Экологиялық қоғамның құрылымы

Экологиялық көзқарас түсінігі. «Қоғам-табиғат» жүйесіндегі адамның алатын орны. «Қоғам-табиғат» жүйесіндігі экологиялық көзқарас.
Экологиялық көзқарас – тұлғаның ішкі сұраныстарынан туындап, объективті дүние мен ондағы адамның алатын орнына, адамның өзін қоршаған шындыққа және оған қатынасына байланысты қалыптасатын дүниетанымы мен көзқарастар жүйесі.
Адамзаттың табиғатпен саналы қатынас жасауы, оған құрметпен қарап құндылығын бағалауы ежелден қалыптасқан түсінік. Сол себепті оны тарихи -философиялық ғылымдардағы ой-пікірлермен тығыз байланыста қарастырған жөн. Аристотель «Заттың бастамасы тек материя түріндегі бастама… табиғаттан тыс еш нәрсе жаратылмайды және еш нәрсе өлмейді, олар мәңгілік сақталып қалады»,- деп табиғат құндылығын сақтауды мұрат етсе, Гераклит «… табиғаттың өзі көп сырын аша бермейді, адамдардың көпшілігі әбден тойынған, сол себепті олар табиғат сырын түсінуге талпынбайды»- дейді, ал неміс философы Л.Фейербах болса «адам табиғаттың ең жоғарғы нәтижесі, сондықтан оны табиғаттан бөліп қарастыруға болмайды»,- деп ой түйіндейді. Философтардың зерделі ой-тұжырымдарынан мынадай қорытынды шығаруға болады: біріншіден, табиғат заңдарын өшпенділікпен бұзу жағдайында, адам тарапынан көрсетілген зорлықта табиғат өзінің қасиетін жоғалтып, өсіп-өну қабілетінен айрылады; екіншіден, табиғаттың даму заңдарын білмейінше, табиғат пен адам арасындағы қайшылықтарды туғызған себептермен емес, оның зардаптарымен күресуге көп күш-жігер жұмсалады, үшіншіден, табиғатты тек білімді адамдар ғана түсінеді, адамдардың табиғат туралы білімі, тәрбиесі болғанда ғана, олардың қоршаған ортаға деген аялы көзқарасы қалыптасады.
Жеке адам мен қоғамның табиғатқа деген оң көзқарасын, ізгілік қарым-қатынасын қалыптастыруда ең алдымен кейбір әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешіп алу қажет:
— экологиялық және табиғат қорғау заңдарын жетілдіру, оларды бұлжытпай орындау;
— қоршаған ортаның тазалығы мен адам денсаулығының үйлесімділігін сәйкестендіру;
— экологиялық білім беруді үздіксіз, сабақтастықта ұйымдастыру.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының мақсатына, мазмұнына, түрлеріне, жаңа педагогикалық технологияларға негізделген әдіс-тәсілдерге байыптап қарап, бағамдау үшін біз үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының философиялық-педагогикалық генезисіне мән бердік.
«Сабақтастық», «үздіксіздік» ұғымдары даму, біртіндеп және сатылай өзгеруді білдіретін болса, белгілі бір кезеңде сандық өзгерістер құбылыстың жаңа сапаға өтуіне әсер етеді, сөйтіп өзгерістердің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі. Сабақтастықтың философиялық заңдылықтары мен мәні бірқатар ғалымдардың (Э.А.Баллер, Б.С.Батурин, А.И.Зеленков, Г.Н.Исаенко, З.А.Мукашевтың және т.б.) зерттеулерінде қарастырылып, сабақтастықтың терістеуді терістеу заңының маңызды жақтарының бірі екендігіне мән беріледі. Солардың ішінде Э.А.Баллердің көзқарасынша «сабақтастық – жүйеліліктің өзгермелі элементтерінің тұтастай немесе бөлек түрде ұйымдастырылуын сақтау тұсында болмыс пен танымның бірнеше сатылары мен кезеңдері арасындағы өзара байланысы, яғни бір жағдайдан келесі жағдайға көшуі» болып саналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *