпарат жоқ. Көз сенгенмен көңіл сенбейтіндей. Бізді алаңдататын не құпия сонда? Біз әуелде пайғамбарлық жайын неге айттық? Мүмкін бізді ол ойға жетелейтін Леонардоның дін тақырыбындағы жариялаған ұлы еңбектері шығар? Оның ұстазымен бірігіп бейнелеген «Шоқындыру» деген картинасындағы періште бейнесін кескіндеуден басталған пайғамбар образына деген махаббат кейін ұстазы Верроккьо қылқаламын неге жерге атып ұрғызып, қайта полотноға жақындатпады деп ойлайсыз? Бәлкім оның бойындағы пайғамбарлық пайым, ғажайып талант жай жазушыларға жан тынымын таптырмауы мүмкін ғой? Біз бұл жерде Леонардоны пайғамбар дәрежесіне көтеруден аулақпыз, әрине. Алайда Мона Лиза портретіне қарап отырып, суретші ол атақты картинаны не үшін Миланда да, Римде де, тіпті өле-өлгенше жанынан тастамауынан біз әлемдік жауһарды Икона-бейне, мәңгілік кecкiн, христиан дiнi айтатын құдайлық үш бірлік, құдай ананың, мәңгілік рухтың, әулие Иса пайғамбардың жиынтық образы бейнеленген қасиетті бояу деген ақындық көзқарас айтқымыз келетіндей. Католиктерде де, православиеде де иконаға табыну бар. Сол деңгейде «Джоконда» икона дәрежесіндегі қасиетке ие туынды болмақ деген болжамды алға тартамыз. Тура осы жерде жазушы Ырысбек Дәбейдің «Ғасырдың таңдаулы әңгімелері» жинағынан аударған «Иуданың кескіні» атты ғаламат туындыны айтпай кету мүмкін емес. Әңгімені қысқаша баяндайтын болсақ, бір шебер суретші шіркеу қабырғасына Ғайса пайғамбардың ғұмырнамасын салады. Иса мен Иуданың бейнесіне кейіпкер іздеп жүрген суретші бір күні ойнап жатқан бірнеше баланың ішінен бір балаға көзі түседі. Ол бала бетінен нұры төгіліп тұрған нағыз періште болмысты болады. Суретші әлгі баланы үйіне алып келеді. Күн артынан күндер өтіп, суретші қасиетті нәрестенің бейнесін салып бітеді. Бірақ суретші әлі де Иудаға үлгі болатын жан таппай қиналады. Қаншама жыл өтсе де Иуда бейнесі таптырмай қояды. Алайда қартайған суретші ұлы оқиғаны, Иуданы күтуде еді. Суретші тіпті шарапханаларда жүретін болады. Бір күні ол отырған шарапханаға «Шарап, шарап» деп бір маскүнем кіре құлайды. Оны сүйей берген шебердің маскүнемге қараған бетте жүрегі су ете түседі. Себебі әлгі маскүнемнің бетінде адам төзгісіз опасыздық, сатқындық, қастандық менмұндалап тұрады. Оны дереу үйіне алып кетіп атақты фресканы аяқтауға кіріседі. Бір-екі күн бойы шарапқа мас кейіпкер ештеңеге мән бермейді. Бірақ ол айыға келе сиқы қаша сасқалақтап, өң-түсі өзгере бастайды. Қатты абыржып, алақ-жұлақ ете бастаған кейіпкерінен суретші мән-жайды сұрап, көмектесуге дайын екенін айтады. Сонда әлгі маскүнем кейіпкер бетін басып қыстығып жылап жібереді. Үнсіз ғана «Сіз шынымен-ақ мені танымадыңыз ба? Осыдан қаншама жыл бұрын сіз мені осы жерге қасиетті нәрестенің, пайғамбардың кескінін салғанда да алып келіп едіңіз ғой», дейді… Бұл әңгімеге ұқсас Леонардоның да басынан өткен оқиғасы бар. Миланда Леонардо мәңгілік қолтаңбалардың бірі Санта Мария Грация монастыры асханасының қабырғасына «Құпия бас қосу» фрескасын бейнелейді. Аталмыш классиканы кескіндеу кезінде Леонардо Исаның елесін елдің ішінен алды деген болжам бар. Иуданы сомдау үшін де бір қылмыскерді кейіпкер қылып алған. Алайда ол ғибадатхана иесіне ұнамаса керек. Ыза боп кеткен суретші сонда «Онда Иуданың орнына шіркеу қызметкерінің өзі тұрсын!» деп айғай салыпты… Бұдан шығатын қорытынды, тозақ та, жұмақ та адамның өз жүрегінде деген тәмсіл. Жоғарыдағы келтірілген бірнеше мысалдардан біз, суретші Леонардоның қылқаламында пайғамбар кескіні өмір бойы қалыпталып келгенін аңғарамыз. Атақты Мона Лиза да сондай құдайлық мінажаттан туған ұлы шығарма дер едік. Сөзімізді Абай хакімнің «Сократқа у ішкізген, Жанна д Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім?» деген сөзімен түйіндеп, көкірек көзі көмескі қоғам сол заманда пайғамбарларын көмуге асыққан болса, бүгінде көруге асық күйде Лувр босағасын тоздырып келеді!..
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
egemen.kz: https://egemen.kz/article/166425-zhaqandyq-madeniet-dgauqarlary-ddgokonda-dgumbaghy
© egemen.kz