Хлорлы көмірсулар

Органикалық қосылыстардың ішінде, әсіресе, галогенді көмірсулар мен полициклді ароматтық көмірсулар (ПАК) қауіпті.
Галогенді көмірсулар. Бұл топқа бір немесе бірнеше көміртегі атомдары хлор, бром, йод немесе фтормен алмасқан органикалық қосылыстар жатады. Хлорлы көмірсулар кең таралған. Олардың көпшілігі тұрақты, ағзалар оларды жеңіл сіңіреді және жекелеген мүшелер мен ұлпаларда жиналуға қабілетті. Мысалы, поливинилхлорид (ПВХ), полихлорды бифенилдер (ПХБ), ДДТ (пестицид), тетрахлорфенол және тетрахлорэтилен (еріткіштер). Бұл топқа өте улы зат — диоксиндер де жатады.
ПВХ мен винилхлорид бауырдың қатерлі ісігін, тері, сүйек пен аяқ-қолдың зақымдануынан көрінетін винилхлоридтік ауруды туғызады. Ұзақ уақыт бойы винилхлорид қауіисіз деп есептеліп келді. Оны аэрозоль баллондарында газ-тасымалдаушы және медицинада наркоз ретінде қолданып келген. Тек 70-жылдары ғана оның улы қасиеттері анықталды.
Белгілі ДДТ (дихлордифенилдихлорэтан) да хлорлы көмірсуларга жатады. 1939 жылы Моллер бұл заттың инсектицидтік қасиеттерін анықтады. Бұл препараттың 15 млн. тоннасы жер шарының барлық дерлік аймақтарында қолданылған. Антарктиданың өзінен шамамен 25 мың тонна ДДТ табылған. Кейіннен ДДТ май ұлпалары мен ана сүтінде жиналатыны белгілі болды. 70-жылдардан бастап бұл инсектицидті қолдануға тыйым салынды. Бірақ жоғары дәрежеде тұрақтылығына байланысты (ыдырау мерзімі 50 жыл) ол қоректік тізбектерде әлі де интенсивті түрде айналымда болып келеді.
Диоксиндер қазіргі белгілі улы заттардың ішіндегі ең күштілерінің бірі. Диоксиннің канцерогенді, мутагенді, тератогенді әсері анықталған. Ол әйелдің бала туу қабілетіне әсер етеді. Диоксиннің көп бөлігі (шамамен 200 кг) қоршаған ортаға американдықтардың Вьетнамда қолданған дефолианттары түрінде шығарылды. Нәтижеде тек вьетнамдықтар ғана зардап шеккен жоқ шамамен 20 мың американдықтарды да қамтыды.
Фенолмен улану бауырды, бүйректі, қанды зақымдайды. Ағзаның тұқым қуалау қасиетіне де әсері анықталған. Сонымен қатар канцерогенді және тератогенді әсер етеді.
Халықтың денсаулығына метанол немесе метил спирті өте қауіпті. Түсі мен иісі бойынша оны этил спиртінен айыру өте қиын улы зат. 30—100 мл мөлшері адамның өліміне әкеліп соқтырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *